Қазақстанда Ресейден келген 280-нен аса оқушы білім алып жатыр. Бұл туралы Қазақстанның оқу-ағарту министрлігі Halyq Uni ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.
“Облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім басқармаларының 2022 жылдың 10 қазандағы ақпараты бойынша республика мектептерінде Ресей Федерациясынан келген 283 оқушы білім алып жатыр”, - делінген министрліктің орта білім беру комитеті таратқан ақпаратта.
Айта кетейік, бұған дейін еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Қазақстанда 22,5 мың ресейлік жұмыс істейтінін, олардың зейнетақы жарнасын төлеп жүргенін айтты.
«Соның ішінде жыл басынан бері 8 мыңға жуық ресейлік жұмысқа тұрды. Олардың 72%-і – қызмет көрсету, 16%-і – өнеркәсіпте, 9%-і – құрылыста, 2%-і ауыл шаруашылығында жұмыс істейді», - деді Дүйсенова.
Негізгі мамандықтар ішінде клиенттермен жұмыс істейтін менеджер, бухгалтер, сатушы, автокөлік жүргізушілері де бар.