Офицер қызметтен неге кетеді? Жабық саланың ашық түйткілдері

1223
Adyrna.kz Telegram

Әскери қызметкердің өз саласынан кетуі үрдіске айналды ма? Оның себептері қандай? Резервтегі қызметтің енгізілу төркіні неде? Әскерді дендеген түйткілдер қайтсе реттеледі? Жабық саланың мүшкіл мәселелері сөз болады.   

Кеше Сенат «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне резервтегі әскери қызмет және жекелеген орталық мемлекеттік органдардың функцияларын қайта бөлу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңын мақұлдады. Ал әскердегі шынайы жағдай қалай?

«КӨЗБОЯУШЫЛЫҚ БЕЛЕҢ АЛҒАН»

Аты-жөнін жазуды қаламаған сержант 20 жыл бойы еңбек еткен әскери қызметтен денсаулық жағдайына байланысты кеткенін айтады. Сондай-ақ ол әскери қызметтің даму жағынан кемшін түсіп жатқанын ескертті. 

 - Біріншіден, мен әскери қызметтен денсаулық жағдайыма байланысты кеттім. Әскери қызметте 20 жыл жұмыс істеп, денсаулығыма зиян келді. Қысы, жазы әскери қызметте жұмыс істеу оңай шаруа емес. Оңтүстік өңірде жаңбыр жауғаннан кейін артынан аяз болып, мұзды жерде жатуға тура келеді. Аяқтан, үстіңнен өткен суықтан буын, бел ауырып денсаулықтан айырыласың. Сондай-ақ оқу-жаттығу кезіндегі әртүрлі жарылыстардың дыбысынан құлақ жөнді естімей қалады, - дейді ол.

Әскердегі даму, ілгерілеуге де оның көңілі толмайды.

 - Сержант ретінде айтар болсам, еліміздің қарулы күштерінде даму процесі өте төмен. Бірінші кезекте қарулы күштер немен шұғылдану керек? Жауынгерлік даярлық жасап, елді қорғау емес пе? Қарулы күштеріміз елдің алдыңғы шебінде тұру керек қой. Өкінішке қарай елді қорғаудағы дайындығымыз өте әлсіз. Себебі көп жағдай әскери қызметте көзбояушылық белең алған. Сапалы жұмыс істеу аз кездеседі. Көпке топырақ шашпаймын, армияда нақты сапаға жұмыс істейтін мықты командирлер бар. Жауынгерлік даярлықты арттырып, сарбаздардың білімін дамытуға көңіл бөлетін азаматтар бар, – дейді ол.

«ИДЕЯ АЙТАТЫН МЫҚТЫ СЕРЖАНТ ПЕН ОФИЦЕР БАР»

Сержант әскери қызметшілердің киімі мен құрал-жабдықтары ескі екенін айтады. 

 - Ең мақтаулы деген кейбір әскери бөлімнің киімі мен басындағы каска және бронежилеттері ескіріп кеткен. Киім-кешек пен құрал-жабдықтың сапасы өте төмен. Сондай-ақ жауынгерлік даярлыққа мән беріп, оған ешкімнің жаны ашып жатқан жоқ. Осы жағы мен қатты қынжылтады. Бірақ жоғары әскери шенділер «әскерде бәрі керемет болып жатқандай» көзбояушылық көп жасайды. Тағы да қайталап айтамын, әскери қызметте қарулы күштердің мықты болуы үшін идея айтатын мықты сержант пен офицерлер бар, - дейді ол.

Әскердегі ең басты мәселе – сарбазды әлеуметтік жағынан қолдау, қорғау.

- Әлеуметтік көмекке келетін болсақ, Үкімет жалақыдан бастап пәтерге ай сайын ақша береді. Кейбір сарбаздар нарядта жүреді. Ең бірінші олар бала-шағасын асырап, ел қатарлы өскенін қалайды. Кейбір шетелдік әскермен салыстыратын болсақ, мысалы олар соғысқа да кетіп жатады ғой, бірақ олар бала-шағам «не жейді, не киеді» деп уайымдап жатқан жоқ. Себебі оларды Үкімет 100 пайыз қамтамасыз етеді. Менің ойымша, пәтерге ай сайын ақша бермей, бірден пәтер беретін болса, онда әскери қызметкерлердің ынтасы жоғары болар еді. Әскерге келген азаматты 100 пайыз пәтермен қамтамаыз етуге не кедергі? Ұзын сөздің қысқасы, әскери қызметкерлердің ең басты проблемасы – баспаналы болу, - деп шорт қайырды сержант.

РЕЗЕРВТЕГІ ҚЫЗМЕТКЕ 2 МЫҢ АДАМ ШАҚЫРЫЛАДЫ

Биылдан бастап елімізде әскери қызметтің жаңа түрі – резервтегі қызмет енгізіліп, оған ерікті түрде 2 мың адам шақырылғалы отыр. Негізгі мақсат – мобилизациялық дайындық жүйесін жетілдіру. Заңға сәйкес, әрбір адамды резервтегі әскери қызметке тұрғылықты жері бойынша шақырады.

Резервтегі әскери қызметшіге тиесілі барлық киім-кешек пен құрал-жабдық беріледі. Сондай-ақ, ай сайын ең төменгі жалақы төленеді. Биыл оның мөлшері 85 мың теңгені құрайды. Резервтегі әскери қызмет еңбек өтілі ретінде есептеледі. Ол үшін зейнетақы жарналары да аударылады.

Резервтегі әскери қызметтің мерзімі – екі ай. Ал осы қызметке шақырылған адам барлық салықтан босатылады.

Резервтегі қызмет түріне шақырылатын азаматтардың жас шегі де белгілі. Жеке құрам мен сержанттар үшін – 18 жасқа толған және 47 жастан аспаған, ал офицерлік құрам үшін – 57 жасқа дейін болуы керек.

ЖАЛАҚЫ ЖАҚСЫ МА?

Қорғаныс министрлігі резервтегі қызмет бойынша сарбаз жинап жатқанда азаматтар әскерден ат-тонын ала қашуда. Мұны Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары әрі Қарулы күштер бас штабының бастығы Сұлтан Қамалетдинов те жоққа шығармайды. 

«Ондай фактілер бар. Бұл әскери қызметкердің келісім-шартқа қанша уақытқа отыруына тікелей байланысты. Мәселен сарбаз оқу орнын бітіріп келгеннен кейін 10 жылға келісім-шартқа отырады. Осы келісім-шартқа отырғаннан кейін кем дегенде 10 жылға дейін қызмет етуі керек», - Сұлтан Бүркітбайұлы. 

Сенат депутаты Әлішер Сатыбалдиев соңғы жылдары әскерилерге әлеуметтік көмек көрсетіліп жаста да әскерден кету байқалатынын айтты.

«Иә, әскерден азаматтардың кетіп жатқаны рас. Сондай-ақ декреттік демалысқа кетіп жатқан әскери қызметшілер де кездеседі. Бүгінгі таңда әскерилердің жалақысы көтеріліп, оларды әлеуметтік қамсыздандыру мәселесі жүзеге асырылып жатыр. Оның нәтижесін жақын арада көреміз деп ойлаймын», – дейді ол.

«БІЛІКТІ МАМАНДАР АМАЛСЫЗ КЕТІП ЖАТЫР»

Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары мен Сенат депутаты әскерилердің не себепті қызметтен кетіп бара жатқанын ашып айтпады. Ал әскери сарапшы Ермек Сейітбатталов азаматтардың армиядан жаппай кетуіне әскердегі әділетсіздік себеп болып отырғанын айтады.

 - Әскерден азаматтардың жаппай кетуі өте өзекті мәселе болып отыр. Негізі білікті мамандардың әскерден кетуінің ең басты себебі әскердегі әділетсіздік дер едім. Мәселен, қызметінің ауырлығына қарай азаматтардың еңбегі жалақысына сәйкес келмейді. Сарбаз әскери қызметте уақытының басым бөлігін сарп етеді және қақаған аязбен, аптап ыстықта денсаулығына зиян келтіреді, - дейді ол.  

Ермек Сейітбатталов әскер саласында да ақша жинау барын айтты.

 - Онсыз да жалақысы әскерилерден бөлімде әртүрлі керек-жараққа ақша жинайды. Негізі ғимарат пен қару-жарақты күтіп баптауға Үкіметтен қыруар қаржы бөлінген. Бірақ қажетті қаржыны қатардағы әскери қызметкерден алып, мәселені шешуге үйреніп алған. Ұзын сөздің қысқасы, әскери қызметші онсыз да аз жалақыны отбасына түгел апармайды. Сондықтан олар қалада такси болып, әр түрлі жұмыс істеуге мәжбүр болып жүр. Өзінің отбасына көңіл бөліп, жеке өміріне назар аударуға уақыты болмайды. Сол себепті өз саласында 10-15 жыл бойы еңбек еткен білікті мамандар әскери қызметтен амалсыз кетіп жатыр, - деді әскери сарапшы. 

Ол мұндайда ресми статистикаға жүгінді.

 - Былтыр Қорғаныс министрінің бірінші орынбасары Сұлтан Қамалетдинов соңғы 3 жылда 17 мыңнан астам азамат әскерден кетті деп айтқаны естеріңізде шығар. Оның тең жартысы – талай жыл бойы оқу-жаттығуда дайындалып келген «Сен тұр, мен атайын» дейтін офицерлар. Егер 17 мыңнан астам азаматты әскери құрамдарға бөлсек, 15 бригада шығады екен. Бұл сұмдық қой?! - дейді әскери сарапшы.

ЖОҒАРЫ ШЕНДІ БАСШЫЛАРДЫҢ ОФИЦЕРГЕ ҚАТЫНАСЫ

Ермек Сейітбатталовтың айтуынша, егер әскерде әділет болса, азаматтар армиядан кетпейді. Іс барысында мәселе мүлде басқаша болып отыр. Ол жоғары шенді әскери қызметкердің сарбаздарға құлға қарағандай қарайтынын айтты.

 - Жоғары шенді басшылар офицерлар мен келісім-шарт негізінде жұмыс істеп жүрген азаматтарға адам ретінде емес, жанында жүрген құл секілді қарайды. Мұндай қарым-қатынасты тез арада реттеу керек. Менің ойымша, әскерден кетудің ең басты себептердің тағы бірі осы болып отыр, - дейді Ермек Сейітбатталов. 

Ол тағы бір сорақылықтың барын айтты. Мәселен, әскерилерге арналған ипотеканы беру кезінде лауазымды қызметкерлер қол астындағы қызметкерден ақша дәметіп тұрады. Бұл аз десеңіз әскери атақ алып, лауазымын көтерейін десе де, жоғары жақ ақша берсе екен деп тұратын көзқарастың барын әскери сарапшы жоққа шығармады. 

 - Өкінішке қарай әскери сала да саудаға түсіп, «купи - продай» болып кетті. Әскери қызметкер неше жыл бойы дайындалғанда «бармақ басты, көз қысты» жағдайды көреді. Осындай әділетсіздікті көрген адам әрине әскерден тұра қашады, - дейді ол.

 

Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
У кого болят колени и суставы - читайте пока не удалили!
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Ложку перед сном и все! За неделю уйдет 13 кг возрастного жира...
Реклама
  • ИП Попов А.П.
  • ИНН: 602715631406
Вот, что излечит ваши запястья даже в 75 лет! Нужно взять...
Пікірлер