АМАНГЕЛДІ КЕҢШІЛІКҰЛЫ: Желіге желімше жабысып, өтірік мақтағанға мәзбіз

2043
Adyrna.kz Telegram

Қош. Сонымен 2024 жылғы әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы менен екі жас кіші замандасым оңтүстіккореялық жазушы Хан Ганға бұйырды. Осыдан сегіз жыл бұрын 2016 жылы ол «Ет жемейтін әйел» романы үшін Букер сыйлығын алған еді. Жаңалықты ести салысымен Литрес Книги сайтынан Хан Ганның екі кітабын «Человеческие поступки» (Адамдық әрекеттер) және «Вегетарианка» (Ет жемейтін әйел) тауып алып, түні бойы ұйықтамай оқып шықтым. Бұл жолғы Нобель сыйлығы өз иесін тауып, лайықты жазушыға берілген екен.

Маған Хан Ганның «Ет жемейтін әйел» романы қатты ұнады. Шығарманың оқиғасы қарапайым ғана. Бір әйел түнде қорқынышты түс көріп, ет жеуден бас тартады. Міне, осы кезден оның күйеуімен, қоғамдағы адамдармен қарым-қатынасы күрделене түседі. Роман өте шебер жазылған. Шығарма біресе күйеуінің атынан баяндалып, біресе әйелдің көзімен беріледі. Автор детальдарға қатты мән береді. Бір артық сөйлем жоқ. Стильдің нәзіктігіне қарап, автордың мәтінмен күні-түні жұмыс істегенін түйсігіңмен сезесің. Мына екі кітапты оқып болғаннан кейін Оңтүстік Кореядан шыққан қаламгерлердің туындыларын оқуға деген құлшынысын арта түсті.

Ей, қазақтар. Замандастарымыз әлемге танылып, Нобель сыйлығын алып жатыр. Ал, біз әлеуметтік желіге желімше жабысып алып, бір-бірімізді өтірік мақтағанға мәзбіз. Қашан есімізді жиып, өзімізді қамшылаймыз. Әлде, ішкен-жегенімізге ғана мәз болып, өз жазғандарымызға өзіміз ғана тамсанып осылай жүре береміз бе? Өмір болса өтіп барады.

 

Amangeldi Myrzabek

 

 

 

 

 

 

Пікірлер