Қыдырбек Рысбек. Тас жұдырық (видео)

4985
Adyrna.kz Telegram

26 сәуір – Асылбек Қилымовтың туған күні!

Асылбек Қилымов - ССРО чемпионы (1984), ССРО чемпионатының екі дүркін күміс жүлдегері (1985, 1986), ССРО кубогының жеңімпазы (1984).

1984 жыл. Ташкент. Ақпанның наурызға ұласар тұсы. Күн азынап тұр. Боксшылардың салмағын өлшейтін аумағы атшаптырым бөлменің қабырғасын қырау басқан. Тон, жылы шекпен киген қазылар мен мамандар қорбаң-қорбаң етеді.
Асылбек тұттай жалаңаш күйінде кірге аяқ салды. Мұздай темір табанынан өтіп, мидан бір-ақ шықты. 75,700 кг!
- Қилымов, 40 минутта 700 грамнан арылуың керек! – Қасқабас төрешінің үнін құлағы дыңылдап әрең естіді. Көзі бұлдырап, аяғында әрең тұр. Тісі тісіне тимей сақылдайды. Бапкері Александр Драч мұның иығына тұлыбын жауып, қолтықтаған күйі бұрышқа алып кетті.
-Тез киін! – Александр Александрович Асылбекті балаша киіндіре бастады.
-Тез,тез!
Асылбектің басы айналып, айнала дөңгеленіп барады.
- Не болды?! Тұр, аздап секір! – Александр Драч Асылбекті белден қапсыра құшақтаған күйі аяғынан тік тұрғызды.
Бұл болса , қас-қағымда қалайша киініп үлгердім деп, өз-өзіне таң. Тұрған орнында секірген болады. Буын-буыны дір-дір етеді. Тілі аузына сыймай кеуіп барады. Тағы да көзі қарауытып, дүние шыр айналды. Александр Александрович жағынан тартып-тартып жібергенде есін жиып алды да, бапкері ұсынған қолғапты киді.
Тұлыбын шешпеген күйі Драч көлденең тартқан тоспаны ұрған болады. Қолда қуат жоқ. Екеуі жарты сағат азаптанып, азынаған суықта тағы да анадан жаңа туғандай күйде салмағын өлшеді. 75,200!
Бұл жолы табанын қарыған суықты елеген жоқ. Есі-дерті темір белдеудің бойында зыр қаққан бармақ басындай белгіде. Көзін ашып-жұмып, тағы қадалды:75,200!
Шарасыз күйде бапкеріне қарады. Александр Александровичтің ақсары жүзі сұп-сұр. Асылбек темір табақшаның үстінде әлі тұр. Драч білегінен ұстап тартқанда барып, есін жиды.
- Александр Александрович! Бір- екі рет ұрайын. Болмаса, қоя салайық.- Драчтың жанары жарқ ете қалды.
- Сен не, ересектер чемпионатына түсуге қорқып тұрсың ба?! - Александр Александрович ілкі сәт үнсіз қалды. - Асылбек, баяғыда маған айтпай Каспийдің жағасында темір сүйреп жүгіріп бара жатқаның әлі көз алдымда. Сен не, жеңілу үшін , шегіну үшін жүгірдің бе сонда?!


Біреу дырау қамшымен осып-осып жібергендей жон арқасы шым ете қалды. Көкірек тұсы шымырлап, іште асау сезім лап етті. Жанары жалт-жұлт етіп, бала қырандай екі иығын кезек қомдап, бапкеріне тесіле қараған. « Мәссаған! Он-ақ минут уақыт бар. 200 грамды сылып үлгермесем, далада қаламын!»
Бапкері өзіне қаратып ұстаған былғары тоспаны өші кеткендей түйгіштеді. Күні бойы зорлықпен терлесе, енді маңдайына моншақ-моншақ тер тұнды. Тұла бойы жеп-жеңіл. Көз алдында Каспий жағалай жүгірген бала шағы құлдыраңдап өте шықты. ...Теңіз төсі дүркірей көшіп, алай-түлей күйге түскен. Таудай толқындар бірін-бірі ентелей қуып, күркіреп, бұрқ-сарқ қайнап, жағаға асығады. Салмағы 25-27 кг. тартатын үшкіл темір сүйреткен қара бала теңіз жағалай қан сорпасы шығып, ебіл-дебіл жүгіріп келеді. Екі ұшы темір сүйретпеге байланған қыл арқан кеуде тұсында. Қос қолымен арқанды қыса ұстаған бойда тістеніп, өршеленіп жүгіреді. Дауыл шайқаған теңіз беті қалай буырқана долданса, арманшыл бала жүрегі кеудесін жарып шығардай тынымсыз тулайды.
Бала арманы толқынмен жарыса тулайды. Қара баланың кішкентай білегі қайыңның безіндей. Жұдырықтай жүрегі асау теңіздей шалқып жатыр. ...Тұлыпты шешкен бойда аяғының ұшымен жүгіре басып, кірге тұра қалды. 75.00 келі!
Александр Драчтың жүзіне лып етіп қан жүгірді. Асылбек өз көзіне өзі сенер емес. Асханаға бапкерінің сүйеуімен әрең жетті. Александр Александрович бір кесе шәй ішкізіп, бір тілім ет асатты. Сосын бөлмеге әкеліп, балаша өбектеп төсегіне жатқызды. Тілінің астына бір тілім лимон салып, «ұйықта» деді. Сілекейі шұбырып біраз жатқан Асылбек кірпігі қалай айқасқанын білген жоқ.
Ташкент шаршы алаңындағы алғашқы айқасында атақты Вячеслав Чепайкинмен қолғап түйістірді.Үшінші раундта Асылбектің оң жұдырығы Чепайкинді мұрттай ұшырды.
Өзбекстандық Хәкім Матчановты екі рет нокдаунға түсірген Асылбекті жартылай финалда Совет одағы біріншіліктерінің бірнеше дүркін жүлдегері ресейлік Егор Илинзеер күтіп тұрды. Қазақ жігіті қарсыласын алыстан көздей ұрып, сауатты айқасты. Асылбектің тік соққылары Егордың есін алды. Илинзеер Қилымовты торға түсіре алмай, бармақ шайнады. Қазылар бірауыздан Асылбекті жақтады.
Алда - шешуші айқас. Қарсыласы- ССРО чемпионы, Совет одағы спартакиадасының күміс жүлдегері, минскілік Александр Беляев. Бұған дейін шаршы алаңда 224 рет айқасқа түскен көкжалдың өзі.
Асылбектің айқас саны Александрдан екі еседей кем. Бірақ рингте бәрі керісінше өрбіді. Беляев үш раунд бойы Асылбектің шоқпардай жұдырығынан қашумен болды. Қилымов бір сәт тізгін тартқан жоқ.
Үшінші раундтың аяқ жағында есесі кетіп бара жатқан Беляев шабуылға шықты. Александрдың екі соққысы ауа қармап қалды. Асылбектің сол жұдырығы қас пен көздің арасында Беляевтің иегіне сақ ете қалды. Кірпік қаққанша оң қол тура тұмсықтан тиді.Қилымов –ССРО чемпионы!

1984 жыл. Лос-Анджелес олимпиадасына қатысудан бас тартқан социалистік мемлекеттер «Достық-84» додасының тұсауын кесті. Боксшылар бәсекесі Гаванадағы «Коллизео» сарайында өтті.
Совет одағының атынан 75 келі салмақта сынға түскен Асылбектің жолы шүу дегеннен 1982 жылғы әлем чемпионы Бернардо Комаспен (Куба) түйісті.Комас өте тегеурінді, айлалы спортшы. Рингте шиыршық атып, қолды-аяққа тұрмайтын нағыз жампоздың өзі. Шіреп ұрса, дөнен өгізді сеспей қатыратын соққысын бокстың басы-қасындағылар жыр ғып айтады.
Асылбек қарсыласының атақ-даңқына пысқырып та қараған жоқ. Аллаға сиынған бойда кеудесін тік ұстап, жұтынып шықты. Әуелі екеуі алыстан арбасып көрген. Асылбек алдырмады. Бірінші раунд Қилымовтың пайдасына шешілді. Қызуқанды кубалықтар спорт сарайын дүркіретіп-ақ тұр. Куба патшасы Фидель Кастро қос қыранның айқасын кірпік қақпай қадағалап отыр.
Есесі кетіп бара жатқанын сезген Комас Қилымовты қоян-қолтық ұрысқа шақырды. Асылбек тартынған жоқ. Қос батырдың жұдырықтары сарт-сұрт, жарқ-жұрқ етіп, көрерменді еліте түсті. Бір сәт алға өршелене ұмтылған Комас қапы қалды. Қапы қалдырған қарсы алдындағы өндірдей қазақ. Комас жұдырық сілтеген кезде бұлт етіп қарсыласының оң бүйіріне бұлт ете қалған Қилымов сол қолмен тура иектен салып жіберді. Комас шалқасынан түсті. Нокдаун! Әлде... нокаут! Жер дүниені көшіріп жіберердей гуілдесіп тұрған қалың жанкүйер қас-қағымда сілтідей тына қалды. Бернардо Комас төреші жүгіріп жеткенде басын зорға көтерді. Төреші саусағын шошайтып санай бастағанда ғана есін жиды. Ғұлама бапкер Алсидес Сагарра қап-қара боп түтігіп кеткен.
Бір кезде дирижер дүр еткізген оркестр тәрізді мың-сан жанкүйер гүр-р-р етіп, бір адамдай орындарынан атып тұрды. Қалың жанкүйердің қуатты серпіні Бернардо Комасты орнынан жұлып алды. Көзіне қан толған Комастың қос жұдырығы автоматша сартылдайды. Асылбек те аянған жоқ. Дүлей қарсыласын шықшыттан, тұмсықтан, бауыр-бүйректен солқылдата ұрды дейсің. Өзінің де талмау тұсы тыз-тыз етеді.
... Қазылар ұзақ кеңесті. Ақыры жеңіс 3:2 есебімен Комастың қанжығасында кетті. Егер Комаспен басқа жерде дәл осылай айқасса, төреші Асылбектің қолын көтерген болар еді. Кубалықтар өз топырағында өзінің әлем чемпионын бөтен боксшының алдына жығып бермейді. Жасы жиырмадан асқан көкөрім Асылбек мұны қапысыз ұқты. «Достық-84» жарысында 12 салмақтың 11-інде кубалықтар чемпион атанды.
...Арада бірнеше күн өткенде бапкері Александр Драч ертелетіп телефон шалды.
- Естідің бе, - деді Александр Александрович.
- Нені?
- Жун Суп Шин Лос Анджелес олимпиадасының чемпионы болды.
- Қалайша? - Асылбек бапкер сөзіне сенер-сенбесін білмей тұр.
- Солай. Қилымов пен Комас жоқ жерде Суп Шин мықты.
- Тағдыр деген осы екен ғой, Александр Александрович. - Асылбектің үні құмығып шықты.
- Тағдыр деген осы, інім.Әділіне жүгінсек, Олимпиада «алтынына» Қилымов пен Комастың бірі лайық. Амал не, көнеміз...
Өткеннің елесі санасында жаңғырып өтті.
1982 жылдың қазан айы. Финляндияның Тампере қаласында 13 мемлекеттің ең күшті боксшылары бас қосты. Бірінші жекпе-жекте канадалық Жерри Фрейзенді талдырып түсірген Қилымов екінші кезекте Оңтүстік Корея спортшысы Юн Суп Шинмен бетпе-бет келді. Бірінші раунд Асылбектің айқын басымдылығымен аяқталды. Екінші раундта Асылбек қулыққа басты. Рингтің бұрышына арқасын беріп, қос қолын салбыратып жіберді де, корейдің шабуылын күтті. Намыстан күйген Юн Суп Шин бір-екі рет ентелеп келді де, Асылбектің иегін діттеп, сол жұдырығын сілтеді. Асылбектің күткені осы еді. Корейдің сол бүйіріне жалт берді де, сәл еңкейіп қалған Шинді сол қолмен иектен орай ұрды. Қарсыласы еденге гүрс ете түсті. Нокаут! Шешуші сында 1981 жылғы Еуропа чемпионатының қола жүлдегері, поляк Зигмунд Госиевскийді тас-талқан қылып ұтқан 18 жастағы Асылбек Қилымов ересектер сайысының бас жүлдесін еншіледі.
Юн Суп Шин екеуі 1983 жылдың көктемінде Бангкокта «Король кубогы» атты ірі жарыстың финалында тағы жолықты. Бұл жолы да Асылбек корей жігітін жойқын соққымен сұлатып салды.
...Еменнің иір бұтағындай Асылбек көрпесін тас бүркеніп алды. Іші алай-түлей. Кеңсірігі удай ашиды.
... Асылбек Қилымов 1984 жылдың қорытындысы бойынша Еуропа рейтингінде 1-сатыға, әлемдік рейтингте 3-орынға көтерілді. Әлемдік рейтингте алғашқы екі орын кубалық Бернардо Комас пен кореялық Юн Суп Шинге бұйырды. Асылбек Комасты Гаванада нокдаунға түсірсе, Юн Суп Шинді екі мәрте нокаутпен жеңді. Қилымов осы жылы Олимпиада ойындарына, Еуропа чемпионатына қатысқан жоқ. Соның өзінде құрыш білек қазақты әлемдік деңгейдегі бокс мамандары әділ бағалады.

Қыдырбек Рысбек

Пікірлер