Салтанат ҚАЙЫРБЕК. Көрдім мен...

4021
Adyrna.kz Telegram

Салтанат Қайырбек

1995 ж, 4-тамызда дүниеге келген. 

2013 - жылы Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды Мемлекеттік Университетінің "филология" факультетін тәмәмдаған.

2018 - жылы Қазақ Технология және Бизнес университетінің  "Мемлекеттік және жергілікті басқару" мамандығы бойынша магистрлік  білім алып шыққан.

Бүгінде жас кәсіпкер, тұрмыста, бір ұл бала тәрбиелеп отыр.

Көрдім мен...

Құздағы тасқа ілініп,

Барыстың құламағанын.

Адамның,

Жүрсе де жығылып, сүрініп,

Жәрдем сұрамағанын.

Баласының 

"Әпер" деп жыламағанын.

Жаратып киіп, таққанын ұнамағанын.

 

Тірлікке жеккен көңілін 

Ешкіммен жарастырмағанын.

Меншігім-ау деп өмірін қарастырмағанын.

Қайтер екен деп құдайы,

Бал аштырмағанын.

Артықша туған болса да,

бақ таластырмағанын.

 

Үй күшігінің

Боранда жаурамағанын,

Жем-құсын ауламағанын.

Сәбидей көңілді,

Ісімен баурамағанын.

...Солам деп жүріп солмағандығын,

Гүлдердің нәзік болмағандығын.

Пайда көрмесе иіліп майыспағанын,

Елге күн туса,

Қабырғасы қайыспағанын.

Көңілі қаламағанын айтпауға 

Жарамағанын.

 

Бұл күнде...

Бабадан қалған даламда,

Мансапты қызық көргенін.

Атағын айтып тізіп бергенін.

Қазына сыбағаларын-

Халыққа мүжіп бергенін,

 

Көрдім мен.

 

***

Құмырысқаның илеуіндей қыбырлаған қалада.

Сүйкімді боп өтіп барам, ұқсап аңғал балаға.

Өлең!

Өлең!

Оқып берем о, кімге?!

Мен елеусіз кетіп барам бұл қаладан көпірде.

Жүргізбейді жолдар, жолдар...

Болса дағы теп-тегіс.

Сезім сірә, бөгеп тұрды, емес мына кептеліс.

Қала сырты.

Аялдадым.

Құю үшін жанармай.

Жеткенімше тулар жүрек, соны өзі жағардай.

 

....Үлкен емес мына қала.

Жарық емес ана(у) шам,

Бір әлемді көрер едің,

Сен биіктен қарасаң.

 

***

 

Ол кезде жасым төртте ме, әлде үште ме,

Махаббат жайлы білуші едім кішкене.

Үйге кіремін сусабын аңқып жүрсем деп,

Тамақ ішуге келмесем дағы түсте де.

 

Даланың қызы, сыймайтын едім үйге шын.

Табиғатпенен жүрегім нағыз үйлесім.

Окопта ойнап былғаған киім ауысып,

Ән салу үшін ақ көйлегімді кигесін.

 

Алып теректер төбемнен төніп қараса,

Алма бақ аула, көк шалғын көркі тамаша.

Қара барқытқа алмаздар шашып алғандай,

Қою түндердің масалы болғанын қарашы ә?

 

Жақсы ғой жақсы, өмірді сүру дін аман.

Жұлдызға қарап, ұнады маған ұнаған.

Жұлдыздар сірә, іңкәр жандардың жасы ғой,

Аспанға тамып құлаған.

 

Әйнектен өтіп күншуақ мені тапқанда,

Құстардың әні сүйемел еді ақ таңға.

Құстарға, маған қошемет қылған жапырақ-

Ауаны тырнап сарғайып құлап жатқанда,

 

Жапырақтарсыз, құстарсыз қалмай еш ұғым,

Мен қалып қойдым.

Сұрақтың таптым шешімін:

Ұнатқаны үшін кішіреді екен адамдар,

Ұнаған үшін сұрап үйрендім кешірім.

 

***

Бәрін өзімнен көрер ем.

Тәуіп емеспін, көреген.

Сәттерді сұлу сындырып кеттім,

Салмақтап оймен, өремен.

 

(Сәттер-ай сәттер,

 шуаққа мені бөлеген...)

 

Көңілге мамық,

Өлеңге үрпек төсеген,

Нөсермен бірге арайлап тұрып өсер ме ем?

Мұрша бермесем, мұрша бермесем уақытқа,

Кетіп қалар ма ем, осы елден?

***

SOLO

 

Сылдырлар , сыңғырлар үдеді.

Бір дауыс шығады, біледі.

Бұл өмір ақырын бастаған әншінің 

Шыңғырып тұрғанын жүрегі.

Біледі.

 

Талғам - тау.

Көкірек бірақ өр емес.

Айналма соқпақтар - қырсықтау адамға жол емес.

Құрандай аялап айтамын бір әнді,

Бір өзім. 

Хор емес.

 

Жаныңда қалмайды ешбірі.

Өстиді.

Ақылым өзімді өнерге кеш қиды.

Өмірде xорды құлақтар тыңдайды,

Солоны жүректер  естиді.

 

***

Артқан сенім үзіліп,

Басқан сенім шытынап.

Қаз қатар боп тізіліп,

Көңілімнен сытылад(ы)

 

Алпауыттай алыпқа

шуақ шашып шартарап.

"Қарлығашым, қамықпа"

Десе шіркін қалқалап...

 

Сенім баспалдақтары - 

Тигізбеді табанды.

Жаным дәру таппады,

Ұштай берді қаламды.

 

***

Дәметем құдай,

Сарқытыңменен сыйыңнан.

Есілге барып сезімді құям сұйылған.

Көзімнің жасын төгемін сосын, тыйылған.

Естелік тұрсын жамағат құсап жиылған.

Төзімнің тасын иықтан алып түсірем,

Әлсіздігімнің күшімен.

Есілге барып сезімді құям сұйылған.

Өзімді сонау шықырып алып қиырдан.

Алақанымнан ағып кеткенін көрсін деп,

Ешқашан соған толғанбайтұғын болсын деп.

Жобаңа кірмес тілектерімді қиылған,

Сарп етіп тұрып, дәметем құдай сыйыңнан.

Қуаныш берші, қуаныш берші жақыннан,

Адал өлеңнен, адал дүние - бұйымнан.

 

***

 

Кез  болар  жолыңда кім? 

Сөзімді жұтамын көп.

Жол емес,  қолыңдамын, 

Сүйікті  кітабың боп.

 

Келердей бақыт таяп, 

Құлпырды ішің  гүлдей.

Ешкімге оқытпай-ақ, 

Ешкімге түсіндірмей.

 

Далаға ала  шықпай, 

Қалдырмай үстеліңде.

Көздегі  қарашықтай-

Көзіңнен түспедім бе? 

Дәтің бар кеңесуге, 

Жүрегің  құптаған көп.

Мені  оқи бересің бе, 

Өтірік ұқпаған  боп.

 

***

Зымыран - зымыран оймен,

Келе жатамын баяу.

Өзіңді жоғалтып алу -

Өзіңді өзіңнен аяу.

 

Жаныңа қоңырау соғып,

Хәл сұрап келмейді әркім.

Көзіңде күндізгі шырай,

Көңілде кешкі салқын.

 

Релстей түп-түзу ойды-

Бөлісе-бөлісе құртып.

Өзіңді қорғайтын шақта,

Жігерсізденіп, үрікіп.

 

Мейірім жұтады кейде,

Өзіңе түсіріп салмақ.

Таптаурын - тұрақты тұрғын,

Ойыңда тұратын жалдап.

 

***

Қасиет бар-ау, көздің жасында.

Айта кетейін сөздің басында:

Нөсер мұңымды жария қылмай,

Бүркеніп ойға, төздім расында.

 

Пейілдер көзге көрінбес оңай,

Кинода да осы, өмірде солай.

Болмайтын затқа жылай салатын,

Жабырқағанда көңіл босамай.

 

Қасиет бар-ау, көздің жасында.

Айтып өттім ғой сөздің басында.

Ағзамыз жасты төкпей ме біліп,

Аяламасын, жазғырмасын да.

 

Қасиет бар-ау, көздің жасында.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер