Түркменабатта АҚШ-тағы туыстарына үйлену тойындағы суреттері мен бейнежазбаларын жібермекші болған жергілікті тұрғындар ұсталды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
27 желтоқсанда екі келіншек шетелде тұратын туыстарымен сөйлесіп, үйлену тойындағы естеліктерді жіберу үшін интернет-кафеге келген.
Туыстарымен әңгімелесу барысында оларға полиция қызметкерлері жолығып, әйелдерді Гурбансолтан-еже шағын ауданында орналасқан қалалық полиция бөлімшесіне жеткізкен. Олардың ұялы телефондары тексеріліп, қысқа жауап алудан кейін 31 желтоқсан күні түске дейін ұстау камерасына қамалған. Полиция АҚШ-та қандай туыстары тұратынын, олардан қалай кеткенін, егер туыстарымен сөйлесіп, тойды көргісі келсе, Түрікменстанға неге келмегенін сұраған. Жылдың соңғы күні ұсталғандардан жазбаша түсініктемелер алынып, босатылғанымен, 2-7 қаңтар аралығында қайтадан жауап алуға шақырылатыны ескертілген. Алайда әйелдердің ұялы телефондары қайтарылмаған.
Қаңтардың 5-і күні жауап алу кезінде әйелдердің бірі есінен танып, полиция жедел жәрдем мен жауап алынғандардың ата-анасын шақыруға мәжбүр болған. Осы оқиғадан кейін әйелдер босатылып, олардың туыстарына тергеу кезінде жиналған деректер бір жыл бойы сақталатыны және осы уақыт ішінде келіншектердің біреуі Түрікменстаннан тыс жерде орналасқан туыстарымен немесе достарымен байланысқан жағдайда қылмыстық іс қозғалатынын жеткізген.
Айта кетейік, Түрікменстан билігі ел тұрғындарының шетелде тұратын адамдармен мүмкіндігінше аз байланыста болуын және шетелдік ақпараттық басылымдарға фото және бейне материалдарды жібермеуін қадағалайды.