Бүгін – белгілі ғалым, абайтануды ғылыми негіздеуші, шәкәрімтанудың негізін қалаушы Қайым Мұхамедхановтың туған күні, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Көрнекті тұлға осыдан 110 жыл бұрын 5 қаңтарда Семей қаласында дүниеге келген. Уақ тайпасының Шоға руынан шыққан. Ол жас жеткіншек кезінен бастап өлең жазған. 15 жасында кемежайда жүк тасушы, жұмысшы, кадр бөлімі қызметкері, мәдениет қызметкері, мұғалімдік қызметтерді атқарған.
1941 жылы Семей педагогика институтының филология факультетін бітірген. Содан кейін көп жыл әдебиет пәнінің мұғалімі, Абай мұражайының директоры қызметін атқарған. 1951 жылы «Абайдың әдебиет мектебі» тақырыбына кандидаттық диссертациясын қорғаған. Әдебиетке 1930 жылдың орта шенінде келген ол алғашқыда өлең-жырлар, драматургия жанрында бірқатар шығарма жазған, тәржіме жасаумен де айналысқан.
Қайым Мұхамедханов ғұмыр бойы Абай сөзінің түпнұсқасын сақтаумен айналысқан. Абай өлеңдері мен поэмаларына текстологиялық талдау жүргізіп, әрбір шығармасына ғылыми түсініктеме жазған, ұзақ жылдар бойы бір басылымнан екінші басылымға көшетін жаңсақтықтар мен қателерді жөндеген. Сонымен бірге ғалым Абайдың белгісіз болып келген 31 шығармасын тауып, олардың Абайдікі екенін дәлелдеген.
Көрнекті тұлға Шәкәрім Құдайбердіұлының баласы Ахатпен бірге ақынның есімін ақтауда бар күш-жігерін аямады. 1958 жылы Мәскеуден Шәкәрімнің ақталғаны туралы анықтама келгеннен кейін, отыз жыл бойы Шәкәрім шығармашылығын ақтау және есімін тарихта қалдыру үшін күрескен.
Одан бөлек, Қайым Мұхамедханов – Қазақ ССР-і мемлекеттік гимні мәтінінің авторы. 27 жасында ол Республика гимнін жазып конкурс жеңімпазы атанған. Оның алғашқы жолдары: «Ер қазақ ежелден еркіндік аңсаған» деп басталады. Бұл әнұран шамамен 50 жыл бойы айтылған болатын.
Қайым Мұхамедханов – КСРО Жазушылар одағының мүшесі, әдеби аудармашы, Семейде Абайдың мұражайын ұйымдастырушы, Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығының, Жазушылар одағы сыйлығының, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының және Халықаралық Абай академиясының (Лондон) Алтын медалінің иегері, профессор, КСРО және Қазақстан халық ағарту ісінің үздігі.
Қазақ руханиятына өлшеусіз үлес қосқан ғалым 2004 жылы қайтыс болды.