Балиғат жастағы қыз бала орамалмен жүруі керек - Бас мүфти

1133
Adyrna.kz Telegram
фото: stan.kz
фото: stan.kz

Балиғат жастағы қыз бала орамалмен жүруі керек. Бұл туралы Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы  түсініктеме берді, деп хабарлайды “Адырна” ұлттық порталы.

"Никаб – бұл адамның бетін жауып тұратын киім. Ал шариғат никабты міндеттемейді. Шариғатта никабпен жүруге қатысты міндет жоқ", - деді Тағанұлы журналистерге берген сұхбатында.

Осы орайда бас мүфті никаб сияқты діни киімдерге заңмен тыйым салу мәселесіне қатысты өз ойын да айтты.

"Никабты заңмен шектеу мәселесін заң орындары өздері шешеді. Ал біз өз насихатымызды айттық, біз заң шығармаймыз, тек мынау болады, мынау болмайды деп халыққа түсіндіреміз. Әрине, біз де заңға бағынамыз. Біз халықтың пайдасына шығатын кез келген заңға бағынамыз", - деп атап көрсетті Тағанұлы.

Сондай-ақ, ол балиғат жастағы қыз орамалмен жүру керегін айтты.

“Балиғат жастағы, Аллаға сенген кез келген қыз баланың орамалмен жүруін шариғат міндеттеген. Сондықтан балиғат жастағы қыз бала орамалмен жүруі керек. Біз оны осыған дейін де айттық. Намаз оқитын қыз бала орамалмен жүргісі келеді. Оның құқығы неге шектелуі керек?», - дейді Бас мүфти.

Айта кетсек, балиғат жас қыз балаларда 9 жастан, ұл балаларда 13 жастан басталады.

Еске салсақ, осыған дейін оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушылары мектеп формасы кию керек деген болатын. Министр Конституцияда еліміз зайырлы болып саналғандықтан, мектеп те зайырлы болуы керегін алға тартқан еді.

Пікірлер