Тәуелсіздік талабы. Алжир парламенті Францияның отарлау кезеңін қылмыс деп таныды

88
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/8na4WxvZFZT24qoCuVHGy9pok1ycsP5Q4jWD74pt.jpg

Алжир парламенті Францияның елді отарлау кезеңін қылмыс деп танитын заң жобасын қабылдады. Құжатты депутаттар бірауыздан қолдады. Заң жобасына сәйкес, Франция Алжирдегі отаршылдық өткені мен оның салдарынан болған трагедиялар үшін заңдық жауапкершілік көтеруге тиіс, деп хабарлайды "Адырна".

Парламент 1830–1962 жылдар аралығындағы француздардың отарлауын қылмыс деп танитын заң жобасын бірауыздан қолдап дауыс берді.

Құжатта Францияның «Алжирдегі отаршылдыққа және оның әкелген трагедияларына заңдық жауапкершілігі бар» екені атап көрсетілген.

Заңда «француз отарлауының қылмыстары» қатарына ядролық сынақтар, соттан тыс жазалау, физикалық және психологиялық азаптаулар, сондай-ақ ресурстарды жүйелі түрде тонау енгізілген.

Сонымен бірге заң жобасында «француз отарлауы салдарынан келтірілген материалдық және моральдық залалдың толық әрі әділ өтемақысы Алжир мемлекеті мен халқының ажырамас құқығы» деп көрсетілген.

Алжир мен Франция арасындағы қарым-қатынас Батыс Сахара мәселесіне байланысты ушыға түсті. 2024 жылдың шілдесінде Париж Марокконың автономия жоспарын қолдағаннан кейін, Алжир Франциядағы өз елшісін кері шақырып алды. Алжир көптеген жылдар бойы өңірдің өзін-өзі анықтау құқығы үшін күресіп келе жатқан Полисарио майданын қолдап келеді.

Франциядан тәуелсіздік алу жолындағы алжирліктердің күресі 1954 жылғы 1 қарашадағы көтерілістен басталып, 1962 жылы тәуелсіздікке қол жеткізумен аяқталды. Бұл күрес шамамен 1,5 миллион адамның өмірін қиды.

Тарихшылар мен құқық қорғаушылар француз отаршылдығы кезеңінде алжирліктер арасында орасан зор адам шығыны болғанын айтады. Алжир адам құқықтарын қорғау лигасының (LADDH) дерегінше, «1830 жылдан бері 10 миллионнан астам алжирлік қаза тапқан».

Франция бүгінге дейін Алжирдегі отаршылдық қылмыстар үшін жауапкершілікті толық мойындап, қабылдаған жоқ.

Алжирде жыл сайын 18 ақпанда елдің тәуелсіздігі үшін күрескендер мен француз отарлауынан азат етілуін еске алу мақсатында Муджахидтер күні атап өтіледі.

Пікірлер