Ажал көлігіне айналған Alphard апаты. Ресми дерек не дейді?

2672
Adyrna.kz Telegram

Ел ішінде қалааралық көлік құралы болған Alphard-тан қауіп сейілмей тұр. Үлкен жолда жол-көлік апаты болып, Alphard “ажал көлігіне” айналған.

Кеше, 17 тамыз күні Жамбыл облысында жантүршігерлік апат болды.

“2024 жылғы 17 тамызда сағат 1.00 шамасында «Меркі-Шу-Бурылбайтал» республикалық тас жолының 40-шақырымында ауыр жол-көлік оқиғасы болды. Toyota Alphard көлігінің жүргізушісі қарсы жолаққа шығып кетіп, полиция патрульдік полициясының Skoda Octavia көлігімен соқтығысқан. Оқиға салдарынан қызметтік көлікте болған және жол қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тас жолды күзетіп жүрген екі патрульдік полицей оқиға орнында қаза тапты. Қайтыс болған полицейлердің бірі 11 баласы бар әке. Toyota Alphard көлігінде сегіз жолаушы болған. Олардың төртеуі оқиға орнында көз жұмды, жүргізуші мен қалған үш жолаушы әртүрлі ауырлықтағы жарақаттармен орталық аудандық ауруханаға жатқызылды”, - деп хабарлады Жамбыл облысы ІІД баспасөз қызметі.

“Ажал айтып келмейді” десек те Alphard апаты жүргізушілердің жол үстінде ұйықтап кетуі, қарсы жолаққа шығуы, қатты жылдамдықпен жүруінен туындап отыр. Жыл сайын бұл статистика да өсіп жатыр. ҚазТАГ редакциясының мәліметінше Alphard-пен болған жол-көлік апаты жиілеген.

 

2020 жылдың ақпан айында Самара-Шымкент тас жолында Toyota Alphard көлігі апатқа ұшырап, екі адам оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Одан бөлек, тағы екі адам зардап шекті.

Сол жылы тамыз айында Ақтау-Жаңаөзен тас жолында да Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан төрт адам қаза тапты.

2021 жылдың мамырында жүкті әйелі бар жедел жәрдем көлігі Toyota Alphard көлігімен соқтығысқан.

Ал 2022 жылдың ақпан айында Alphard Орал-Атырау тас жолында аударылып, бір адам қаза тапқан. Ал екіншісі ауруханаға жатқызылды.

2022 жылдың көктемінде Самара-Шымкент тас жолында Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол апатынан жеті адам зардап шекті. Абырой болғанда зардап шеккендер болмаған.

Артынша 2022 жылдың маусымында Жетісу облысында Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, сегіз адам ауруханаға жатқызылды.

Бір айдан соң Ақтөбе облысындағы тас жолда Toyota Alphard көлігі басып озып, жол-көлік оқиғасы болды. Салдарынан оқиға орнында 7 адам қаза тапты.

2022 жылғы қазанда  Жамбыл облысында Toyota Alphard көлігі мен автобустың қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан бір адам қаза тауып, үш адам жарақат алды. Сол айда Павлодар облысында да Toyota Alphard көлігінің қатысуымен жол апаты болып, бір зейнеткер қайтыс болды.

2023 жылғы ақпанда Батыс Қазақстан облысында тас жолдың бойында Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол апатынан екі адам қаза тапқан. Ал Самара-Шымкент тас жолында Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі адам қаза тауып, бес адам зардап шекті.

2023 жылдың мамыр айында Солтүстік Қазақстан облысында апат болды. Тас жолда Toyota Alphard көлігінің соқтығысуы салдарынан бес адам зардап шекті, бір адам қаза тапты.

2023 жылдың маусымы – Қостанай облысында Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол апатынан әкелі-балалы екі адам қайтыс болды.

2023 жылдың шілдесінде апат Қостанай – Сарыкөл тас жолында болды. Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасы салдарынан екі жүргізуші қайтыс болды;

Көпшілік үшін “апат жолы” атанған Самара-Шымкент тас жолында 2023 жылдың шілде айында Toyota Alphard көлігінің қатысуымен бір адам өліміне әкелген апат болды.

2023 жылдың тамызы. Қарағанды-Балқаш тас жолында Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол апатының салдарынан 13 адам зардап шекті. Ешкім қаза тапқан жоқ.

2023 жылғы тамызда Шымкент – Самара тас жолында Toyota Alphard көлігі аударылып қалды. Ал Қостанай облысындағы тас жолда Toyota Alphard көлігінің соқтығысуы салдарынан жолаушы тірідей жанып кетті.

2023 жылдың қараша айында Тараз қаласында жол бойында отырған ер адамды Toyota Alphard қағып кетті. Ер адам қаза тауып, жүргізуші оқиға орнынан қашып кеткен.

2023 жылғы желтоқсан – Ақтөбе облысында Toyota Alphard жүк көлігімен соқтығысқан жол апатынан екі оқушы көз жұмды.

2023 жылғы ақпан - «ҚазАвтоЖол» компаниясының қызметкері Қызылорда облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде қайтыс болды. Жол апатына кінәлі деп Toyota Alphard көлігін тізгіндеген жүргізуші танылды.

Ал 2024 жылдың маусымы – Ақтөбеде Toyota Alphard көлігінің қатысуымен болған жол-көлік оқиғасынан төрт адам қаза тауып, біреуі ауруханаға жатқызылған.

Alphard көлігінің қатысуымен соңғы апат 17 тамызда тіркелді. Салдарынан алты адам ажал құшты. Оның екеуі полиция қызметкерлері. Марқұм болған бір ер адамның артында 11 баласы қалды.

Ақтөбеде 7 маусымда болған Alphard апатынан соң министрлік мәлімдеме жасаған. 

«Осы мақсатта күн сайын трассаларда шамамен 1,5 мың патрульдік полицей қызмет етеді. Экипаждар 50 шақырым сайын орналастырылған. Жүргізушілер көбінесе жол ережелерін елемейді. Жылдамдық режимін сақтамайды. Қарсы жолға шығып кетіп жатады. Мысалы 5 маусымда Ақтөбе облысында Toyota Alphard автокөлігінің жүргізушісі рульді басқара алмай, аударылып кетті. Апатқа дейін оны полиция қызметкерлері тоқтатып, жол ережесін сақтау туралы ескерткен болатын. Оқиға салдарынан төрт адам қаза тапты. Жүргізушілерді тағы да жолда сақ болуға шақырамын!»—деді ол.

2023 жылы жылы Қазақстан аумағында 15 мыңнан астам жол-көлік оқиғасы тіркелді. Көлік апаты кезінде 5 мың азамат қаза тауып, 19 мыңнан астам адам жарақат алды.

Қазақстандықтар түн ішінде жылдамдықты қатты асырып, жол ережесін сақтамайтын жүргізушілерге жазаны қатаңдатуды сұрайды. Ал Alphard жүргізушілерінің ұйқысы келіп, көлікті тізгіндеп, тас жолда құйындай жүйткейтініне де наразы болып, шара қолдануға шақыруда.

Пікірлер