ЕРЛАН МАЗАН: “Жергілікті қазақшылдық” пен “үлкен қазақшылдыққа” қарсы күрес

1422
Adyrna.kz Telegram

ҚКП 1949 жылы Шығыс Түркістан өлкесінде өз билігін орнатқаннан кейін, өзі басты қағида ретінде ұстанатын “Күрес философиясын” жергілікті басқару тәжірибесінде жан-жақты қолданып, “Шыңжаң қоғамының тұрақтылығына қатер төндіретін” көмескі қауіптерге қарсы үнемі күрес ашып, саяси науқан жүргізіп отырды.

Ол қатерлер әр жылдары әрқалай сипатталды. Нақты айтсақ, 1950 жылдар: хань шовинизмі және жергілікті ұлтшылдық; 1960 жылдар: кеңестік ревизионизм және жергілікті ұлтшылдық; 1970 жылдар: тап жаулары және жергілікті ұлтшылдық; 1980 жылдар: этникалық сепаратизм, пантюркизм және панисламизм; 1990 жылдар: этникалық сепаратизм және заңсыз діни әрекеттер; 2000 жылдар: этникалық сепаратизм және лаңкестік; 2010 жылдар: зорлықшыл лаңкестік, этникалық сепаратизм және діни экстремизм; ал қазіргі күнде басты қауіп: лаңкестікпен қатыстылық.

Өткен ғасырдың 50-ші жылдарында азғана уақыт қытайлық шовинизмге қарсы формальды күрес жүргізгені болмаса, ҚКП негізінен жергілікті халықтарды жау санап келді: жергілікті ұлтшылдық, пантюркизм, пансламизм, сепаратизм, терроризм, экстремизм дегендер тек жергілікті халықтардың өкілдеріне арнап пішілген “ бас киімдер” еді, қырына алған адамға осылардың бірі қалайда жараса кетеді. Мысалы, жергілікті ұлтшылдықтың бір көрінісі ретінде “жергілікті қазақшылдық”, “үлкен қазақшылдық”өмір сүріп отыр деген тұжырымдама жасалып, оған қарсы сын айтылып, күрес жүргізіліп отырды. Бірақ бұл айыптардың нақты критерилері қандай екенін ешкім айтып бере алмайды.

Ал Шыңжаңдағы қытайлар, керісінше, қоғамның ұйтқысы, тұрақтылықтың кепілі, ел тұтастығын қорғаушы негізгі күш деп саналды. Бұл түптеп келгенде қытайлар мен жергілікті этникалық азшылықтар арасына от жағудан, оларды бір-біріне айдап салудан басқа ештеңе емес еді.

 

Ерлан Мазан

 

 

 

Пікірлер