Ресейде қазақстандық студент сотталды

125
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/7Vtq3UH6nR9r5z5URID3RSzLLPbVj7E5LN97Uw5B.png

Ресейдің Санкт-Петербург әскери соты қазақстандық студент Гарри Азарянды терроризмді ақтау бабы бойынша кінәлі деп танылды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол 2 жылға бас бостандығынан айырылған. Оқиға Санкт-Петербург қаласында болды.

Мемлекеттік айыптаушы соттан 3 жыл жалпы режимдегі колония жазасын сұраған. Ал студенттің адвокаты айыппұл түріндегі жаза тағайындауды талап еткен.

Тергеу нұсқасына сәйкес, айыпталушы билікті күшпен құлатуға қатысты идеяларды қолдаған деген күдікке ілінген. Прокурор ауырлататын жағдай ретінде оның Ресейдегі мобилизация кезеңінде Украинадағы соғысқа қатысты пікір білдіргенін атаған.

Сотта соңғы сөз сөйлеген Гарри Азарян кінәсін мойындап, жасаған әрекетіне өкініш білдірген. Ол қоғамға қайта оралып, пайдалы болғысы келетінін және радикалды әрекеттерге бармайтынын айтқан.

23 жастағы студент Қазақстаннан Ресейге барып, Санкт-Петербург мемлекеттік университетін тәмамдаған. Кейін магистратурада білімін жалғастырған. 

Ол 2025 жылдың мамыр айында қамауға алынған.

Тергеу материалдары бойынша, студент Ресейде 2024–2025 жылдары болған Жұмысшы билігі атты ұйымның студенттік ұяшығына қатысы болуы мүмкін деп күдіктелген. Тергеу дерегінше, бейресми кездесулерде революция, таптық қақтығыс және көшедегі күш қолдану тақырыптары талқыланған.

Қазіргі уақытта үкім заңды күшіне енгені немесе шағымданатыны туралы ақпарат жарияланған жоқ.

Пікірлер