Елде – Жаңаарқада жүрмін. Арқада, оның ішінде Жаңаарқа ауданында құлақ естіп, көз көрмеген (мен туғалы) жұт болып жатыр, ағайын. Кеше өзім өсіп, ержеткен Жаңаарқа ауданы, Байдалы би ауылында болып, өз көзіммен көрдім, жылқы жарықтық қырылып жатыр, қырылмағаны әбден арып, тулаққа айналған.Түртіп қалсаң – құлағалы тұр. Құлағаны тұрмайды – пышаққа ілінеді. Биелер тегіс құлын тастаған. Тұтас үйірлер жоғалып, із-түссіз кеткен. Мал баққан, оның сүмесіне қарап отырған елдің еңсесі түсіңкі. Жем-шөп жетпейді. Жылқы қолға қараған соң – елдің шөбі түгесілуге таяу. Шөп бағасы шарықтап кеткен, тоннасы 120 мыңға жеткен! Бұған қайрат қылып жатқан өкімет жоқ. Естуімше, билік малдың жұтқа ұшырауын халықтың өзінен көруде. Халық өлген малын дәлелдей алмауда. Себебі, әр жылқы есепке алынып, чип салынуы керек екен, әр малды паспорттау керек көрінеді.
Қысқасы, өкіметтің позициясы –малдардыңды дұрыс бақпаған, жұтқа дайындалмаған өз обалдарың өздеріңе дегенге саяды. Баяғыда, Кеңес үкіметі кезінде мұндай ауыр қыстарда ел ішіне жоғарыдан уәкілдер шығып, мәселенің мән-жайын көзімен көрген соң, үкіметке баяндап, сонан соң төтенше жағдай жарияланып, жұт зардаптарын жоюға нақты шешімдер қабылданып, оны жүзеге асыруға арнайы құрылған арнайы штабтар жедел іске кірісетін. Бұған күллі республика жұмылдыратын, тіпті Темір жол, көлік қатынастары министрлігі облыстардан жем-шөп тасуға арнаулы вагондар мен жүк көліктерін бөлетін. Қазір мұның бірі жоқ. Үкімет өлмесең өмірем қап дегендей, тым-тырыс, үнсіз. Бұл жөнінен бұл 1929-32 жылдардағы ұлы ашаршылықта халық аштан қырылып жатқанда "Қазақстанда бәрі жақсы, тек Совет үкіметіне қарсы байлар малдардын әдейі қырып жатыр деп, Мәскеуге жалған ақпар жөнелтумен болған Голощекин басқарған үкіметтің сұрқиялығын еске түсіреді.
Кәрі құлақтардың айтуынша мұндай ауыр жұт арқада 1968-1969 жылдары, ескіше Мешін мен Тауық жылдары болған. Айырмашылығы – 1968-1969 жылдардағы жұтта апталап боран соғып, 30-40 градустық аяздар бір ай бойы тұрып алған. Биылғы жұтта боран соңы жаңбырға оның соңы қатты аяздарға ұласқан. Жаңа сырттан келдім, теріскейден шығып алған өкпек, ызғарлы жел өңменіңнен өтеді. Жылқы баққандар біледі, бұл әбден арыған, әлжуаз жылқының түбіне жететін нағыз жұттың желі.
Бала кезімде небір ауыр жұттарды көрген қариялардан естіп едім. Жұттың ең ауыры қоян жылдарына келеді. Оның ішінде ақ қоян, көкше қоян, тықыр қоян т.б. түрлері болады. Соның ішінде ең ауыры – ақ қоян жылғы жұт деп. Өздері оның қай қоян екенін айырып, түстеп танып отыратын. Ол кезде бала болдық, қариялардан бұл ілімді алып қала алмадық. Сол себепті биылғы жұт – қай қоян жұты екенін түстеп тани алмаймыз. Әйтеуір елге өзгеше сұрапыл ауыр жұт тиюде. Сосын сол көнекөздер айтушы еді: "Қоянның кіруінен, шығуы ауыр болады" деп. Кеше ауылдағы Жұмағали бөлем: "Интернеттегі ауа райын қарадым, 15 наурыздан бастап, бір апта жауын жауады деп тұр. Онда мына жылқылардың бәрі қырылады. Қазірдің өзінде бауырлары ісіп кеткен", – дейді. Өзі жығылып, тұра алмай қалған көтерем тайын сойып әлек.
Егер шынында да наурызда Арқада жаңбыр жауар болса, ел жүгенін ұстап қалмақ. Мұның соңы елде мал шаруашылығының күйреуіне әкеліп соқпақ. Алайда мен бұған бас ауыртып жүрген мал шаруашылығы басшыларын көрмедім. Себебі ауданда мал шаруашылығының басшысы – юрист көрінеді. Жаңа ғана аудан орталығында бір үйде өткен бас қосудан келдім. Шарасыз жұрт "Юрист – мал шаруашылығының жайын қайдан білсін" – деп қолын жаяды.
Қысқаша баяндамасам, аудандағы ахуал осындай – өте күрделі! Басқа аудандардан әзірге нақты ақпаратым жоқ. Әйтсе де осынау ахуал тұтас Ұлытау облысына тән көрінеді.
Ел азаматтары, журналистер, Ұлытау облысына, әсіресе, Жаңаарқа ауданына Үкіметтің назарын аудартып, төтенше жағдай жариялауға күш-қайрат қылыңыздар! Биліктің айтқанына сенбеңіздер! Олар елдегі жағдайды бүркемелеп, жоғарыға нақты жағдайды баяндауға жүрексініп отырған сыңайлы. Мен әлі ауданда боламын. Маған мән жайды баяндаймын, ватцабыма жіберемін десеңіздер, тел 87473792782. Алматыға
барған соң, осынау ауыр жұтқа байланысты мақала жазып, Үкіметтің, қоғамның назарын аудармаққа ниеттімін. Әйтпесе, мынау шын мәнінінде боп жатқан сұмдық! Жаңаарқа ауданын кейінгі 56 жылда болмаған ауыр жұт жайлауда!
Суреттер жаңаарқалық айтыскер ақын Өміржан Көпбосыновтың парақшасынан алынды.
Erlan Toleutai