Кітапханашы әйелдің жанайқайы

4459
Adyrna.kz Telegram

Мирамгүл Орынбасарқызы - бұрынғы кітапхана қызметкері, бес баланың анасы. Бірнеше жылдан бері дипломы мен жұмыс өтілінің барына қарамастан, ауылдық кітапханаға жұмысқа орналаса алмай жүр. Мирамгүл ханым бізге жазған хатында мекеме басшысының сот шешімін орындамай жүргенін атап өтті. Көпбалалы ананың жанайқайы «Адырна» ұлттық порталын бей-жай қалдырмады.

- Сәлеметсіздер ме, «Адырна» ұлттық порталы және оның оқырмандары! Мен Ақтөбе облысы, Әйтеке би ауданы, Қарабұтақ ауылының тұрғыны, бес баланың анасы - Айтуова Мирамгүл Орынбасарқызымын.

Мамандығым - кітапханашы. Қарабұтақ ауылдық балалар кітапханасында бос жұмыс орны болғандықтан, әрі өзім кітапханашы мамандығын бітіргеннен кейін, «Әйтеке би аудандық жұмыспен қамту орталығына» барып, жұмысқа  тұруға жолдама алдым. Алайда, Әйтеке би аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі КММ-нің басшысы М.Аяғанұлы дипломым мен жолдамама қарамастан, жұмысқа алудан түбегейлі бас тартты. Амалым таусылғаннан, аудандық Әйтеке би сотына жүгініп, көмек сұрадым. Сот мемлекеттік мекемеге  мені кітапханашы ретінде жұмысқа қабылдау міндеттелсін деген шешім шығарды. Сот отырысында К.Жарымбетов кітапхана жүйесіне Коворкинг орталығын ашу үшін  қысқарту процесі жүргізіліп жатқанын айтып, мені  жұмысқа қабылдау мүмкіндігі болмай тұрғанын түсіндірді. Кейіннен ұйғарым бойынша сот менің талап арызым қанағаттандырылсын деген шешімге келді.

Бармаған жерім, баспаған тауым жоқ. Талай есікті қақтым, ешкім арызыма құлақ салмады.  Негізгі мамандығым кітапханашы болғанына қарамастан, ауылдық кітапханаға жұмысқа кіре алмай отырмын. Сот шешімі мүлдем орындалмады. Осы уақыт аралығында кітапхана өз жұмысын тоқтатпады. Коворкинг орталығы да ашылған жоқ. Мен жұмыс сұрап жүрген кезде бір емес, екі  жұмыс орны босады. Біреуіне жас маман,  біреуіне тағы бір адам келді. Ал менің шағымым  қаралмай қалды. Сот орнына барсам, олар  кәсіподақ шешімін әкелуімді талап етіп отыр. Алайда, кәсіподақ бұл мәселені шеше алмайтынын жеткізді.

Сіздерден әділдік орнатып берулеріңізді сұраймын.  Менің жанайқайым жоғары жаққа жетіп, сот шешімі орындалса екен.

«Адырна» ұлттық порталы мәселенің анық-қанығына жету мақсатында «Әйтеке би аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» КММ-нің басшысы М.Аяғанұлына хабарласты. Басшы жауап беруден  бас тартты.

Құрметті ҚР Мəдениет министрлігі, Ақтөбе облысының Әділет департаменті, Ақтөбе облысының прокуратурасы! Сіздерден  оқиғамен танысып, тиісті шараларды қолдануларыңызды сұраймыз!

 

 

 Дайындаған: Диана АСАНОВА

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер