Хэллоуин кімнің мерекесі? Жастар мен ересектер пікірі

1397
Adyrna.kz Telegram

Хэллоуин – 31 қазан күні аталып өтетін «мереке». Желіде оған үн қосып жатқандар да, қарсылар да бар. Сауалнама жүргізіп көргенде Қазақстандағы адамдар оны қолдай қоймайтыны байқалады. Дегенмен жастар арасында мұны мерекелеп кетпесе де, оған бейтарап қарайтындар кездеседі. 

Христиандық дәуірге дейін кезеңде қазіргі Англия мен Ирландияның, сондай-ақ Францияның аумағында кельттер өмір сүрген. Кельттердің жыл санауы қыс және жаз болып екі бөліктен тұратын. Олар Күнді өздерінің жоғары құдайы деп санайтын.

Тура 31 қазан күні кельттер өздерінің Самхэйн деп аталатын ең үлкен мейрамдарын тойлайтын. Бұл мейрам күзгі өнімді жинау науқанының аяқталғанын және ескі жылдың аяқталуы мен жаңа жылдың басталуын білдіретіндіктен, ерекше мәнге ие.

Алматыда әр жастағы адамдар арасында сауалнама жүргізіп көргенде жастарымыздың басым бөлігі бұл мерекеге нейтралды көзқараспен қарайтыны байқалды. Ересектердің де пікірін білдік.

Азамат, 18 жас

 - Былай қарап отырсақ, Қазақстан көпдінді мемлекет болып саналады. Дін жағынан ислам дінінде Хэллоуин мерекесін тойлауға тиым салынады, ол христиандардың, католиктердің мерекесі болып саналады. Егер дін жағынан ұстап тұрса, онда оны тойламауға болады, әрине ол жаңа айтқандай адам өзі біледі. Біздің қазақтар ислам дінін ұстанғандықтан, көбі қарсы шығу мүмкін және бізде басқа дінді ұстанатындар бар. Олар бұл мерекені тойлауы мүмкін.

Менің көзқарасымда дәл қазақтардың тойлағаны дұрыс емес деп санаймын. Өйткені ол біздің ұлттық мүддеде болмаған нәрсе, ол біздің тарихымызда жоқ. Субъективті пікірім – мен бұл мерекеге қарсымын.

Мөлдір, 18 жас

 - Менің ойымша бұл мереке біздің Қазақстанның діліне келмейді. Өйткені ол көбіне АҚШ, Канада сынды елдерде тойланады. «Қазақстанға хэллоуин мерекесі ерсі» деуімнің тағы бір себебі ол мерекеде тамақтардан қорқынышты дүниелер жасайды және қорқынышты киінеді. Ал қазақта «обал болады» деген тәрбиеміз бар. Сондай-ақ, діліміз өз алдында, дінімізге де қарама-қайшы. Ол мереке «жастардың психикасына әсер етеді» деп ойлаймын. Өйткені қорқынышты суреттер салынып, қорқынышты кейіпкерлердің киімін киеді.

Өз басымнан осындай бір оқиға өткен еді, алыс туысымның кішкентай қызы сол хэллоуин мерекесін тойлап, кейін олардың түстеріне қорқынышты кейіпкерлер кіріп, біраз күн бойы ұйқы болмаған және жалғыз қалуға қорқып, шошынып қалған. Бұл дегеніміз олардың психикасына, олардың өміріне бұл әсер етеді. Сондықтан мұны «өзім тойлап қажет емес» деп ойлаймын. Шетел тойлады екен деп, біздің де тойлауымыз міндет емес.

Қарақат, 18 жас

 - Мен дінді берік ұстанатын, 5 уақыт парызымды өтеп жүрген жастардың бірімін. Алайда менің бұл мейрамға көзқарасым нейтралды. Яғни, тореланттылықпен қараймын. Иә, дінде шыны керек, бұл – харам. Үзілді-кесілді қарсы, тіпті күнәға жатқызылған мереке.

Бірақ мысалы, біз қазақпыз. «Дәстүр мен дінді бөліп қарастырмауымыз керек» деп айтып жатамыз. Бұл – Американың дәстүрі. Иә, оларда да дінді ұстанатын адамдар бар. Тик-ток, инстаграм желілерінде көреміз орамалдағы қыздар мен сақалды мұсылман жігіттер Хэллоуинді тойлап жүре береді. Неге, мысалы біз де жаңа жылды тойлаймыз ғой, өйткені ол –біздің қанымызға сіңіп кеткен. Сол сияқты бұл да біреудің бала кездегі керемет, ыстық естеліктері болар. Біз оған келіп «мынауың дұрыс емес» деп шектеу қоя алмаймыз, тіл де тигізе алмаймыз.

Егер мен Америкада тұрсам, Хэллоуин мерекесі аталып жатса, менің балаларым болса, әрине оларға біріншіден түсіндіріп айтамын. Бірақ бала болғандықтан қатарынан қалғысы келмейді дегендей, онда қатты қорқынышты болмаса да, көршінің балалары келіп Хэллоуиннің шартында бар «өмір немесе кәмпит» деп тұрса неге бермеске, бере саламын. Мен бұған барынша толерантты көзқараспен қараймын.

Әмірхан, 67 жас

- Жалпы, біз – еліктегіш халықпыз.  Көп нәрсеге еліктейміз. Соның бәрі негізінен мен ойлаймын – білімсіздіктен өзіміздің салт-дәстүрімізді сыйламағандықтан, ата дәстүрді сыйламағандықтан, өз-өзімізді білмегендіктен, өзіміздің халқымызды – өзіміз жете танымағандықтан. Осының бәрі – осындай біздің кемшілігімізден барып іске асып жатады. Мысалы, сәбилеерге ат қоюды алайықшы. Қайдағы бір жоқ есімдерді, қайда жоқ аттарды қойып жатады. Италияның ба, Испанияның ба, Англияның ба есімдері бізге не керек?

Мына Хэллоуин дейтінді АҚШ-та әуес көріп мейрамдайды. Мен осыған қосылмаймын. Бұл – білімсіздіктің, керек десең мәдениетсіздіктің көрінісі. Біздің жастарымыз өздерінің ата дәстүріне халқымыздың салтына адам болу керек. Бізде не бір керемет мейрамдар бар мысалы Наурызды алшы, қандай әдемі мейрам?! Сол күні киініп ал, қазақша ойын ойна, қазақша биле! Ал енді өзге халықтың мейрамын мейрамдау оны қойшы, Хллоуинның өзі бір есі дұрыс мейрам емес, жын-шайтандарша киініп алған деген дұрыс емес. Мен өзім бұны кинодан бір-екі рет көргенмін. Сондықтан бұл – құрғақ еліктеушілік, бұны жастарымыз доғару керек.

Нұрлыайым, 47 жас

- Хэллоуинге 100 пайыз қарсымын. Неге? Әдетте қорқынышты нәрсеге бойы үйреткен адам – ештеңеден қорықпайтын болады. Балалардың ештеңеден шошымайтыны, уайымдатпайтыны, тіпті жәндіктің өлімінен қорықпайтыны, ондай заттарға немқұрайды қарайтыны осының салдары деп ойлаймын.

Кейбір мультфильмдерде де мен байқадым, адам өлтіріп жатса, оған бұрынғы буын шошып жатсақ, жас буын тып-тыныш қарап отырады. Ол нені білдіреді? Егер болашақта толығымен сол мереке келетін болса біздің жас буын тіпті адам өліміне де немқұрайды қарайтын болады. Қазірдің өзінде де байқауға болады, көшеде көлік апаты болып, адам жерде жатып қиналып жатса тыныш қана өтіп кете береді немесе видеоға түсіріп тұрады.

Осыдан 1-2 күн бұрын Америкада тұратын қазақ қызының Хэллоуинге өзінің отбасымен дайындығын көрдім. Ол жерде қазақ аудиториясына Хэллоуинді насихаттап отыр. «Біздің Қазақстанда сындай Хэллоуин сияқты отбасылық мереке жетіспейді. Қараңыздаршы, мен отбасыммен мынандай ойыншықтар жасап жатырмын» дейді. Сондағысы чупа-чупс сияқты конфеттен бастарын орап, көздерін бояп, қорқынышты маска жасап отыр. «Сіздер осыдан қорқасыздар. Қорықпаңыздар, бұл біздің отбасымызды біріктіріп жатыр» дейді. Ашуыма тиген соң мен пікір жаздым. Аудиторияның көбі оған қарсы болып пікір жазды. Жартысы қолдап жатты, оның сөзін сөйлеп. Жалпы мен – қарсымын.

Ислам Аден

Пікірлер