Ихтиофаунасы таза су айдынындағы қатер. Алакөлде шортан мен жайын қайдан жүр?

2379
Adyrna.kz Telegram

Қазақстандағы ихтиофаунасы ластанбаған жалғыз су айдыны - Алакөл көлдер жүйесі. Дегенмен, бұл да ластануда. Аталған көлден жайын мен шортан сынды жыртқыш балықтар табылған. Ихтиолог бұл қауіпті дейді. Осы жайында “Адырна” ұлттық порталына ихтиолог Мейрамбек Пазылбеков айтып берді.

Мейрамбек мырза, әлеуметтік желідегі парақшаңызға Алакөл көлдер жүйесінің ластануы туралы жаздыңыз. Бұл туралы қайдан білдіңіз?

— Кәсіби балық аулаушылардың бірі хабарласып, Алакөлде өздерінің ауына түскен шортан мен жайын балығы туралы ақпаратпен бөлісті. Мен ақпараттың шындығына көз жеткізіп, халыққа ұсындым.

Алакөл көлдер жүйесіндегі антропогендік әсерге ұшырауы соңғы 40-50 жылда экожүйенің айтарлықтай өзгеруіне алып келді. Қазіргі кезде антропогендік факторлардың әсерінен көлдер жүйесіндегі ихтиофаунаның сапалық қана емес, сандық құрамы да өзгеруде.

Кәсіптік тұрғыда құны төмен балық түрлерінің (мөңке, тыран, торта) көбеюі, құнды балық түрлерінің (көксерке, сазан және т.б) күрт азаюы бірнше жыл қатарынан байқалуда. Ал аборигенді ихтиофаунаның өкілдері сумен қамтамасыз етуші өзендерді, тұщы сулы өскінді биотопта және Алакөлдің тұзды бөліктерінде ғана мекендеуі байқалған.

Алакөл көлдер жүйесінің ихтиофаунасы шамамен 7 тұқымдасқа жататын 26 түрлі балықтан тұрады, оның 12 түрі аборигенді және 14 түрі жерсінген (интродуциенттер) балықтар. Бұл түрлермен шектелмей алдағы уақытта жаңа түрлермен толығуы әбден мүмкін.

Кәсіптік балық түрлеріне негізінен 6 түрлі балық жатады. Кәсіптік мақсатта қазіргі уақытта 5 түрлі балық ауланады: көксерке, тыран, торта, мөңке және алабұға. Айта кететін жәйт – Балқаш-Іле су алабында Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген Балқаш алабұғасы Алакөлде кәсіптік түрде аулана береді. Себебі екеуі екі бөлек популяцияны құрайды.

Сазан популяцияның қалпына келгенше әзірге аулауға ұсынылмаған, яғни мораторийде.

Алакөл көлдерінің абориген түрлерінің ішінен әлі бір де бір балық түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілмеген.

«ЖАУАПТЫ БАР – МІНДЕТІН АТҚАРЫП ЖАТҚАНДАР ЖОҚ»

Алакөл көлдер жүйесінің ластануы қалай байқалады?

– Мен Алакөл көлдер жүйесін 5-6 жыл қатарынан ғылыми қызметкер ретінде зерттеген ғалымдардың бірімін. Сол кезде Алакөл көлдер жүйесін түгелімен жылына үш мәрте айналып, қарап, кешенді ғылыми-зерттеу жұмысын жүргіземіз. Жалпы, Алакөл көлі Шығыс Қазақстан облысы мен қазіргі Жетісу облысының аймағында жатыр. Айналасында жағалай халық орналасқан. Сонымен қатар, маусымдық демалысқа байланысты суының сапасы мен тұздылығына байланысты демалыс аймақтарына қарай отандық және шетелдік туристар көптеп келеді. Сонымен қатар, кәсіптік балықшылардан бөлек, бұл жерде әуесқой балықшылар да бар. Дәл қазір шортанның қайдан келгені туралы менде нақты дерек жоқ. Оны арнайы зерттеу керек. Алайда, ештеңе құрдан-құр болмайды. Яғни, осы адамдардың әсерінен пайда болуы мүмкін. Біреулер ол жерге әуестеніп жібереді, біреулер қасақана жіберуі мүмкін. Сондықтан бұның дәл қазір неден пайда болғанын дөп басып айту мүмкін емес. Бірақ бұл жерде кездеспейтін жыртқыш балықтардың тірі күйінде балықшылардың ауына әдеттегі балықтармен қатар түскені - нақты факт. 

Аталған жыртқыш балықтардың қанша данасы суда бар екені туралы әзірге нақ басып айтатын ақпарат жоқ. Жылда балықшылар кәсіптік балық аулайды. Алакөл көлдер жүйесі балық шаруашылығы маңызы бар көлдер қатарынан болғандықтан оны балық учаскелеріне бөліп белгілі бір кәсіпкерлерге конкурс нәтижесіне сай келісім шарт негізінде бекітіліп беріледі. Оларды табиғат пайдаланушылар деп атайды. Олар өз кезегінде сол жерде кәсіптік балық аулаумен айналысады. Өздерінің жылдағы міндеттемесіне сай, жылда балықтың қорын толтырып тұру үшін  балықтандыруды күз айында жүргізеді. Сол кезде біз ылғи ұсыныс жасаймыз. Қазіргі таңда Алакөл көлдер жүйесі балықтың бөтен түрлерімен ластанбағандықтан, оны жергілікті балықпен жерсіндіруді ұсынғанбыз. Яғни, ол жерге жіберілетін сазан балығы сол жергілікті жағдайда өсірілуі керек. Өйткені, әрбір су қойма белгілі қалыптасқан тарихи ихтиофауна құрамымымен белгілі. Дегенмен, басқа облыстан жіберген кезде сол жерде мекендейтін балықтар келіп су қоймаға кездейсоқ түсіп кету ықтималдығы жоғары. 

Енді жайын балығының келуінің бір себебі туралы үлкен болжам бар. Яғни, балықтандыру кезінде Алматы облысынан апарған сәтте түскен болуы мүмкін. Өйткені, бұл туралы табиғат пайдаланушылардың өздері растап отыр. Кезінде кеңес дәуірінде әрбір су айдынында бір-бір питомник болған. Яғни, әрбір су айдыны өзін қамтамасыз етіп отырған. Бүгінде ол питомниктердің көпшілігі өз жұмысын тоқтатқан. Сондықтан табиғат пайдаланушылар өз міндетін атқару үшін  қай жерде қолжетімді шабақ бар, соны сатып әкеледі. Оны бақылайтын бізде бірнеше жауапты органнан құралған комиссия бар. Яғни, ол комиссияға төрағалық ететін ауылшаруашылығы министрлігінің құрамындағы балық шаруашылығы комитетінің әрбір өңірдегі бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы бар. Біздің жағдайда Балқаш-Алакөл балық шаруашылығы аумақтық инспекциясы. Сол балықтандыру  жүйесін түгел қадағалайтын, төрағалық ететін мемлекеттік орган болып табылады. Комиссияның құрамына еліміздің балық шаруашылық ғылымы, жергілікті атқарушы орган, яғни әкімшіліктен бір өкіл кіреді және балық шаруашылығы саласындағы аккредитациядан өткен ассоциация кіреді. Өткен жылдан бастап, бақылауға қоғам белсенділері және кез келген Қазақстан Республикасының азаматтары да қатыса алады. Сол комиссия келген балықты санап, салмағын өлшеп, түрлерін анықтап, бөтен балықтар кіріп кетпеуіне жауапты. Алайда, жауапты бар – міндетін атқарып жатқандар жоқ. Яғни, міндетін атқарушылар жауапкершілікті толық сезінбей тұрғандай.

«ЖЫРТҚЫШТАРДЫ ТҮБЕГЕЙЛІ ЖОЮ МҮМКІН ЕМЕС»

Алакөл көлдер жүйесіне енген жыртқыш балықтардан қандай қауіп бар?

— Балықтар екіге бөлінеді: жыртқыш және бейбіт балықтар. Табиғатта ихтиофауна құрамында бейбіт балықтар мен жыртқыш балықтардың өзара балансы тұрақты болуы керек.

Соңғы ақпаратқа сәйкес, Алакөл көлдер жүйесінде кездескен шортан мен жайын жыртқыш балық болып саналады.

Екеуі де су қоймасында қолайлы жағдай тауып, өзінің қорын көбейтіп өсетін болса, бұл ихтиофауна құрамына кері әсерін тигізуі мүмкін. Себебі, бұл жерде онсыз да екі жыртқыш балық бар. Олар Балқаш алабұғасы мен көксерке балығы. Екі жыртқыш балық кәсіптік мақсатта ауланады. Ал бейбіт балықтардың төрт түрі кездеседі. Олар сазан, торта, мөңке, тыран. Енді Балқаш алабұғасы мен көксеркеге тағы екі жыртқыш балық қосылатын болса, демек, кәсіптік ихтиофауна құрамында бейбіт пен жыртқыш балықтар 50/50 болады. Мұның өзі ихтиофауна құрамындағы белгілі бір баланстың ауытқуына әкеліп соғуы мүмін. Яғни, биологиялық баланстың бұзылуына, ихтиофауна құрамының қайта құрылуына, сан мен балықтың биомассасының өзгеруіне, қоректік бәсекелестіктің артуына, балықтың өсу қарқындылығын төмендеуіне және сол сияқты басқада сапалық көрсеткіштерінің бұзылуына алып келуі ықтимал. Жыртқыш балықтар үлкен су айдынына бір түскеннен кейін оны түбегейлі жою мүмкін емес.

«АЛАКӨЛГЕ ЕНСЕ, БАЛҚАШ-ІЛЕ СУ АЛАБЫНА ДА ҚАУІП БАР» 

Алдын-алу үшін не істеу қажет еді?

– Халық арасында осы кездейсоқ балықтарды, жергілікті ихтиофаунаға жат түрлерді жіберудің дұрыс емесін, ол биологиялық ластануға алып келетінін БАҚ арқылы, әлеуметтік желі арқылы, түсіндірме жұмыстары арқылы туристерге, демалушыларға түсіндіру керек. Екіншіден, жылда жасалатын балықтандыру, шабақ жіберу кезінде комиссия өзіне үлкен жауапкершілікті сезініп, осындай жағдайларға жол бермей, жіті қадағалау керек.

Аталған балықтардың Алакөл көліне бейімделіп, өз санын көбейтуге барлық мүмкіндігі бар деуге толық негіз бар. Себебі, екі түр де өзге су айдынында кездеседі, кәсіптік мақсатта ауланады. Мысалы, Балқаш-Іле су алабында,  Арал-Сырдария су алабында бұл балықтар кеңінен таралған. Ал шортан болса, Арал-Сырдария бассейнінде, Ертіс-Зайсан су алабында кеңінен таралған. Әзірге шортан Балқаш-Іле су алабында жоқ. Бұл жерге де ол жат түр болып есептеледі. Бірақ ол жат түр өзіміздің ихтиофаунасы ластанбаған жалғыз ғана су айдыны Алакөл көлдер жүйесіне еніп, қорын көбейтетін болса, болашақта да Балқаш-Іле су айдынына да түсу қауіпі бар. Сондықтан осындай жағдай  болмас үшін бірінші кезекте халық арасындағы биологиялық-экологиялық мәдениетті көтеруіміз керек. Жоғарыда айтқан тізімдегі комиссия мүшелері осындай жағдайды болдырмау үшін бақылауды күшейту керек.

Бұған кінәлі тараптар еш жазаланбай "биологиялық қылмыстан" оңай құтылып оны көрші Қытайға немесе кездейсоқ жағдайға жаба салуы мүмкін. Әрбір су айдыны оқшауланған ағза сияқты экожүйені құрайды. Сәйкесінше әрқайсысының өзіне тән ихтиофауна құрамы бар. Оны бұзуға болмайды, бұл заңмен тиым салынған.

Сұхбат бергеніңізге рахмет!

Дана Нұрмұханбет

“Адырна” ұлттық порталы

Пікірлер