Путинді қамаудан бас тартқан. Тәжікстаннан түсініктеме талап етілді

284
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/ZTCJBqDklKymN4W1pYITSJTDMclkpWWPaE0SM6NH.webp

Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) сотқа дейінгі палатасы Тәжікстан билігінен Ресей президенті Владимир Путинді қамауға алып, сотқа тапсырудан бас тартуына байланысты ресми түсініктеме беруді талап етті, деп хабарлайды "Адырн" тілшісі Азаттық радиосына сілтеме жасап.

Аталған талап ХҚС тарапынан өткен жылдың 5 қарашасында жолданғанымен, бұл ақпарат енді ғана белгілі болды. Соттың мәліметінше, Владимир Путин 2025 жылдың қазан айында Тәжікстанға ресми сапармен барған, алайда Душанбе оны қамауға алу жөніндегі міндеттемені орындамаған.

ХҚС еске салғандай, Ресей президентіне қатысты қамауға алу ордері 2023 жылғы 17 наурызда Украинадағы әскери қылмыстарға байланысты берілген. Сол жылдың сәуір айында сот хатшылығы Рим статутына қатысушы барлық мемлекетке, соның ішінде Тәжікстанға да, Путинді қамауға алу қажеттігі туралы ресми сұрау жолдаған. Құжатта Тәжікстан бұл сұрауды 2023 жылдың мамырында алғанын растаған. Дегенмен, 2025 жылғы 25 қыркүйекте оны орындау мүмкін емес екенін хабарлағаны көрсетілген.

Тәжікстан билігі өз ұстанымын Ресейдің Рим статутына қатысушы емес екенімен және Мәскеумен жасалған екіжақты келісімдерде жоғары лауазымды тұлғалардың иммунитеті қарастырылғанымен түсіндірген. Сонымен қатар Душанбе бұл шешімін ХҚС-пен ынтымақтастықтан бас тарту деп санамайтынын мәлімдеген.

Ал Халықаралық қылмыстық сот өз кезегінде лауазымды тұлғалардың, соның ішінде үшінші елдердің мемлекет басшыларының жеке иммунитеті сот ісін жүргізуге кедергі бола алмайтынын және ол үшін арнайы иммунитеттен бас тарту талап етілмейтінін атап өтті.

Қазіргі уақытта ХҚС сотқа дейінгі палатасы Тәжікстанның сотпен ынтымақтастық жасамады деп тану мәселесін және бұл жағдайды сотқа мүше мемлекеттер ассамблеясының қарауына беру мүмкіндігін қарастырып жатыр.

Пікірлер