Жаяу саяхатшы Сәрсенбай Қотырашев: Жол ережесін қатаң сақтаймын

1056
Adyrna.kz Telegram
Фото: adyrna.kz
Фото: adyrna.kz

Жер жүзін шарлауды мақсат тұтқан жетпістен асқан жаяу қазақ Сәрсенбай ақсақал қазан айында сапарының үшінші кезеңін аяқтады. Осыған дейінгі жаяу жорығы туралы айтқан ол болашақ жоспарымен де бөлісті.

Дүниежүзін жаяу аралауға шыққан 74 жастағы саяхатшы Сәрсенбай Қотырашев 2022 жылы Қазақстанның 17 облысын 6 айда жүріп өтті. Сонымен қатар, 2023 жылы 100 күнге жуық уақытта 3000 шақырымды еңсерді. 74 жастағы қазақстандық саяхатшы биыл 2 тамыз бен 2 қазан аралығында Өскемен қаласынан бастап Қытай астанасы Пекинге дейін барып, сапарының үшінші кезеңін сәтті аяқтады. Зайыбы дүние салған соң жер шарын жаяу аралауға шыққан Сәрсенбай Қотырашев сұрақтарымызға жауап беріп, алдағы жоспарларымен  бөлісті.

 - Әлемді жаяу аралау идеясы қайдан келді? Бұл шешімді қабылдауға не түрткі болды?

- Бұл идея маған 2016 жылы келді. «Ұлытау» ұлттық тарихи-мәдени және табиғи қорық-мұражайының басшысы Бақтияр Қожахметовтың ұйымдастыруымен музей қызметкерлері жиі экспедицияға шығып жүрді. Қазақстан тереториясын аралап, Ресейдің біраз жеріне саяхаттады. Жәдігерлер жинап, Ұлытаудың тарихын түсіндіріп, оларды салыстырып көптеген материалдар жинады.

Осыған байланысты маған жаяу жүріп қазақ тарихын неге насихаттамаймын деген ой келді. Халқымыз «көп жасағаннан сұрама, көпті көргеннен сұра» дегендей, Алланың берген қуатын пайдаланып, жастарға рухани байлық берейін деп 2022 жылдан бастап сапарға шықтым. Сапарымның алғашқы кезеңінде Қазақстанды араладым. Одан кейін, Ресей, Грузия, Түркия, Моңғолия және Қытайға барып қайттым. Бұдан керемет әсер алдым. Моңғолдар айтпақшы, «үйде отырған данышпансығаннан, жолаушы болып жол жүргенің артық».

Менің мақсатым – біздің ұмытылып кеткен қымыз мейрамын насихаттау. Осы арқылы халықтар достығын, сыйластығын, жақындығын дәлелдеу.

 - Барған елдеріңіздің мәдени ортасы туралы айтып берсеңіз. Әртүрлі елдердегі мәдени айырмашылықтарды байқадыңыз ба? Қай елдің мәдениеті сізге ерекше әсер етті?

- Бізден қатты айырмашылығы жоқ. Бірлі-жарымды дәстүрлеріне байланысты ерекшеліктері бар. Сапар барысында шешендер мен грузиндердің қонақжайлылығы мен адамға деген сыйластықтары жақсы екеніне көзім жетті. Бірақ, дүниежүзінде қазақ халқындай дархан халық жоқ. Шетелдегі қандас бауырларымыздың қонақжайлылығын, ұлттық дәстүрді сақтағанын көріп қуанып қалдым.

 - Қазақстанда сіздің саяхатыңызды қалай қабылдады?

 - Саяхатымды барша азаматтар қолдады. Халқымның осындай қолдау көрсеткеніне рақмет! Әсіресе, бірге жұмыс істейтін ұжымымның қолдауларын қатты сезіндім.

 - Сіз саяхат барысында экология мен қоршаған ортаның жағдайын байқадыңыз ба? Қандай өзгерістерді көрдіңіз?

 - Түркияда жолдың жиегінде орналасқан цемент зауытын көріп таң қалдым. Биік мұржадан болмашы ғана қоңыр түтін шығады. Ешқандай артық шаң-тозаң жоқ. Айналасы тап-таза. Міне, қоршаған ортаны сақтағандық. Тағы бір байқағаным, шет елде жел электр станциясы қолданылады екен. Ешқандай шу да, табиғатқа келтіретін зиян да жоқ. Қоршаған ортаны қорғау деп соны айтар едім. Осындай дүниелерді көргенде «бізде неге осылай жасамаймыз» деген сияқты ой келеді.

 - Жаяу жүрген кезде физикалық және психологиялық тұрғыдан өзіңізді қалай дайындайсыз?

- Саяхат кезінде өзімді іштей дайындаймын. Алланың берген қуатын пайдаланып, алға қойған мақсатымды орындауға талаптанамын. Жол ережесін қатаң сақтаймын. Соның арқасында аман-есен сапарым жалғасын тауып келеді.

Сәрсенбай Қотырашевтың саяхаты жайлы сапар барысында көмектесіп жүрген «Ұлы тағзым» қоғамдық қорының директоры Бақтияр Қожахметовтен де сұрап көрдік.

  - Ақсақалдың физикалық дайындығы жайлы айтып берсеңіз. Сапар барысында денсаулығы сыр беріп жатқан жоқ па?

 - Әуел баста 70-тен асқан қарияның саяхатқа шығам дегеніне отбасы, жақын туыстары, біз біраз қарсылық білдірдік. Бірақ, тоқтата алмайтынымызды білген соң, жылы лебізімізді білдіріп, қолдау көрсеттік. Қазір өмір бойы жұмыс істеп, қартайған шағында сапарға шығып дұрыс шешім қабылдады деп ойлаймын. Бұл кісінің денсаулығы өте мықты, шаршамайды. Ауырдым дегенін де естімедім. Күші көп, сапар кезінде күніне 40-50 шақырымды оңай еңсереді. Жол жүргенде зымырайды. Шаршадым, ары қарай жүрмеймін деген емес. Ауа райы бұзылып жатса да сапарын тоқтатпайды.

Берген уәдесінде тұрады. Рамазан айы кезінде ораза ұстайды, бірақ бұрынғы қалыппен жұмыс істей береді. Халық «робот» деп таң қалып жатады. Бұл кісі көп сөйлемейтін, тұйық адам болатын. «Сөйлей-сөйлей шешен боласың» демекші, қазір бұрынғыдай емес, жолда кездескен адамдармен сөйлесіп, сұқбаттар беріп жүр. Тарихты, этнографияны жақсы біледі, отырған жерінде әңгіме сұраған адамдарға айтып береді.

 - Жақында ғана сапарының үшінші кезеңін сәтті аяқтады. Келесі кезеңде қай елдерге сапарлайды?

 - Төртінші кезеңде Еуропа елдеріне барады. Өткен жылы сапарын Азияның соңғы батыс нүктесі Стамбулда аяқтады. Ары қарай Болгария, Сербия, Венгрия, Австрия, Германия, Франция елдеріне бармақшы. Еуропаны аяқтап, қайтып келіп, қыстан шыққан соң келесі жылы Американы бағындырады. Ол сапардың бесінші кезеңі болады.. Бұйырса, осылай дүниежүзін аралап шығады.

 - Сәттілік тілейміз! Сұқбатқа келіскендеріңізге рақмет!

Мерей Мырзағалиқызы

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер