Тәуелсіз толқын. Қос дөңгелек қуаты

1550
Adyrna.kz Telegram
коллаж: adyrna.kz
коллаж: adyrna.kz

Желіде Қазақстанды велосипедпен аралаймын деген қазақстандықтың бейне блогтары тарады. Ол онда қала мен ауыл, дала мен аймақтарға жол түзеп, саяхатының қызықты сәттерін жариялауда. Еліміздің түкпір-түкпіріне қос дөңгелекті тұлпармен велосаяхат жасап, шақырымдарды шаршамай еңсерген қазақстандық Мұрат Қарабай хоббиі жайлы «Адырна» тілшісіне әңгімелеп берді.

ӘУЕСҚОЙЛЫҚТАН - ӘЛЕМГЕ

Мұрат Қарабай – Алматы қаласының тумасы. Шоқан Уәлиханов атындағы №12 орта мектепті тәмамдаған. Бала кезінде әскери адам болуды арман еткен ол, қазір бұл саладан алыс екенін жеткізді. Велосаяхатты жанына медеу еткен Мұрат мырза темір атын алғашында жай қыдырыс үшін алғанын айтты.

«Мен өзіме 2013 жылы бір велосипед сатып алғанмын. Онда да жай ғана дүкенге немесе паркте қыдыру үшін алған едім. Кейін үйден жұмысқа қарай баруға айдап шыға бастадым. Бірте-бірте 2018 жылдан бастап Медеу жаққа көтерілдім. Бірінші сапарым 3 сағаттың төңірегіне дейін созылды. Бір жылдан кейін, 2019 жылы Есентай мен әл-Фараби қиылысынан Медеуге дейін әуесқой жарысқа дайындалып, кәдімгідей жаттыға бастадым. Сол жарыста медеуге 1 сағат 35 минутта шығып, 118 қатысушының ішінен 59-орын алдым. Содан кейін үнемі әуесқой жарыстарға дайындалып, қатысып жүрмін” деді ол.

«ӨЗІМ ЖӘНЕ ЕРКІНДІК»

Мұрат Қарабай велосипед тебуін карантиннің кезінде иммунитетін жақсарту үшін де тоқтатпағанын айтты. Тіпті ол жұрт пандемиямен күресіп жүрген уақытта басқа көлік түрлерін қолданбағанын қоса кетті:

«2020-жылдан бастап велосипедті жиі теуіп, тіпті карантиннің кезінде мүлдем түспейтін болдым. Өйткені вирустарға ұрынбай жүру үшін менің иммунитетімнің мықтылығы аса маңызды болды. Ауырып жатқан анашыма қарап жүрдім. Ауру жұқтырмас үшін басқа көлік түрлерінен де бас тарттым. Көбінде халық көп. Ал велосипедте өзім және еркіндік» деді ол.

ОҢТҮСТІККЕ САПАР

Велосаяхатшы осы жолы Оңтүстік аймақтарға саяхатын бастаған. Алматыдан Түркістан, Шымкент қалаларына сапарлап ондағы алған әсерлерімен, кезіккен қиындықтармен де бөлісе кетті.

«Осы жорықта маған қатты ұнаған Жамбыл облысындағы Мерке, Түркістан облысындағы Тұрар Рысқұлов ауылдары. Сондай-ақ, Түркістанның көркеюіне, дамып жатқанына таңғалдым. Қала сондай әдемі болып кетіпті. Бұрыңғы сапарлардан Асы-Бартоғай атты жайлауына саяхатым керемет әсер қалдырған еді. Оңтүстік аймақтарға шеккен сапарымда ең қиыны - қарама-қарсы соққан жел болды. Алматыдан шыққалы бері тура алдымнан соғып, жылдамдығымды төмендетуіме тура келді. Бірақ оған қарамастан жүре бердім. Оңтүстік өңірдегі жолда кездестірген адамдардың көбі көңілдері ашық, жандары жайсаң екендігін байқадым. Кейбіреулері шайдің ақшасын алмай, енді біреулері қымызбен қарбызды аяған жоқ. Өзімді ұялтып жіберді» деп күлді ол.

«САЛАУАТТЫ ӨМІР СҮРЕЙІК»

Айтар ауызға жеңіл көрінгенмен велосипед тебу, онымен саяхат құру, бірнеше шақырым шабу үлкен тәжірибе мен төзімді қажет етеді. Десе де, денсаулыққа берер пайдасы да мол.

«Велосипедпен тұрақты серуен құру жүрек пен қан тамырларын нығайтады және шынықтыра түседі. Денені сергек етеді, жұмыстан шаршауды азайтады. Ұйқың да қанық болады және үнемі энергияға толы жүресің. Велосипедпен жүру кезінде әдеттегіден көбірек ауа жұтасың, яғни өкпе толық қуатта жұмыс істейді, олардың көлемі артқан сайын метаболизм қалыпты жағдайға оралады. Егер техникасын дұрыс қолданып, тізе мен жүрекке ауыр әсер етпейтіндей айдаса, қос дөңгелектің үстінде көпке дейін шабуға болады. Бірақ ұзақ жолға шығу үшін күнделікті дайындық керек. Салауатты өмір салтын ұстанып жүрсе ғана адамдар спортта үлкен нәтижелерге жете алады” деп атап өтті велосаяхатшы Мұрат.

Дина Литпин

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер