“Күй - ғұмыр” республикалық ақындар мүшәйрасының жеңімпаздары анықталды

1736
Adyrna.kz Telegram

Ақын Мирас Асан Халық композиторы, күйші Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының есімін ұлықтауға арналған «КҮЙ-ҒҰМЫР» атты республикалық ақындар мүшәйрасында жеңімпаз атанды, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

“Халық композиторы, күйші Аққыз (Мүгілсім) Ахметқызының есімін ұлықтауға арналған «КҮЙ-ҒҰМЫР» атты республикалық ақындар мүшәйрасынан бәйгелі болдық! Аққыз апа мұрасын кеңінен насихаттап, осындай үлкен іске ұйтқы болған күйшінің жұрағаты Болат Тәкішев ағамызға, конкурста қазылық еткен ақиық ақындар Серік Ақсұңқарұлы, Ғалым Жайлыбай, Дәулеткерей Кәпұлы ағаларыма, әдебиетші ғалым Жансая Жарылғапов ағама алғыс айтамын!  Қазақ күй өнерінің көкжиегі кеңге қанат жайып, төл мұраларымыз әрдайым төрге оза берсін!” деп жазды Мирас Асан.

Ақынның Аққыз күйшіге арнаған өлеңін толықтай ұсынамыз:

АҚҚЫЗ

(полиптих)

ҚЫЗҚОСБАСАР

Сарнайды Қызқосбасар, саусақ бойын сағалап,
Сужорғаны перне үсті тайпалтқандай тағалап,

Зар қосады зарыңа, заулатпайды құр сабап,
Құйылады ішке күй – төңкерілген құмсағат.

Тырнап тартса шанақты тыраулайды көкте құс,
Тырна қайда, көк қайда, шанақ еді-ау теп-тегіс?

Аяласа пернені, аялдаса басып нық,
Екі ішектің бойымен кетеді ыршып жас ытқып.

Мұңқосбасар – мына күй, Зарқосбасар – мына әуен,
Майдандасып қос ішек – бір әлем мен бір әлем.

Қыз саусағы ендігі саусақ емес мұңды леп,
Жүрегіңді тартады екі ішекті ілгілеп.

Қызқосбасар үдейді жүрегіңді осқылап,
Бал бармақтан күй емес, бода-бода жас құлап.

Қасіретке тік қарап өзін-өзі тартты қыз,
Ауыр жүгін тағдырдың иығына артты қыз,

Көзінен – жас, тиектің – тамырынан күй ақты,
Домбырасы – тарихтың қаламсабы сияқты.

Қуырады жаныңды, шыжғырады миыңды,
Отырады алдыңда әділ төре, би үлгі!

Тоғыз перне, он саусақ, қос ішекке тіл бітіп,
Сені жұта бастайды Қызқосбасар қылғытып...

Ұзай беріп бір заман бәсеңдейді, баяулап,
Күйші алдында қаласың манағы атты, жаяулап.

Дала тартып жатады күйші үстінен қосарлап,
Домбыраның қос ішегі – қос жанары жасаурап...

Қызқосбасар – ешқашан тоқтамас күй мәңгілік,
Күйшіден соң ішіңде сен тартасың, жаңғырып!..

БОЛМЫС

Оның саусақтары,
Перне үстінен саумалды тамсап дәрі,
Күйдің қойып кетеді қойнауына,
Көздің жасы заңдылық – моншақтауы.

Оның отырысы –
Хан Кененің қамалы, бекінісі...
Сары өзенді жоқтаған Саймақ құсап,
Өзегіңді өртейді өкініші...

Оның домбырасы,
Қос ішегіне қонған қаз – жан дұғасы.
Заты ағаш демесең, аты – Алаш,
Көзден аққан бабаның қанды жасы.

Оның аруағы –
Жымда жатқан рухының қабыланы.
Жерге ұрады құйрығын, ал онысы –
Көз бен сөзден киесін қорығаны!

Оның маңдай тері –
Шып-шып еткен ыза су, сордай тегі.
Тырс-тырс тамып жатады түйсігіңе,
Сусап қалған жаныңның қанбай шөлі...

Оның морт мінезі –
Дел-сал қылған жанының дертті кезі...
Дүниемен ісі жоқ дәруіштей,
Жал-құйрығын жалғаннан шортқа үзеді.

Оның айналасы –
Алқақотан тасыған мейманасы.
Бағзыдағы балбалға кетеді ұқсап,
Бағанадан сүйеген ойға басы.

Осы қалып,
Ой-санаңа мәңгілік көшіп анық,
Сені тартып осылай отырады,
Көз жасыңды жүректен көсіп алып...

«ҚАЙРАН ЕЛІМ!»

«Тезек теріп келем!» деп, үйден шықты Мүгілсім,
Жұмысындай күндегі үйреншікті, Мүгілсім,

Ала қапты арқаға төркіндеді келіншек,
Ағайынның жанары мөлтілдеді, көңілшек...

Байдың қызы кешегі, тезегі не, қабы не,
Қызыл қырғын, сұм жүйе, көрсетпегің тағы не?

Бастан ауып бақ-ырыс, күні туып жалшының,
Бай-манапты құл-құтан астына алды қамшының...

Қызыл жалау қып-қызыл қанға айналды қанығып,
Атқа қонды қу мен сұм, жандайшаптар жанығып!

Күй тартқанша он саусақ, қи да теріп көрсін деп,
Бұдан былай бай-кедей «жарқын» өмір тең сүрмек.

Ат үстінен қарайды Мүгілсімге құл мен күң,
Мүгілсімнің кеудесі – кеуде емес зар мен мұң,

Кенеп қапты қорадан ала шықты асығып,
Қап ішіне домбыра сала шықты жасырып...

Алты қанат боз үйде шалқып келген домбыра,
Көгілдірдей айдында қалқып келген домбыра,

Төрге ғана ілініп, төрде ғана тартылған,
Бәсі биік, құны артық ат басындай алтыннан,

Қайран қара домбыра қап ішіне сүңгіді,
Тоғыз перне он саусақ уысынан сырғыды...

Көкейдегі шер-мұңды саулатқалы Мүгілсім,
Жылдам басып ауылдан аулақтады Мүгілсім...

⁎⁎⁎

«Қайран елім!» дейді бел, ұқсап бейне кісіге,
Қараяды Қаратал, қанын жұтып ішіне,

Қап ішінен домбыра зарлай шықты не керек,
Екі көзден аққан жас парлай шықты не керек,
«Көкейкесті», «Сарыжайлау» ере шықты не керек,
Қырық буын Қосбасар өре шықты не керек,

Қоңыр таулар мүжіліп, шөге берді не керек,
Шешен шанақ запыран төге берді не керек,

Жанды жеген жегі мұң перне бойын қуалап,
Бағынған жоқ Аққызға, дертті жанды дуалап...

«Қайран елім!» деп саусақ қос ішекті қарпыды,
Іштегінің түгелін іріккен жоқ, сарқыды,

Үлпілдеген үкісін жел әкетті суырып,
Бүлкілдеген жүрегін мұң әкетті қуырып,

Күй тербеген тиекке кие қона алар ма?
Кемсеңдеген иекке ие бола алар ма?

Селкілдейді қос иық, сартылдайды қу шанақ,
Қу шанақты көз жасы жуып жатыр – у шарап...

Қарып өтті өн-бойын қара суық, ызғар кеп,
Бір қағыста оққа ұшты Әбди, Сембек, Қыздарбек...

Бір қағыста Бегімсал домбырасын өртеді,
Бір қағыста Әбікен «Бес төрені» шертеді...

Бір қағыста Тәттімбет удан өліп қапыда,
Бір қағыста Күләшті жоқтап жатты сахна...

Мыңғырған мал, төрт түлік сәні болған даланың,
Бір-ақ сәтте айдалып, қолына өтті қараның...

Бір қағыста бай әке тәркіленді мүлігі,
Бір кедейге қор болды тымағы мен тұлыбы.

Дархан дала тып-типыл қаңырайды сұрықсыз,
Қалтылдайды есіл рух, тымақсыз һәм тұлыпсыз...

⁎⁎⁎

Қайтыпты үйге кешкілік, қаңыраған Мүгілсім,
Домбырасы аулақта аңыраған Мүгілсім,

Күй мен қиды бір қапқа нығарлаған Мүгілсім,
Қызыл жалау жан-жағы ұрандаған Мүгілсім,

Қап ішінде домбыра сол қалғаннан мол қалып,
Тарта алмапты батып жұрт, қастерлісін қолға алып...

Ортаға алып күйшіні кемпір-шалдар кеңкілдеп,
Айналшықтап серіні қыз-бозбала желкілдек,

Тартылмапты шалқып күй шаңыраққа құт кіріп,
Сері түскен боз орда ту биені жықтырып,

Тыңдалмапты Қосбасар – тынып аққан кең өзен,
Қан болмаса қолқаңда, кеппей көрсін кенезең?

Домбыраның орынын басып озып барабан,
Қайың сүрек сандықты ысырыпты шабадан...

Оқшырайып малақай хандар киген мұраққа,
Бес жұлдызды күнқағар жол бермепті тымаққа,

Тепеңдеген қойторы алдын орап тұлпардың,
Таласыпты топ қарға тұғырына сұңқардың...

Қайтыпты үйге кеудесін күй кемірген Мүгілсім,
Он саусағын қыналы қи кемірген Мүгілсім...

Қайтыпты үйге саусағы қанталаған Мүгілсім,
Қап ішінде өз-өзін арқалаған Мүгілсім...

ҚҰБЫЛЫС

Қолы сынған қарт Аққыз, кәрілікке шын налып,
Отырған бір шақ екен, үй алдында шырмалып.

Апасына еркелеп, Кәмел – жігіт ағасы,
Сұхбаттаса кетпекке, келген кезі, жобасы...

Қарт күйшінің көңілін, қалын сұрай келіпті,
Жүзіне Аққыз әженің қалың шырай еніпті.

Туа бермес о күнде, орайлы сәт мұндай дәл,
Сөйлете алсаң көндіріп, Аққыз, Аққыз – шын қайнар.

Сұрапты өткен-кеткенді, зұлмат жылдар зардабын,
Лайланғанын тұнықтың, шайқалғанын Орданың...

Оты шүйгін даланың айналғанын тақырға,
Ұлы өнердің бағасы қор болғанын бақырға,

Сұрай түсіп жас Кәмел домбыраны нұсқапты,
Шертіңіз деп өтініп шешен қолды қыстапты,

«Кештеу келдің...» депті әже, күйім жоқ деп баяғы,
Домбыраның орынында сүйеулі екен таяғы.

Домбыраға қол жалғап, тоғыз перне толғама,
«Шертіңізші ақырын!» депті Кәмел сонда да...

Қандай күй бар дейсің деп, сынған қолдың ебінде,
Алдыртыпты төргі үйден домбыраны келінге...

Жүзін әжім торлаған Аққыз әже серпіліп,
Сағақ, перне үстінде сырлы саусақ жөңкіліп,

Шерткен сайын о, ғажап, өң жасара беріпті,
Манағы Аққыз әже емес, жас келіншек көрікті,

Отыр Кәмел алдында шертіп «Көкейкестіні»,
Манағы Аққыз әже емес, жас келіншек – кескіні.

Балғын шағы есіне түскен кезі сол ма екен,
Балғын қымыз сапыртып ішкен кезі сол ма екен?

Салтанатты кең төрге озған кезі сол ма екен,
Ақ арманға қолдарын созған кезі сол ма екен?

Ел жайлауға жазылып шыққан кезі жоқ әлде,
Сол уақытқа кетті еніп, бір шақтарда Кәмел де...

Көз алдынан жөңкіліп қаракөктің үйірі,
Құл-құтанға жем болды хан баласы, би ұлы,

Атып, асып, айдатып, итжеккенге шетінен,
Бәрін оқып отырды Ақ әженің бетінен...

Өнерліні тұқыртып, төбесінен оқ атып,
Қақпандағы қасқырды қанден итке талатып.

Торлап әже әжімін, келмес күннің елесі,
«Көкейкесті» тоқтапты, шертпе күй төресі...

Толғамалы күй ұзақ, ғасыр көшіп пернеде,
Үнсіз жылап отырды екі мұңлық бөлмеде...

 

Пікірлер