Мәжіліс депутаты Азат Перуашев мемлекеттік қызметкерлердің ескі Қазақстанның активтерін қайтару аясында меншік бөлісуді және бизнесті рейдерлік жолмен тартып алу тенденциясының күшейгенін мәлімдеді. Депутат осы мәселе бойынша Бас прокуратура мен премьер-министрге ресми сұрау жолдады, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Перуашевтің айтуынша, партияға әртүрлі салада қызмет атқаратын кәсіпкерлерден мемлекеттік қызметкерлердің өз өкілеттіктерін меншік бөлісу және бизнесті рейдерлік жолмен басып алу үшін пайдалану тенденциясы жөнінде хабарламалар түсуде.
"Түркістан облысы Сарыағаш ауданының әкімдігі Болат Назарбаевтың мүлкін қайтару сылтауымен көрші кәсіпкерлерден 2017 жылы Қаржы министрлігінің ашық аукционынан бірыңғай лотпен сатып алынған санаторий нысандарының бір бөлігін тартып алғанын мысал ретінде айтуға болады. Осыған байланысты санаторий 2 миллиард теңге көлемінде шығынға ұшырады. Осы сияқты "ҚТЖ" акционерлік қоғамы арқылы Павлодар облысындағы Атығай станциясындағы ғимаратты және теміржол жолдарын 2011 жылы салған "АНГРЕНСОР Ltd" ЖШС-нен тегін алып беру үшін сот арқылы міндеттеді. Бұл объектілердің құны 1,5 миллиард теңгеден асады. Осы сияқты басқа да хабарламалар түрлі аймақтардан келіп жатыр. Бұл – меншік бөлісудің тұтас бір тәжірибесі қалыптасып келе жатқанының белгісі", – деді депутат өз сұрауында.
Перуашевтің айтуынша, рейдерлер кейде бұл әрекеттерді Ескі Қазақстанның даулы тұлғалары мен олигархтарымен байланысты заңсыз активтерді қайтарумен ақтауға тырысады.
"Ак жол" демократиялық партиясы осы бағытта нақты жұмыстарды толықтай қолдайды. Біз 2013 жылдан бастап бұл тақырыпта көптеген депутаттық сұрауларды жолдадық және тиісті заңды талқылауға белсене қатыстық. Шынында да, ескі Қазақстанның заңсыз активтерін қайтару аясында ерікті процедура қарастырылған. Алайда, жоғарыда аталған мысалдардың ешқайсысында олигархтар туралы сөз болмайды. Сарыағаштағы санаторий жағдайында марқұм Болат Назарбаевтың компаниясына объектілер қайтарылған, ал адал кәсіпкерлердің заңды түрде аукционнан сатып алынған мүлкі осы сылтаумен тәркіленген", - деді Перуашев.