"Популяцияны қалпына келтіреміз". Қазақстанға Нидерланды мен Ресейден жолбарыстар әкелінбек

997
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Экология және табиғи ресурстар министрі Ерлан Нысанбаев Қазақстанда жолбарыстарды жерсіндіру жоспарлары туралы айтты, - деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

Ол 2015 жылы Дүниежүзілік жабайы табиғат қорымен реинтродукциялау туралы тиісті құжатқа қол қойылғанын еске салды.

«Ол – Тұран жолбарысы. Іле өзенінің жағасындағы орманда және Балқаш өзеніне құятын жердегі қамыс өсетін алқапта тұран жолбарысы болған. Соңғы жолбарыс сол өңірде 1948 жылы мекендеген. Сондықтан біз кер тағыны (жабайы жылқы – ред.) алып келіп, ондағы популяцияны қалпына келтіреміз деген үлкен бағдарламамыз бар. 2026 жылы ол 40 бас болады. Енді жолбарыстың популяциясын қалпына келтіру бойынша 2024 жылғы қыркүйектің соңына дейін Нидерландтан екі жолбарыс алып келеміз. Бұл Тұран жолбарысы тұқымдас Амур жолбарысы. Себебі осы екі жолбарыс қана суыққа төзімді. Қалған жолбарыстың бәрі жылы жерде өмір сүреді. Сондықтан келесі жылы Ресейден тағы төрт жолбарысты әкелеміз. Осылайша бізде болған жолбарыстың популяциясын қалпына келтіру мәселесін шешуге арналған бағдарлама бар, - деді экология министрі Ерлан Нысанбаев.

Оның айтуынша, бұл жолбарыстар хайуанаттар бағында ұсталатын болады.

«Олар шығарылмайды, бірақ пайда болған төлдер табиғат жағдайына қарай жерсіндірілетін болады», - деп қосты министр.

Еске сала кетекйік, 2021 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жолбарысты қайта жерсіндіру туралы айтқан еді.

Пікірлер