Қазағым, той емес, ой қуатын заман бұл

902
Adyrna.kz Telegram
Сурет: ernur.kz
Сурет: ernur.kz

Той-томалақ, түрлі тілеу жасау-жасамау әркімнің өз еркіндегі шаруа дей тұрсақ та, аттап басқаның ақшаға мүдделі болып, төрткүл әлем болжаусыз жағдайға дөп келіп отырған мына алмағайып заманда, кіредиттет көз аша алмай отырған халқымыз үшін, байлардың аста-төк дастарқанына, ұлан-асыр тойына көзсіз еліктеп, сасық абырой қуып, бастапта «дыр-дуы» көп, тойдан соң «қырпуы» жоқ тірлікті айпарадай ашатын той-тілеу жасау бізге басы артық ауыртпалық.

Дүниені қоншынан басып жүрген, екі күннің бірінде шетелге баратын бір танысым бар. Баласының тұсау кесерін әке-шешесін, қайыната-апасын, аға-бауыр, әпке-қарындасын үйіне шақырып, шағын тілеу өткізе салыпты. «Неге ел қатары тойханада өткізбедің?» дегенімде, «Шақырсам келетін өздеріңдей дос-жаран жетеді. Алайда, бірі, артық шашылу. Екіншіден, өзімнің де өзгенің де уақытын алу болмақ. Кейін олар шақырса, уақыт шығарып бара алмай қалсам иттік болмай ма» деді. Сонда, кіредит алып «дүрілдеп» той өткізіп, қарызын қайтарарда «дірілдеп» отыратындар есіме түсіп еді.

Ұрпақ тәрбиесі Ата-ана, мектеп және қоғам тәпбиесінен құралады. Ақыл-ойы тұрақтанып, ойсыздықтан олжа тілеп, тәрбиесіздіктен тәлім алмай, жан-жағындағы пайдалы-пайдасызды пайымдай білгенге дейін, ата-ана мен мектеп болып баланы дұрыс жолмен жүруге үнемілік жебеп, қадағалап отырмаса, қызығы да шыжығы да мол қоғамның екі жүзді үнсіз тәрбиесінің ұнамсыз жағын тез қабылдап кетуі бек мүмкін. Ұлағатты ұл-қыз өсіріп отырған ата-аналардың ұрпақ тәрбие амалиятынан естігендерім және дамыған елдердің оқу-ағартуынан көрген-білгендеріме сай осы мақаланы жаздым. Саналы оқырман қауызын тастап дәнін алар.

Отбасында:

«Тәрбие тал бесіктен». «Қызға қырық үйден тиым». «Ұлтты білікті етем десең ұрпағыңды ұлағаттылыққа баста». Ата-ана болған адам баланы кітапты көп оқуға жетелеп, салт-дәстүрлер мен пайдалы ырым-тиымдарды, отаншылдықты құлағына құйып отру керек. Өзіңіз теледидар көріп, телефонға телміріп отырып, балаға «кітап оқы»,- десеңіз, өнімі бола қоймайды-ау. Баламен бірге кітап  оқу керек. Баламен көп сырласу тиіс. Дос бола білу қажет.

Отбасындағы кімде-кімнің туған күні келгенде, дос-жаран, туыс-туғандарды шақырып, елді әурелеп, өзі қанжілік болып дегендей басы артық дыр-ду жасамау, баланы шешіле тост сөйлеуге баулып, туған күнді шектен тыс дабыралы құттықтауға жетелемеген жөн. Пәлен айдың түген күні ақ түйенің қарыны жарылып бөбек дүниеге келгенде әке-шеше болған өздерінің шексіз шаттанғандарын, сол үшін осы бір күнді атап өтуге міндетті екендіктерін айтып, құнды салт-дәстүрлерді үйретіп, балаға ғылым-білім алу, маңындағылармен сыйласымды, ата-анаға опалы, жұртқа сиымды, адамға мейірімді болу жөнінде тәрбие жүргізу, «туған күніңді достарыңмен тойлап кел» деп еркіне жібергенге қарағанда әлде қайда пайдылы һәм дұрыс. Туған күніне орай баламен бірге театр, кино көру, сауғаға кітап сыйлау дегендер де тамаша шара. Кітап оқуға қызықпайтын бала жоқ, қызықтыра алмайтын ата-ана бар. «Балапан ұяда нені көрсе ұшқанда соны алады» деген халықданалығын естен шығармайық!

Мектепте:

Қазір мектептерде ағай-апайлардың туған күнін тойлауға топтаса қалу, кластастардың туған күнін бас сайын түгендеп өткізу дегендердің барлығы ойы орнықпаған, бейімделгіштігі күшті баланы далбасалыққа жетелейді. «Өмірдің қызығы осы екен-ау» деген ой оңай қалыптасады. Сондықтан, мектеп тарапынан мұндай нысайларға қатаң шектеу қою керек. Ата-анаға да, отанға да, ұлтқа да керегі той емес ой қуатын саналы, білікті ұрпақ.

Мектеп—Кеме. Мектеп басшысы—Капитан. Толқыны көп, иірімі мол заман ағымында осы кемені сәтті жүргізуге жетекшілік ете алу-алмау, тойған қозыдай томпыйған кеме толы ұрпақтарды сапалы біліммен сусындатып, оларды алдағы енді бір кемеге аман-есен, нәтижелі жеткізіп салу-сала алмау осы капитанға байланысты. Егер, мектеп басшысы мұғалімдерден пара алатын, мектепке педагогика мен психологиядан хабарсыз, мамандығы таяз, біліктілігі шанақты туыс-туғанын, тамыр-танысын жинайтын, маңайына «білікті дизайнерлерді» жинаудан «алаңдайтын», «кімнің тарысы піссе соның тауығы болатын» болса, онда бұл мектептің барынан жоғы пайдалы.

Кей мектептердегі мереке-мейрам сайын ата-аналардан ақша жиатын нашар әдетті пышақпен кескендей тоқтату керек. Бала—Қаламша. Мектеп—Бақша. Оқытушы—Бағыбан. Оалай болса, осы қаламшаны түзу немесе қисық өсіру мектептің білім беру ортасының сапасына, мәдениет атмосферасына, әр мұғалімнің біліктілігіне, жанашырлығына тіке байланысты. Сабақтан сырт қосымша білім беретін орындардың жаңбырдан кейінгі жауқазындай қаптауы, ата-аналардың ұрпақ тәнбиесіне құлықты, біздегі мектеп оқытуының әлсіз екенін бір қырынан дәлелдейді. Мектептер кей мұғалімдердің (мүмкін, көпсанды шығар) «өзім жемеген көтен боғымен бітсін» деген оймен сабағын селқос өтіп, айлығын толық алудың қамын ғана жейтін әдеттерін түбегейлі жоғалтуға қам жасаулары керек. Қызмет жауапкерлігі күшті мұғалімдер шыр-пыр болып балаға барын беріп, үйіп-төгіп тапсырма тексеріп жүрсе, «Ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүргендер» айлықты олармен тең, тіпті әуелі артық алса, мұның несі әділет!? Қаблеттілер қағылып, мектеп басшысымен жең ұшынан жалғасатын жылпостар жылы орынын суытпаса, мектепті парақорлық жайласа онда оның қай жері ағарту ортасы болмақ? Сабақ өту санына сай айлықты көп беруді ғана емес, аз болса да саз, сапалы өтуді негіз етіп, оқушылардың түрлі емтихан нәтижесін және білім алу деңгейін мұғалімдердің айлығымен, озаттарды бағалаумен іліктестіру керек. «Білікті ұстаздан өрелі шакірт шығады».

Мектептер ұлттық ғұрып-әдет, салт-сана, тәрбие рөлі күшті ырым-тиымдар жөнінде байқаулар оздырып отырулары керек. Бұл «обал болады», «ұят болады», «жаман болады»мен ұрпағын адам болуға тәрбиелеген ата-бабаларымыздың ұрпақ тәрбиелеу идеяларына мұрагерлік етіп, ұрпақ санасына адамдықтың нәрін сіңіріп, ұлттық болмысымыз бен ұлттық құндылықтарымызды кемітпей сақтауға әбден пайдалы.

Шарт-жағдай жар бергенде осындай мазмұндағы оқулықтар құрастыру ауадай қажет. Әдебиетті талай жыл оқыған оқушы бір бет өтініш-арыз жаза білмесе; Физиканы бес жыл оқыған оқушы бес метір жерге ток сым тартып, лампа орната алмаса; Химия оқыған бала қазандағы майға от кеткенде қақпағын жаба қоюды білмесе, онда біздің оқытуымыздың сәтсіз болғаны. Есімде қалуынша Thomas Alva Еdison-ау деймін: «Қызығу—Ең тамаша ұстаз» деген екен. Оқулықпен ғана шектелмей, оқушылардың қызығу әуесін жетілдіріп, даралық өзгешелігін дамытып, тұрмыс-тірліктеріне септігі тиетін қолданбалы техникаға баулу группаларын құру керек. Мұндай қызығушылық группалары арқылы оқулықтың оқушының өсіп-жетілуіне, тұрмыс-тірлігіне қажетті білімдерді толық бере алмау жетерсіздігін өнімді толықтауға болады.

Қоғамда:

Қытайда жастарға кері тәрбие беріп, азаматтардың жолдан азуына себеп болатын, адамдардың писхикасын бұзатын «бәдік филімь» сайыттарына түгелдей шектеу қойылып, бұғатталған. Қалай іздесең де «бұл сілтемені ашу мүмкін болмады, заңсыз сайыт. Ашсаңыз, таратсаңыз заң бойынша жаза тағайындалады» деп шыға келеді. Немесе, осындай сайыттарға қаскерлік вирус қосылған. Бір-екі рет ашсаң компютерің немесе телефоның керектен шығады. Ал, бізде бұлай істелмеген немесе кемелді емес. Бәдік филімьдер мен бәдік жазбалар жылыстап кіріп, тән ақаусыздығын батпандап бұзар заһар. Желілерде кім көрінгенмен жасаған жыныстық қатынас барысын ұялмай айтып, «Қошқар» іздеп отыратын қыздар аз емес. Құзыретті органдар ғаламтор кіршіксіздігін қалыптастыруға күш салып, бәдік түсірілімдерді міндетті түрде, батыл шектеп, әлеуметтік желіде мұндай «руханый дерттендіргіш» таратқандарды қатаң жазалау керек.

Демократия дегеніміз көзді тарс жұмып алып, ауызға келгенді күйсеу емес, қоғамға жүйесіз, негізсіз, жағымсыз ақпарат тарату емес. Заң арқылы басқарылатын өркениетті қоғамда «Жүйелі қарғыс жүйесін, жүйесіз қарғыс иесін», сөзсіз, табуы керек.

Әр азаматымыз «Обал боладыны» санасына сіңіріп, жанашырлық тұнып тұрған қоғам қалыптасса, әр ата-ана жұдырықтай ұл-қызының қауіпсіздігінен алаңдамас та еді!

Ошақтың үш бұтындай үш жақ тәрбиесі өзара сапалы әрі берік ұштасқанда ғана ұрпақтарымыз ұлағатты болады деп сенеміз!

 Қаусылхан Қасымханұлы

Қазақстан журналистер одағының мүшесі, жоғары санатты аға оқытушы, жазушы, аудармашы

Пікірлер