КӘМШАТ ТАСБОЛАТ: Әркім өз ісімен айналысса, дамып кетер ме екенбіз?

331
Adyrna.kz Telegram
фото: қармақшы таңы
фото: қармақшы таңы

Масқара, телеарнадан өзі блогер, өзі құрылысшы, өзі коуч, өзі ақын, өзі психолог, өзі сазгер, өзі тамада әрі таксист адам сөйлеп отыр… Ойлап қоям, бір адамға осыншама кәсіп һәм мамандық аз емес пе деп…

Сосын 2005 жыл ма еді, 2007 жыл ма еді, білмедім, редакциямызға үлкен меморганнан Дариға апамыздың өмірбаяны жазылған пресс-релиз келгені есіме түсті. Жаңағы ақ қағаздың бір беті тек кәсіптер мен ғылыми дәрежелерге толған ғой… Сол жылдары биліктен басталған бізше айтқанда, “8 қырлы, 1 сырлы”, еуропаша айтқанда, “Фигаро анда, фигаро мында” індеті қара халыққа да жұққан сияқты.

Ойлап қоям, олардан менің нем кем?

Мәселен, мен тұрмысқа шыққан 14 жыл ішінде отбасылық психолог боп кеттім. Апаларым “жездең жұмыс істемей жүр” десе, “қартайған шығар” дейсің ғой, жездең “самооценкасын” көтеру үшін ертесіне ескі көлігімен таксилетіп кетеді ғой. Балалы болған 13 жыл ішінде педиатр дәрігер боп алдым. Тіпті, бір жасар балам ауырса, мұрнындағы маңқасын аспиратормен бір тамшы қалмайтындай етіп тазалап тастаймын ғой. Неге мен лормын демеймін? Кейде балабақшадан жаттауға деп, шатпақ өлеңдер келеді. “Мынау да өлең боп па?” деп өлеңді редакциялап, дұрыстау нұсқасын жаттатқызып жібереміз ғой. Біз неге ақындығымызды айтпаймыз?

Редакцияға меморгандардан талай қате пресс-релиз келді, соларды дұрыстап, факт-чек жасап, қатесін түзеп, газетке беретінбіз. Ал біздің корректорлық һәм факт-чек қызметімізге неге ақы төленбеген? Ағылшынша, орысша алған сұхбаттарды қазақшалайтын едік, біз неге аудармашымыз демейміз? Жастау кезімізде итіміз ауырса, “бұған суық тиді-ау” деп уайымдап, итке жылы сорпа, сүтпен шай беріп бір күнде жазып жіберуші едік қой. Сүтпен шай зиян дейтіндерге дұғай сәлем! Итіміз бақытты да ұзақ өмір сүрді. Біз неге ветеринар екенімізді айтпаймыз? Біреумен сұхбаттасуға барсақ, “сіз жайлы адам екенсіз, ішкі сырымызды бүкпей айтамыз ғой” деп сұхбат беруші де бар шындығын жайып салады ғой, оны сары басылымдардай еш жерде жарияламай, қайта жақсы сөзбен қолдасаң, бір күні жаңағы адамның сенің идеяңмен бір жобаны жүзеге асырғанын естісең, йоу, мен коуч екенмін ғой демейміз, ә?!

Баяғыда біреуге “биткоинға немқұрайлы қарамаңдар, ол да өсуі мүмкін” дегем, мен қаржы аналитигі емеспін бе осы?

Даусым болса, тойға да ән айтып шығар едім… Бірақ қазір кімде дауыс бар?! Менде тым болмаса түр бар ғой… Әйтпесе тойда түрі де, дауысы да жоқтар дүрілдеп жүр ғой… Енді бір авторлық ән шығарып, сазгерлігімді көрсетсем бе екен…

Қазір Қазақстанда КВН-шылар мен тамадалар, әншілер мен блогерлер мұрнын сұқпаған мамандық қалмады ғой. Мүмкін әр нәрсеге шашылмай, әркім өз ісімен айналысса, дамып кетер ме екенбіз?

Италияда Фигаро жалғыз болған, ал біздің елде Фигаролар тым көп емес пе?

Тіпті, заң шығарушы орган - Парламентте отырғандары бар ғой… Идеология құралы кинодан көбірек ақша табуға тырысып жатқандары қаншама? Қашан елімізде он кәсіптің емес, бір кәсіптің маманы бағаланады екен осы? Кейде бір адаммен танысқанда, жай журналистпін деуге ұялады екенсің…

Болмаса “Бұхар жыраумен дастархандас болған, Қажымұқанмен белдескен” дейтіндей, атақ-дәреже бізде де бар. Тек ұялады екенсің, танысып тұрып “Түркия президенті Абдолла Гүлдің қолынан шай ішкем, Масановпен тіл төңірегінде салғыласқам, Тасмағамбетовке әкім тұсында айтып-айтып тастағам” деуге…

Kamshat Tasbolat

 

 

 

 

 

 

Пікірлер