Тәуелсіздік алардан 90 күн бұрынғы Орал оқиғасы. Аманжол және "Азат"

1187
Adyrna.kz Telegram

Мен Аманжол ағамызды 1991 жылға дейін білген емеспін. Сол жылы  Батыс аймақ (алты облыстағы жұмысты жандандыру) бойынша «Азат» қозғалысының үйлестірушісі ретінде мамыр айында Оралға бардым. Мақсат – қозғалыстың бөлімшесін құруға жарайтын белсенділер жинастыру. Сәбетқазы Ақатай ағамыздың айтуымен, маңдайды оралдық ақын апекеміз Айсұлу Қадырбайға тіреп бардым. Апекем дегенім болмаса, ол кісі жас көрінді, Айеке өзінің «Қазақ тілі» қоғамының облыстық төрайымы ретінде тіл мәселесіне кіріскенін айтып, қозғалысқа басқа азаматтарды тауып беруге уәде беріп, сол жолы белсенді азаматтарды жинап берді. 

Соның ішінде тұлғасы бөлектеу, сол кезде Қазақстан Ауыл Шаруашылығы институтында доцент әрі кафедра меңгерушісі деп Аманжол Зейноллаұлын таныстырды. Үлкен көзді, қою да қайратты қара толқын шашты Әбекеңнің тұлғасы болашақ саяси баскер ретінде мені бірден сендірді. Сөйлесе, сауатты әрі дәйекті сөйлейтін ғылыми дағдысына ұлтшылдығы қосылғанда кемел саясатшының кейпін бірден көруге болатын еді. Сол кездегі сұранысқа сәйкес орыс тіліне де жатық, қазақ тілінде мейлінше сауатты сөйлейтін.

Таныса келе білгенім – институтта елдің ең алғашқылардың бірі болып студенттерді қазақ тілінде оқытуды бастапты және облыстық «Қазақ тілі» қоғамының ең алғашқы бастауыш ұйымын Оралдың бас институтында ашыпты. Ел тәуелсіздігін алар қарсаңдағы ауыр жүкті осындай майталмандар  болмаса көтеру мүмкін емес еді. Мен үшін Аманжол аға таптырмас саяси тұлға болған ғұмырлық олжамның бірі деп есептеймін.  Оның үстіне оралдық ұлтшыл азаматтар шетінен «сен тұр, мен атайын» болатын. Ондай мығым топты бастау үшін де, басқаруға да мықтылық пен үлкен әлеует керек. Мығым топты басқару үшін баскерлік/лидер қабылет керек. Аманжол Зинуллинде ол кенде емес болып шықты.

Оралдық «Азаттың» құрылтайын 1991 жылдың маусым айына белгілегенбіз. Оған дейін бірінен соң бірі ұласқан Маңғыстаудағы митинг өтті, ол үшін алдын ала Оралға бардым да, Айсұлу Қадырбай екеуміз Оралдан Шевченкоға ұшақпен ұштық. Әбекеңді ол кезде институттағы қыруар жұмысы босата қоймады. Ақтау қаласы сол жолы 1964 жылдан бері Тарас  Шевченько атында болатын, сол митингте қала атына Сайын Шапағат бастаған Маңғыстау халқы Ақтау атын бергізді. Содан кейін Атырау облысының сол кездегі әкімі Ғазиз Алдамжаров ағамыз Олжас Сүлейменовті қолдап, «Невада-Семейдің» халықаралық конференциясын өткізгені бар. Соған қатысып, атыраулық жігіттерді «Азатқа» тарттық. Бірақ ақ Жайықтың азаматтары қаланың Гурьев атауын тек қана келесі жылы Атырауға өзгертті.

Осы шаралардан соң ғана Сәбетқазы Ақатай ағамыз бастаған бір топ «Азат» қозғалысының белсенділері жеңіл автомен Оралға тарттық. Сол жолы Аманжол Зинуллин бастаған ұлтшылдардың әзірлеп қойған «Азат» қозғалысының Орал облыстық құрылтайы жіптіктей болып өтті. Кілең саймасай азаматтар жиналған, бәрі ығай мен сығай. Пікір-пайымдарын төтелеп айтып, қаймықпайды, ұсыныстары қысқа да нұсқа, өздерін көрсетуге ұмтылмайды, мәселені алдын ала көре білетін, аша білетін сауатты азаматтар екен. Осындай мығым топты жинай білген Аманжол төраға болып бір ауыздан сайланды. Сәбең (Сәбетқазы) арқа-жарқа болып, ризалықпен Алматыға ұшты. 

Бірақ Орал мәселесі «Азат» қозғалысы үшін басты түйткілдің бетін ашты. Орыс-казактар КСРОның ыдырау қарсаңында, өздерін Ресейдің бөлшегі санағандықтан, Жайық өңірін де сепараттық жолмен империяның мұрагеріне қосқысы келетіні айқын еді және соған ашықтан ашық әрекетке барды. Оған Горбачев бастаған шовинистер жанталасты. Тіпті олар жергілікті билікті ықтырған, бағындырған сыңайлы, тілге қатысты шешімді өз пайдаларына Қалалық Кеңеске шығартып алған. Осы жылы жоспарланған Патшалық Ресейдің Жайық өңірін қаратқанына 400 жылдық мерейтой жоспарына да облыстық билікке шешім шығартқан. Міне осындай ахуалда бұларға қарсы тұратын бірден бір күш тек қана «азаттықтар» еді.

Міне осы ауыртпалық пен рөл Аманжол Зинулин секілді оралдық азаматтардың иығына бел қайыстырар жүк болды. Аманжол ағамыз жергілікті «Азатты» басқарудың осы жауапкерлігін сезініп, өзінің институттағы доценттігінен, кафедра меңгерушілігінен бас тартып кірісті. Бұл жай ғана ұлтшылдық емес еді – нағыз ел басына күн туғанда қабылдайтын, елін сүйген ердің ғана шешімі болатын. 

Ең үлкен айқас пен ауыртпалық алда болатынын білдік. Сол жолы жігіттер қозғалыстың Батыс аймақ бойынша үйлестірушісі ретінде маған бар ахуалды жеткізіп, тиісті қолдау күтті. Бұл сепараттық ахуалға қарсы тұру үшін бүкілқазақстандық әлеуетті тарту керегін ұқтым да, соған кірістім. Қысқасы, бұл жағдайда Орал бас штабтың рөлінде де, оның басшылығы Аманжол Зинуллиннің жауапкерлігіне жүктелді. Дегенмен, осындай ахуал кезінде өзін тіл мәселесімен айналысқанына қарамастан Айсұлу Қадырбай бұл жауапкерліктен аластамады. Ол кісі бұл ахуалға Аманжол ағамызбен қойын-қолтық бірлесіп кірісті. Ең қызығы, Әбекеңнің Айсұлуға деген сыйластығын сақтай білетіндігі, қандай жағдайда да майдандасу емес, бірлесе, тізе қоса жұмылудың қадырын нәзік түсіне алатын жігіт екендігі мені қайран қалдырды. Әйтпесе, билікке талас ұлтшыл ұйымдар үшін де, ресми билік үшін де мәлім ғой. Бұл екеуінің арасында соншалықты ұшығыс байқалмайтын.  Бұл – азамат үшін шынайы лидерге тән асыл қасиет еді! Және де ол өзінің осы қабылетімен нағыз зиялы адам екенін танытып, біздерге өнеге болатын. Өзім анда-санда келсем де, Әбекенің осындай талғампаз қабылеттерін сіңіруге тырысатынмын.

Аманжол Зинуллиннің тұлғасы Тәуелсіздік алардан 90 күн бұрын болып өткен Оралдағы қазақ-казак шарпысында анық көрінді. Оқиғаға жұмылдырылған елдің түкпір-түкпірінен келген екі жүзге жуық адамды меңгеру мен олардың керек-жарағын жасақтау Әбекеңнің мойнына түсті. Ауыл шаруашылық институтындағы оның абыройы мен беделі сол кезде ұлтқа тағы қызмет етті. Әр облыстан қаптап келген ұлтшыл азаматтарды студенттердің жатақханасына 1991 жылдың 13-16 қыркүйек аралығында жатқызу сол кезде үлкен мазалы жауапкершілік болатын. 

Онымен қоймай, оқиға кезіндегі барлық іс-шаралар мен әрекеттер Аманжолсыз тағы да өткен жоқ. Оқиға болып өткеннен кейінгі бірнеше айларға созылған саяси ойындар мен шаралар А.Зинуллинді аяғын бүкпей одан әрі күресуге мәжбүр еткені бөлек тақырып.  Осындай ниет пен жанқияр күрескерліктің арқасында «Азат» қозғалысы елдегі сол кездегі барынша ушыққан әрі түйінді мәселені шешкен саяси ұйым ретінде мойындалды! Елдің басты түйткілі қазақтың мүддесіне шешілді. Егер Оралдағы ахуал сәтсіз болғанда, елдің солтұсы сөгіліп, бірінен соң бірі Ресейге қосылар ма еді... Аманжолдың бұл күрестегі еңбегі империалистік шовинизмнің мүйізін сындырған бірден бір ұлы қайраткерлігін ұмытпау керек! Тіпті сол кезде арнайы алғысын оқиғадан кейін Қазақ КСР президенті Н.Назарбаев өз ауызымен елдің үлкен жиынында білдіруге мәжбүр болды. 

1991 жылғы қыркүйек оқиғасы әлі күнге тарих ғылымы тарапынан да, политология саласынан да назар аударылған тақырып емес. Әлі күнге жылы жабылып, қымталып тұрған жайт. Осыған орай Аманжол Зинуллин секілді тұлғалардың да ел алдындағы қызметі тасада қалып отыр. Өйткені бұл оқиға «Азат» қозғалысына абырой беріп қойған жоқ, елдің аумағының аман қалып, «тігісінен сөгілмей» бүгінде әлемдегі 9-орынды алуымызға бірден бір негіз бен себеп болған тарихи қызмет болатын. Осылайша, Орал оқиғасы – ХХ ғасыр соңындағы Қазақстан тарихы үшін айтулы да көрнекті дәйек болса, оның басында болған Аманжол Зинуллин секілді тұлғалар да бүгінгі азаткер тұлғаның толық кейпі ретінде мойындалуы тиіс.

Серік Ерғали

Қазақстанның Азаматтық «Азат» қозғалысының 1991-1993 жылдардағы Батыс аймақ бойынша үйлестірушісі.

Пікірлер