Павлодарлықтарға нан керек те, мемлекеттік тіл қажет емес пе?

1215
Adyrna.kz Telegram
фото: www.tilalemi.kz
фото: www.tilalemi.kz

Павлодар облысының «Қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға арналған жалпы үлгідегі Ақсу арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету орталығы» 19 маусым күні «Нан (бидай, қара бидай)» деген тақырыппен тендер жариялады. Сол жарияланым мәтініндегі қателіктер мемлекеттік тілді масқаралайды,  - деп хабарлайды «Адырна» ұлттық порталы https://satypalu.gov.kz/kz/ сайтына сілтеме жасап.

Павлодар облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына қарасты аталмыш мекеме мемлекет қаржысына 2 100 000 теңгеге нан сатып алмақ көрінеді. Тендер жеңімпазы 26 маусым күні анықталады.

Тендерінің техникалық сипаттамасын оқып шықсаңыз,  мемлекеттік мекеменің мемлекеттік тілді қалай қорлағанын көресіз. Қараңыз:

«1-сұрыпты қара бидай ұнынан жасалған, ұзақ сақталатын, беті ірі жарықшақсыз, қопарусыз тегіс, түсі сарыдан қоңырға дейін. Мякиш пропеченный емес, дымқыл сезіледі, эластичный. Өнімнің осы түріне тән дәм мен иіс. Бір бөлке салмағы 550 гр кем емес. Тауар таңертеңгі уақытта тапсырыс берушінің өтінімі бойынша жаңа жеткізіледі».

«Беті ірі жарықшақсыз», «қопарусыз тегіс», «түсі сарыдан қоңырға дейін», «Мякиш пропеченный емес», «дымқыл сезіледі», «эластичный» деген секілді шала қазақшамен меммекеме бізге не айтпақ? Павлодар облысында техникалық сипаттаманы таза мемлекеттік тілде жазатын бір маман жоқ па?

Бұл сұрақтарды Павлодар облысының ақпарат және қоғамдық даму басқармасына жолдадық. Басқарма жауабы келіп жатса, оны да жариялайтынымызды ескертеміз.

Қанат Бірлікұлы

Адырна ұлттық порталы

Пікірлер