Украина, Франция және Ұлыбритания басшылары Парижде Украина қорғанысын қолдау, оны қалпына келтіру және стратегиялық тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында бітімгерлік күштерді орналастыруға қатысты ниет декларациясына қол қойды. Бұл туралы украиналық БАҚ жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
Мәлімдемеге сәйкес, құжатқа Украина атынан Украина президенті Владимир Зеленский, Франция Республикасынан президент Эммануэль Макрон, ал Ұлыбритания атынан премьер-министр Кир Стармер қол қойған.
Декларация Париж қаласында өткен «Ниеттілер коалициясы» саммитінің қорытындысы бойынша рәсімделген. Зеленский бұл кездесуді коалиция тарихындағы «ең өкілді жиын» деп атады.
Саммиттің басты мақсаты – Украинаның қорғаныс әлеуетін нығайтуға қолдау көрсету, сондай-ақ бейбітшілікке апарар жолдағы саяси қадамдарды талқылау болды. Кездесуге Ұлыбритания мен Францияның жетекшілігімен 35 елдің өкілі қатысты. Олар Ресеймен атысты тоқтату жағдайында Украинаға әскер жіберуге дайын екенін білдірді.
Талқылаулар Украина үшін қауіпсіздік кепілдіктері мен оларды іске асыру тетіктеріне арналды.
Айта кетейік, 6 қаңтарда Франция астанасы Париж қаласында Ресеймен соғыста Украинаны қолдап отырған елдер көшбасшыларының кездесуі өткен болатын. Саммитке сондай-ақ АҚШ президентінің арнайы өкілі Стив Уиткофф пен Дональд Трамптың күйеу баласы Джаред Кушнер қатысқан.
Бұдан бөлек, 29 желтоқсанда АҚШ-тың Флорида штатында АҚШ президенті Дональд Трамппен Украина президенті Владимир Зеленский арасында екі сағаттан астам уақытқа созылған келіссөздер өткен. Кейін тараптар бірнеше еуропалық көшбасшымен телефон арқылы сөйлескен.
Зеленскийдің айтуынша, бұл кездесулер барысында бейбіт реттеу шеңберіндегі барлық негізгі мәселе талқыланып, «айтарлықтай нәтижелерге» қол жеткізілген. Ал Франция президенті Эмманюэль Макрон қауіпсіздік кепілдіктері бойынша ілгерілеу бар екенін айтып, олардың «әділ әрі тұрақты бейбітшілік орнатуда шешуші рөл атқаратынын» мәлімдеген.
Сонымен қатар Украина тарапынан келіссөз жүргізуші, Ұлттық қауіпсіздік және қорғаныс кеңесінің хатшысы Рустем Умеров 3 қаңтарда өткен кеңесшілер кездесуінен кейін бейбіт жоспардың шамамен 90 пайызы келісілгенін, қалған тұстары бойынша жұмыс жалғасып жатқанын айтқан.