АРМАН ӘУБӘКІР: Мешіт салғыш кәсіпкерлер канал салса, абыройлы іс болар еді

2282
Adyrna.kz Telegram
Фото: ernur.kz
Фото: ernur.kz

Бұрын мен тұрған ауыл суы сыртқа шығып жататын сор болған екен. (Жамбыл обысы, Жуалы ауданы). “Қазақтар “Жаңаталап” деп аталатын көрші ауылда тұрған. Себебі, біздің ауылда адам баласына тұру мүмкін емес еді” деп еді марқұм анашым.

Сосын сор басқан ауылға жер аударылған немістер көшіп келіпті. Ауыл атауын Кеңес үкіметі “Октябрь” деп қойып береді. “Сол немістер аз жылда ауылды гүл-гүл жайнатты” деп еді анам.

Сонда ең бірінші олардың жасағаны - терең арықтар, каналдар еді. Ол каналдар әр жерлерде су жиналатын көлшіктермен түйінделіп отырады. Шөбі шүйгін, табиғаты тамаша. Осы күндері су басып жатқан ауылдарға қарап, немістердің сол кездегі технологиялық және білім жетістігіне әлі күнге жете алмай келеді екенбіз ғой.

Тіпті ауыл ішінде де су жиналатын сайлар, терең арықтар, көлшіктер болды. Ал ауылдың шетінде терең канал болатын. Ол канал ауылға сырттан келетін суды бөгеп тұрады екен. Бала кезімде бұл каналдардың қызметін мүлде түсінбеген де екенбіз.

Әлгі немістердің артынша жайлы, жайқалған ауылға орыстар лек-легімен көшіп келе бастайды. 1990 жылдары біздің үй алғашқы қазақ отбасылардың бірі болып ауылға қоныстанған екен. Әке-шешемнен бөлек екі-үш Қарақалпақстаннан келген қазақ отбасы ғана болып еді.

Сол терең каналдардың арқасында еш жақтан су күтпестен егістіктерді жергілікті халық суара беретін. Балалық шағымда су тасқыны болғаны жайлы мүлде естімедім. Әйтпесе, қыста қары қалың түседі. Кей жылдары тіпті үйлерді де қалың қар басып қалып жұт болған еді (2004-2005 жылдары).

Тауға жақындау ауыл болған себепті жауын-шашын да жиі-жиі жауатын.

Содан-ақ әлгі каналдар мен көлшіктердің кереметін сезіне беріңіз.

Құрметті билік өкілдері, құрметті кәсіпкерлер! Әлгіндей каналдар мен жасанды көлшіктерді тек егістік алқаптарына ғана емес, барлық жайылымды жерлерге салу керек. Израйль елі алақандай сусыз, жайсыз құм даласын егістіктерге айналдырып, көкөніс экспортында көшбасшы болып отырған жоқ па?

Көктем кезіндегі суды соратын каналдар мен сақтайтын көлшіктер дайындауға жедел кірісуіміз керек. Көлшіктерді емін-еркін балық шаруашылығына да қолдана алар едік. Сонда жаздағы құрғақшылықта қиналмаймыз. Болашақта бүкіл әлем су тапшылығынан зардап шеккелі отыр. Ол табиғи апаттың басы басталып та кетті.

Ендеше, біздікі не тұрыс? Не жатыс?

Кәсіпкерлер билікпен бірлесе отырып бұл су мәселесін жедел қолға алу керек.

Мешіт салғыш кәсіпкерлер осындай иглілікті іске жұмылса, құдайдың  алдында сауапты, қарапайым халықтың алдында да өте абройлы іс болар еді.

Пікірлер