Nvidia қиындыққа тап болды. Мұрагерін таңдауға Хуанг те ат салысып жатыр

288
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/FFMb1NTn1n9dTsNy8QZdKAAxX7FMVrtLg7Z6qE7c.webp

Nvidia компаниясының бұрынғы басшысы Дженсен Хуанг өзінің мұрагерін таңдауға жеке өзі қатысып, ықтимал үміткерлердің кемінде біріне қоңырау шалған. Бұл туралы The Washington Post басылымы жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

Дереккөздердің мәліметінше, Хуанг компанияның бүкіл басқару жүйесін өзінің төңірегіне шоғырландырған. Оның тікелей қарамағында 60-қа жуық қызметкер болған. Сонымен қатар директорлар кеңесін де өзі басқарғандықтан, оның шешімдеріне қарсы пікір білдіретін адам болмаған. Ал ұлы мен қызы компанияда басшылық қызметтер атқарады.

«Бұл – соңғы 10–20 жылдағы бас директор лауазымына арналған ең күрделі вакансиялардың бірі», – деді Гарвард бизнес мектебінің профессоры Энди Ву.

Оның айтуынша, Nvidia бизнесін басқару үшін инженерлік білім қажет. Ал электротехника саласында докторлық дәрежесі бар әрі басқарушылық қабілеті жоғары мамандарды қатар табу оңай емес. Хуангтың өзі бұған дейін оның орнын басу мүмкін емеске жақын екенін айтып, мұны өзінің «осы компанияда өсіп-жетілуімен» түсіндірген.

Bernstein Research сарапшылары Nvidia акцияларының болжамды бағасын екі есеге – 400 доллардан 200 долларға дейін төмендеткен. Бұған жаңа бас директордың бұрынғы жетекшінің деңгейіне жете алатынына қатысты күмән себеп болған.

WP дереккөздерінің хабарлауынша, Nvidia әзірге мұрагерді іздеу үшін арнайы рекрутингтік агенттік таңдамаған.

«Біз әлеуетті үміткерлердің ешқайсысымен ресми келіссөз жүргізген жоқпыз», – деді директорлар кеңесі.

Ал Financial Times басылымының жазуынша, Хуангтың ықтимал мұрагерін іздеу аясында директорлар кеңесі британдық Arm чип әзірлеуші компаниясының басшысы Рене Хааспен байланысқа шыққан.

Бұған дейін NVIDIA компаниясының бас директоры Дженсен Хуангтың қызметінен кеткенін жазған едік.

Пікірлер