Теңгенің тағдыры. «Ұзақ мерзімге қаржыны алтынмен жинаған дұрыс»

408
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/neyqS3Aw2oHMDGg6SFJadOa3Z5Yes7q3Iw2T4w4O.jpg

15 қараша – Ұлттық валюта күні. 1993 жылдар бері теңге – ел Тәуелсіздігі нышандарының бірі. 33 жылда ұлттық валюта гиперинфляция, девальвация, жаһандық қаржы дағдарыстары мен сыртқы нарықтағы құбылмалы кезеңдерді бастан өткерді. Қарапайым адам ұтылмас үшін не істеуі керек?

Оның бағамына мұнай мен металл бағасы, экспорт пен импорт көлемі, инвестиция ағыны және ішкі экономикалық саясат әсер етіп келеді. Теңгенің бүгінгі жағдайы қандай? Ұлттық валютаның нығаюына қандай экономикалық алғышарттар қажет? Оның құбылуы халықтың тұрмысына қалай әсер етеді және жинақты қай валютада сақтаған тиімді? Осы және өзге де сұрақтарға «Адырна» тілшісіне экономист Айбар Олжай жауап берді.

– Теңгенің 33 жылдық тарихына көз жүгіртсек, ұлттық валюта үшін ең күрделі кезең қай жылдарға тұспа-тұс келді?

— Теңгеміз эволюциялық жолымен өзін дәлелдеген. Валюта болғаннан кейін кей сәттерде қауіп те төнді. «Еуразиялық экономикалық одақтың ортақ валютасы» деген әңгімелер де кезінде айтылды. Теңге – ел Тәуелсіздігінің символы және құралы. Ал ең қиын кезең Тәуелсіздіктің алғашқы он жылдығы еді. 1993-2003 жылдардың аралығы болды.

Тәуелсіздік алғаннан кейін баға ырқына жіберілген соң елде гиперинфляция кезеңі болғанын білеміз.

Кейін теңгенің де күн сайын құнсызданып, шекті пайыздан асып та кеткен кездері болды. Сол кезде премьер-министр Терещенко болған. Кәсіпорынның бәрі бір-біріне қарыз болған аумалы-төкпелі кезең өтті.

Одан кейін жұмсақ девальвациялар болып отырды. Қателеспесем, шамамен 2008-2009 жылы импорт қатты артып, құнсыздану болды.

ТЕҢГЕ ҚҰНСЫЗДАНҒАН ЖЫЛДАР

Ұлттық банк жариялаған статистикалық дерекке сүйенсек, теңге ел тарихында 6 рет құнсызданған.  

Теңге 1993 жылғы 15 қарашада айналымға енгізілгенде, 1 АҚШ доллары 4 теңге 70 тиынға тең болды. Алайда алғашқы бір жарым айдың ішінде ұлттық валюта шамамен 12 есе құнсызданып, доллар бағамы 54 теңгеден асты. Бұған Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономикалық дағдарыс, гиперинфляция және өндірістің құлдырауы әсер етті.

1999 жылдың сәуір айында теңге күрт құнсызданды. 1 АҚШ долларының бағамы 138 теңге 25 тиынға дейін көтеріліп, ұлттық валютаның құны бір жыл бұрынғы деңгеймен салыстырғанда 64,6 пайызға төмендеді. Бұл кезеңге Азиядағы қаржы дағдарысы, Ресей рублінің әлсіреуі және шикізат бағасының төмендеуі әсер етті.

2009 жылдың 4 ақпанында Ұлттық банк теңгенің бағамын бұрынғы деңгейде ұстап тұру саясатынан бас тартып, доллардың бағамын 150 теңге шамасында белгіледі. Бұған мұнай бағасының төмендеуі мен Қазақстанның сауда серіктестері валюталарының әлсіреуі себеп болды. Халықаралық валюта қоры бұл кезеңдегі девальвацияны 18 пайыз деп бағалаған.

2014 жылы 11 ақпанда Ұлттық банк теңге бағамын 185 теңге деңгейінде белгіледі. Бұған дейін доллар шамамен 155 теңге болған. Халықаралық валюта қоры бұл өзгерісті теңгенің долларға қатысты 18 пайыздық девальвациясы деп көрсетті.

2015 жылы 20 тамызда Қазақстан еркін айырбас бағамы режиміне көшті. Келесі күні доллар бағамы 188,35 теңгеден 255,26 теңгеге дейін көтерілді. Кейінгі айларда теңге одан әрі әлсіреп, 2016 жылдың басында доллар бағамы 350 теңгеден асты. Бұл жолғы өзгеріс ресми бекітілген бағамды бір сәтте төмендету емес, нарықтық сұраныс пен ұсынысқа негізделген бағамға көшу болды.

2020 жылы коронавирус пандемиясы мен әлемдік мұнай нарығындағы күрт өзгерістер теңгеге қысым түсірді. Ұлттық банктің дерегінше, 2020 жылғы наурызда доллар бағамы 382,6 теңгеден 448,5 теңгеге дейін өсіп, теңге бір айда 17 пайызға әлсіреді.

НАРЫҚ ПЕН ТЕҢГЕ

– Ал теңгенің дәл қазіргі бағамын қалай бағалайсыз? Соңғы жылдары ұлттық валютаның тұрақтылығы мен нарықтағы орны қалай өзгерді?

— Соңғы он жылда теңгенің курсы – өз күші. Мемлекет биржада шұғыл, қауіпті жағдай болмаса, теңге нарығына араласуды қойды. Әрине, мемлекеттің жоспары болуы тиіс. Иә, бюджетке беру үшін Ұлттық қордағы долларды теңгеге айырбастау керек, алтын операциялары бар. Ондай қызметтердің бәрі алдын ала жарияланып отыр.

Былай қарасақ, теңгені көп адам сатып алып, долларын сатса, биржалық қорда теңге қымбаттап, доллар әлсірейді. Қазір доллар 450-460 теңге болса, демек, теңгеге деген сұраныстың көп екенін анықтай аламыз. Бұл өте жақсы. Мұндай жағдайда мемлекет ақша құртпайды.

Өздеріңізге белгілі, мемлекет курсты ұстап, тұрақтылықты сақтау үшін 2013-2015 жылдары арасында 20 млн долларды құртып алды. Ал қазіргі теңге 10-15 жыл бұрынғы теңгемен салыстырғанда анағұрлым тұрақты, мықты. Теңге осы аймақтың инвестициялық ең конверттелетін валютасына айналып үлгерді.Рубльдің жағдайы қандай екеніне көз жеткіздік. Еуразиялық экономикалық одақта рубльдің орнын теңге басып отыр. Салыстырмалы түрде теңгемен операция жасау, долларға айналдыру оңай боп тұр. Менің ойымша, теңгені қолдану тек Қазақстан азаматтары үшін емес, шетелдіктердің арасында да сұраныс жоғары болады.

– Теңгенің қазіргі бағамына қандай ішкі және сыртқы факторлар әсер етеді? Алдағы уақытта ұлттық валютаның нығаюына қандай экономикалық алғышарттар қажет?

— Теңге бізге елімізге келетін валюталар ағынына әсер етеді. Импорт пен экспортқа теңге тікелей байланысты. Қазақстанның экспорты ұлғайса, теңгеге қысым көп болмайды. Теңге конверттелетін болса, сырттан валюта бізге келе беретін болса, теңге нығаяды. Ал егер мұнай бағасы құласа, уран бағасы әлемдік нарықтан төмендесе, теңге құлдырауы мүмкін. Бірақ, қазір ондай сценарий көріп тұрған жоқпын.

Мұнай баррелінің 90 доллардан кем тұрған кезі жоқ. Металлдардың да бағасы қымбат. Қазақстанда уран бағасы да ешқашан түспеген. Облигациялардың пайызы да жоғары. Осыған қарап, теңгеге қатысты үлкен қауіпті көріп тұрған жоқпын.

ХАЛЫҚТЫҢ ЖАҒДАЙЫ МЕН ТАУАР

– Теңгенің әлсіреуі немесе нығаюы қарапайым халықтың тұрмысына, қалтасына, сатып алу қабілетіне қалай әсер етеді?

– Азық-түлік себетінде импорттық тауар көп болса, халықтың қалтасына әсер етеді. Біздің халық шығынына қарасақ, 50 пайызы – тамақ. Баланы тағамын шетелден әкелеміз, бұл – импорт. Ал ересектің тағамында картоп, ет, көкөніс сияқты тауар болса, ол еліміздің тауары. Былайша, 30 пайыз – импорт, 70 пайыз – өзіміздікі. Сондықтан теңге қатты құлап кетсе, импорттық тауар автоматты түрде қымбаттайды. Теңге күшейсе, сырттан келетін тауар арзандайды. Қазақстандық теңгенің күшейген кезінде шетелге барса, демалыс арзанға түседі. Себебі долларға ақшаны айналдырады деген сияқты процесс жүреді. Теңге күшейген сайын импортпен айналысатындар өзін жақсы сезіне бастайды. Себебі халықтың төлем қабілеті күшейеді. Теңге әлсіресе, экспортпен айналысатындар байып қалады. Осыған байланысты баланс болуы керек. Қазақстан тауарды сыртқа сатып, экспортқа бейімделген ел болғандықтан теңгенің қатты күшейуі тиімсіз болуы мүмкін. Ал импортқа тәуелді халық үшін бұл тиімді.

ТЕҢГЕ ТАҒДЫРЫНАН КЕЙІНГІ ҚАРЖЫ ЖИНАУ ЖОЛЫ 

– Бұған дейін халық жинағын көбіне доллармен сақтайтын. Алдағы онжылдықта қаржыны қай валютада немесе қандай активте жинаған тиімді?

– Жиналатын сомма салымның мақсатына байланысты болады. Қысқа мерзімді жоспар үшін қаржыны теңге күйінде жинаған дұрыс. Қазір депозит пайыздары жақсы. Ал ұзақ мерзімді жоспар болса, қаржыны алтынмен жинаған дұрыс. Доллармен ақша жинауға кеңес бермес едім. Алтын болғанда да әшекей-бұйым ретінде жинамау керек. Арнайы банктерде құжатымен, қағазымен сатылатын алтындар бар. Соны жинаған абзал.

- Сұхбатқа көп рақмет!

Сымбат Наухан

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер