АҚШ әскері қажет болған жағдайда Иранға қарсы шабуылдарды төрт-бес апта бойы жалғастыра алады. Бұл туралы Ақ үй басшысы Дональд Трамп The New York Times басылымына берген сұхбатында айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Иә, біз төрт-бес аптаға жоспарлап отырмыз. Бұл қиындық тудырмайды», – деді ол.
Daily Mail басылымына берген сұхбатында америкалық көшбасшы Иранға қарсы операция «төрт апта немесе одан да аз уақытқа созылатынын» айтты.
Басылымның мәліметінше, Ақ үй басшысы келіссөздерге әлі де ашық екенін жеткізген, алайда «сөйлесуді өткен аптада бастау керек еді» деп атап өткен. Десе де, ол Тегеран АҚШ талаптарын қанағаттандырған жағдайда соққыларды тоқтатуға дайын екенін білдірді.
Трамп сондай-ақ видеоүндеу жариялап, ирандықтар америкалық шабуылдан кейін қаруын тастамаса, күштік құрылымдар мен әскери қызметкерлерді өлім күтіп тұрғанын ескертті.
«Мен Ислам революциясы сақшылар корпусын, Иран армиясын, полициясын қаруды тастауға және толық иммунитет алуға шақырамын. Әйтпесе, өлім болады. Өлім – шындыққа айналады, бұл жақсы болмайды», – деді ол.
АҚШ президенті Иран халқына да үндеу жасап, ел азаматтарына берген уәдесін орындағанын айтып, сәтті пайдалануға шақырды.
«Қалғаны өздеріңізге байланысты. Біз сіздермен бірге болып, көмектесеміз», – деді Трамп.
28 ақпанда АҚШ пен Израиль Иранға қарсы ауқымды әскери операция бастаған еді. Tel Aviv тарапы соққылардың мақсаты Тегеранның ядролық қаруға қол жеткізуіне жол бермеу екенін мәлімдеді. Ал Трамп Иран флотын және қорғаныс өнеркәсібін жою керектегін айтып, ел азаматтарын режимді құлатуға шақырды. БАҚ мәліметінше, зымырандар тек әскери нысандарға ғана емес, Ислам Республикасындағы және өңірдің өзге елдеріндегі азаматтық инфрақұрылымға да тиіп жатыр. Тегеран жауап ретінде Израиль аумағына және Таяу Шығыстағы америкалық базаларға соққы жасауда.