"Кірме сөздер тілді бұзады". Әзербайжан президенті ана тілін қорғауға шақырды

306
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/cGHPPsrKs1MZkzmYvT62Y8oVZLbqe5cpiYrJ5RQb.jpg

5 қаңтар күні Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев жергілікті телеарналарға берген сұхбатында ана тілін қорғаудың маңызын атап өтті, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы Report-қа сілтеп.

Мемлекет басшысы отаршылдық жылдарында әзербайжан халқы өз тілін сақтап қалып, оны ұрпақтан ұрпаққа аманат етіп жеткізгенін еске салды. Осы орайда ол қазіргі кезеңде де ана тілді сақтау әр азаматтың міндеті екенін айтты.

Ильхам Әлиевтің сөзінше, бірнеше тілді білу – құптарлық жайт, алайда шетел тілдерін тек қажетті жағдайда ғана қолдану керек. Оның айтуынша, шет тілінен енген сөздер тілді байытпайды, керісінше ұлттық болмысты біртіндеп әлсіретеді.

«Шетел сөздері тілді бұзады, байытпайды және ұлттық бірегейлікті тамшылап, байқалмай жояды. Егер тіл жоғалса немесе бұзылса, ұлттық бірегейлік те жойылады. Ал оның соңы мемлекеттілікке қауіп төндіруі мүмкін», – деді Әзербайжан президенті.

Сондай-ақ, Әзербайжан президенті сұхбатында Ильхам Әлиев Түркі мемлекеттері ұйымының Габаладағы саммитінде айтқан бастамасын еске алып, ұйымға мүше елдердің бірлескен әскери жаттығуларын ел аумағында өткізу қажет екенін мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, қазіргі таңда Түркі мемлекеттерімен әскери жаттығулар көбіне екіжақты форматта өткізіліп келеді. Бұл бағытта Түркиямен ынтымақтастық ерекше белсенді болғанымен, басқа мүше елдермен де бірлескен шаралар жүзеге асырылуда.

«Алайда ортақ әскери жаттығулардың символдық маңызы өте зор. Сонымен қатар мұның нақты практикалық қажеттілігі де бар», – деді Ильхам Әлиев.

Сондай-ақ Әзербайжан президенті сұхбат барысында қазіргі әлемдік саясатта халықаралық құқық ұғымының әлсірегенін атап өтті. Оның пікірінше, бүгінде басты рөлді күш, ынтымақтастық, одақтастық және өзара қолдау атқарады.

Пікірлер