Серікбол Хасан: Тарихты фотосуреттен көрудің әсері бөлек

3305
Adyrna.kz Telegram

 – Соңғы кездері қазақ тарихына қатысты суреттерді жиі жариялап жүрсің. Елдің аңсар-ықыласы жаман емес. Тарихи суреттерді қайдан аласың?

– Тарихтың айнасы – фотошежіре. Тарихты білуге деген ынтызарлық фотодеректерді зерттеуге алып келді. Нәтижесі жаман емес, бірнеше альбомға жүк боларлық мол қазына табылды. Олардың кейбірін фейсбуктағы парақшама жарияладым. Көптеген тарихи тұлғалардың суреттері табылды.

Кейбір суреттерге қатысты арнайы мақалалар жазылды, телеарналар сюжет түсірді. Мен тарихшы не этнограф емеспін, журналистпін. Сондықтан, ол суреттерді әлеуметтік медиа немесе дәстүрлі публицистика тілімен жеткізуге тырысып жүрмін.

Пышақтың екі қыры бар ғой. Сол сияқты, интернеттің де жақсы және жаман жағы бар. Бұл енді оны өзіміздің қалай пайдаланғанымызға байланысты. Интернетті дұрыс пайдалансаң, онда мол азық жатыр. Сол азықтың бірі – осы фотосуреттер. Қазір түрлі архивтер, музейлер, кітапханалардың сайттары бар. Суреттердің көбін солардан алып жүрмін. Мәселен, Петербордағы Антропология және этнография музейінің сайтында қазақ тарихына қатысты өте көп сурет бар. Мұнда қазақтың этнографиясына қатысты мыңдаған фотосурет сақталған. Сол сияқты, АҚШ-тың Конгресс кітапханасында, Францияның ұлттық кітапханасында қазаққа қатысты түрлі альбомдар мен фотодеректер сақталғанын айта кетейін.

kazaktar

Бақуатты қазақтар

 

– Бұл фотоларға қарағанда негізінен ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басындағы кезең екені білінеді. Фотоархивтердің бұған дейінгі іздеушілері болып па?

– Қазақтың тарихына қатысты суреттердің көпшілігі дәл осы кезеңде түсірілген. Фотографияның тарихы да осы кезден басталады. Қазақ даласына ХІХ ғасырдың ортасынан бастап көптеген фотографтар келген. Олар жай фотографтар ғана емес, саяхатшылар, зерттеушілер, этнографтар болды. Ішінара әскери адамдар, барлаушылар да қазақ даласын суретке түсіріп, иллюстрациясын бейнелеп тарихта қалдырды. Кей суреттер ар­найы экспедициялардың нәтижесінде түсірілген. Мәселен, 1851 жылы жарыққа шыққан суретші А.Померанцевтің альбомын алайық. Бұл аль­бом­ның қазақ үшін құндылығы сонда, қазақтың біраз тұлғалары бейнеленген. Мұнда «Большой орды Султан Мамыр-хан Рустемов» деген сурет бар. Суреттегі Мамырхан сұлтан – Абылай ханның тікелей ұрпағы. Абылайдың Бабақ ханымнан (Қашқар бегінің қызы) туған Рүстем деген ұлы болған. ХІХ ғасырдың басында Рүстем сұл­тан арғын руы мен Көкшетау уезін басқарған. Суреттегі Ма­мыр­хан сұлтан сол Рүстемнің ұлы.

Сол сияқты Самуил Дудин, Александр Мелков, К.В.Щенников, П.Ко­шаревтің суреттері арқылы байырғы қазақтардың тыныс-тіршілігінен, олардың этнографиясынан хабардар болдық. Генерал Кауфманның басшылығымен құрастырылған «Түркістан альбомында» да қазақ тарихына қатысты құнды суреттер бар.

Этнограф, фотограф Самуил Дудин 1899 жылы Семей өңі­ріне фотоаппаратын сайлап барған. Осылайша, қазақтың күнделікті өміріне, тұрмыс-тіршілігі мен әдет-ғұрпына қатысты коллекциялар жинақтады. Дудин­нің коллекциясындағы қазақ тұрмысын бей­нелейтін фо­тосуреттер ретінде асық ойнап жүрген балалардың, дәрет алып, намаз оқуға ниеттенген ерлердің, сабын қай­на­тып, сиыр сауып, жүн сабап отырған әжелердің, күрескен балуан­дардың, етікшінің, домбырашының, киіз үйдің ішкі кө­рінісінің су­реттерін атауға болады. Одан бөлек, өрнекті ке­беже, адалбақан, ағаш аяқтар, тостағандар, ерлердің бас киімі, оқ­шантайы, кісе белбеу, әйелдер әшекейлері, сырғалар, жү­зіктердің де су­реті бар.
Дудин осы экспедициясы ке­зінде Баянауылда болып, атақты Мұса Шормановтың ауылына түскен. Мұсаның ағасы Иса ақсақал ауылдың ау­қатты байларының бірі екен. Сол кісінің үйінде болып, отбасы мүшелерін суретке тартқан. Суретшінің коллекциясындағы «Домашний костюм богатой замужней женщины», «Богатая казашка с детьми», «Свадебная сценка», «Семья богатого ка­заха» деген сол кездегі суреттер. Мәселен, «Домашний костюм богатой замужней женщины» деген ақ кимешек киген қазақ әйелінің суретін алайық. Бұл әйел Иса ақсақалдың келіні Ма­ғида Шорманова екен. Мағиданың анасы Бәдігүл – Шың­ғыс Уәлихановтың қызы. Демек, бұл кісі Шоқанның жие­ні.

Mamyrkhan sultan

Мамырхан сұлтан

 

1908-1909 жылдары К.В.Щенников Ақмола облысына қа­расты Атбасар, Петропавл уездерінде болды, ал 1910 жылы Семей облысының Павлодар уезіне экспедицияға шықты. Осылайша, ол да қазақтың өміріне, малшаруашылығына, тұр­мыс-кәсібіне қатысты суреттер мен жәдігерлерге қол жет­кізді. Мәселен, К.В.Щенниковтің Кунсткамерада сақталған «Семьи султанов Аблаевых», «Султаны с женами и дочерьми», «Султаны и казахи» деген суреттері бар. Мұндағы сұлтан Абылаев та – Абылай ханның ұрпағы. Ол жоғарыдағы айтқан Ма­ғиданың туған ағасы, яғни Бәдігүлдің ұлы. Бұл кісі қазақ ауылдарын аралап, мәдени-ағарту­шы­лық жұмыспен айналыс­қан екен. Тіпті өзінің бір үйін мек­тепке айналдырып, қазақ балаларының көзін ашқан.

1871-1872 жылдары генерал-адьюдант Констан­тин Фон Кауфманның бұйрығымен Н.Нехорошев, П.Приорев және Г.Е.Крывцов қазақ даласында болып «Түр­кі­стан альбомы» жинағын жасады. Бұл альбомда жоғарыдағы үш адам түсірген Орталық Азия аймағын мекендеген ха­лықтардың қолөнері, өнеркәсібі, шаруашылығы, мәдениеті, соның ішінде мәдени, археологиялық, этнографиялық ескерткіштеріне қатысты фотосуреттер жарияланған. Міне, осындай суреттер арқылы түрлі тың деректермен танысып отырмыз.

Рас, соңғы кездері біздің елімізде де қазақ фототарихына қатысты көптеген альбомдар, тарихи кітаптар жарық көрді. Көне суреттердің біразы сонда жарияланды. Демек, фотоархивтердің іздеушілері бұрын да болған, қазір де бар деген сөз. Дегенмен, өз басым бұрын ешқайда жарияланбаған суреттерді таныстырғым келеді. Және ол мақсатым жаймен орындалып та жүр. Әр суреттің артында бір қазақтың, бәлкім жүз қазақтың тағдыры жатқан болуы мүмкін. Біз танымай жүрген, бірақ қазақ үшін қанын берген тарихи тұлғалар қаншама? Соларды тапсам, қазаққа қайта танытсам деймін.

Alikhan3

Әлихан Бөкейханның жаңа суреті

 

– Фотоларды іздеуге құлшынысың қалай оянды? Ескі суреттерді көргенде сол кезеңдегі қазақтардың қандай қасиеттерін, ерекшеліктерін байқай алдың? Өзіңе ерекше әсер еткен сурет болды ма?

– Мектеп кезінде тарихты сүйіп оқыдым. Сол кездің өзінде тарихқа қатысты кейбір деректерге көңілім қанбайтын. Қайта-қайта түрлі сұрақ қойып мұғалімді мезі ететінмін. Оларды да түсінуге болады, оқулықта не жазылса соны айтуға мәжбүр. Кейін Алматыға келіп, университетке түстік. Басқа деректерде не жазылғанын салыстырып оқуға тырыстым. Осылайша, фотошежірелер әлеміне қалай кіріп кеткенімді өзім де байқамай қалыппын.

Ескі суреттерді көргенде сол әлемге, сол кезеңге өтіп кеткендей күй кешесің. Тарихты кітаптан оқу бір басқа. Ал фотосуреттен көрудің әсері мүлдем бөлек.

Фотодағы қазақтан не байқағанымды айтайын ба? Бәрінің көзінде мұң бар секілді. Тіпті еңбектеген балаға дейін еркіндіктің не екенін білмейтін торда қамалған құс секілді көрінеді маған. Ақ патшадан зәбір көрген, азаттық ала алмай қор болған қазақты көремін.

Рас, кейбір суреттердегі қазақтар айбынды көрінеді. Құсасын білдіргісі келмейтін қазақтың қайсарлығын көрсеткісі келгендей. Мәселен, Ресейдің Мәрмар сарайында сақталған Есет батыр Көтібарұлының суретін алып қараңызшы. Жанарында жасырылған жұмбақ бар. Патшаның қылышы төбесінде ойнаса да, жігерін жасытпаған. Сондай қайратты, мінезді. Бұл сурет Романовтардың тұяғы – Констан­тин Николаевич пен Константин Константиновичке тие­сілі фотоқұжаттар арасынан табылды.
Суреттің анықтамасында «Исет Кутебаров, Чик­линского рода, киргиз. Батыр, известный по всей За­уральс­кой степи» деген жазу бар. Суретті 1858 жылы

Қазақ даласына келген граф, полковник Н.П.Игна­тьев пен артил­лерия подпоручигі Муренко түсіріпті. Сол сияқты Кунсткамерада сақталған Мағида Шорманованың суретінен де қазақ әйеліне тән биязылықты, имандылықты байқадым.

Alikhan3

Әлихан Бөкейханның жиынға қатысқан сәті

 

– Жуырда Әлихан Бөкейханның бұрын белгісіз болып келген бірнеше суретін жарияладың. Бізде алаштанушы ғалымдар, алаш тақырыбына қызығатын ізденушілер көп қой. Осы суреттің тарихы мен маңызы жайлы айта кетсең.

– Революцияға дейінгі жылдары Петерборда Карл Булла деген фотограф өткен. Оны орыстар «ресейлік фоторепортаждың атасы» санайды. Міне, сол кісі Әлиханды Бірінші Дума депутаты болған кезінде суретке тартыпты. 1906 жылы Әлихан төрт айдай түрмеде отырып, Петерборға енді жетем дегенде патшаның үкімімен Дума таратылған. Бұған қарсы болған Думаның бірнеше депутаты наразылық актісін қабылдау үшін Финляндияның Териоки мекеніне жиналған. Сол экс-депутаттардың арасында біздің Әлихан атамыз да болған екен. Олар халықты патшаның бұйрығына бағынбауға шақырып, «Выборг үндеуіне» қол қойған. Териокидегі осы тарихи сәтті Карл Булла бастан-аяқ суретке түсірген екен. «Искры» журналының 1906 жылдың 30 маусымындағы №30 санында «Выборг үндеуіне» қатысты бірнеше сурет жарияланыпты. Журналдың 389-бетінде бақ ішінде жиналыс құрып жатқан экс-депутаттардың суреті берілген. Арасында Әлихан Бөкейхан да бар екен. Атамыз орындыққа жақсылап жайғасып, қырынан қараған күйі терең ойға батып кетіпті. Тағы бір суретте Әлекең «Выборг үндеуі» жарияланған газетті қолтығына қысып, темекісін тартып тұр. Енді бір суретте дастарқан басына жайғасқан. Бұл суреттер бұрын қазаққа мүлдем бейтаныс болып келді. Сондықтан, Әлихан атамыздың мерейтойына жасаған сыйым болсын деп елге таныстырдым.

kazakh khany

Қазақ ханы жұбайымен

 

– Мұрағаттардан табылған суреттердің дерек-дәйектерін тереңірек зерделеу мүмкін бе? Бізде сонымен айналысатын ғылым яки ізденуші-ғалымдар бар ма?

– Қазақ фотошежіресін зерттеп жүрген ғалымдар бізде болуы керек. Ол жағын анық білмеймін. Өз басым фотошежіреге журналист ретінде қызығушылық танытып жүрмін. Арнайы ғылым ретінде дамытуды тарихшы, этнографтардың еншісіне қалдырғанымыз дұрыс болар. Ал жалпы зерттеймін деген адам үшін бұл қызық та қиын тақырып. Қызығы сол, ізденген үстіне іздене бересің. Тың деректерге қанығасың. Қиыны сол, ұзақ процестерді бастан өткеруге тура келеді.

Жалпы, менің ойымша, қазір тарихты таныстырудың жаңа үлгісі жасалу керек секілді. Тарихты фотосуреттермен, картиналармен, иллюстрациялармен қабыса түсіндірсе, жастардың қабылдауына, есте сақтауына жақсы әсерін тигізер еді. Әсіресе, фототарихты лонгрид секілді заманауи форматтарға салып ұсынсақ, тіптен қатып кетер еді. Бұл енді болашақта жасалатын қадамдар деп білемін. Еліміздегі музейлерді де модернизациялау қажет! «Музей түні» деген секілді жаңа ізденістерге бармаса болмайды. Қазақты өз тарихын білуге қызықтыра алмасақ, тарихтан сабақ алмасақ, ертең ұлт ретінде ұйысуымыз қиын болады.


Сұхбаттасқан Т. ТАҢЖАРЫҚ,

"Қала мен дала".

 

Пікірлер