Алтын үшін айқас. Наразылардың тәліптермен қақтығысында қаза тапқандар бар

787
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/xte9XysDwAFMEcXR6oCt9WuklLASCTYhwDu7urqS.jpg

Ауғанстанның Тахар провинциясындағы Чах-Аб округінің тұрғындары өңірде алтын өндіруге қарсы наразылық білдіріп, тәліптерге шабуыл жасады. Бұл туралы Afghanistan International жазды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі,

Басылымының дерегінше, оқиға салдарынан кемінде үш наразылық білдіруші мен радикалды қозғалыстың бір өкілі қаза тауып, шамамен 20 адам жарақат алған.

Ауғанстанның тау-кен өнеркәсібі және мұнай министрлігінің баспасөз хатшысы Хумаюн Афган ақпаратты растады. Оның айтуынша, оқиға адам шығыны мен қаржылық залалға әкелген, алайда нақты деректер жарияланбаған. Қазір жағдайды тексеру үшін арнайы комиссия жіберілген, оның қорытындысы кейінірек хабарланады.

Журналистердің мәліметінше, Тахар тұрғындары алтын өндіруді заңсыз деп санайды. Себебі тәліптер жобаларды жүзеге асырып жатқан компаниялар туралы толық ақпарат бермейді. Сонымен қатар, наразылар бұл кәсіпорындардың қызметі экологиялық жағдайды нашарлатып, су тапшылығына әкеліп отырғанын айтады.

Алтын өндіріліп жатқан аумақтардың маңында түтін бағандары байқалған. Белсенділер кеншілердің жабдықтарын өртегені хабарланды. Қауіпсіздік ахуалының ушығуына байланысты алтын өндіруші компаниялардың топ-менеджерлері провинциядан қашып кеткен. БАҚ дерегіне сүйенсек, бұл кәсіпорындарды тәліптердің негізгі қаржылай демеушілерінің бірі саналатын Башар Нурзай бақылап отыр.

Куәгерлердің айтуынша, жергілікті халық соңына дейін барғысы келеді, сондықтан наразылар мен тәліптер арасында жаңа қақтығыстар болуы мүмкін.

2021 жылы радикалды қозғалыс билікке келгенге дейін жұмыс істеген Ауған парламентінің бұрынғы өкілі Насим Модабер тәліптер тұсындағы пайдалы қазбаларды бақылаусыз өндіруді ұлттық байлықты тонау деп бағалады. Оның айтуынша, кәсіпкерлермен жасалатын келісімшарттар ашық емес, ал жергілікті халықтың мүддесі ескерілмейді.

Ауғанстан экономикасы жөніндегі сарапшы Музаммил Шинвари елдегі алтын қоры 300–500 метрлік тонна аралығында екенін, оның құны ондаған миллиард доллармен есептелетінін айтты. Алтын кен орындары негізінен Тахар провинциясы мен Бадахшан провинциясында шоғырланған. Сарапшы тәліптердің жобалар туралы ақпаратты жарияламауын сынға алды. Соның салдарынан қай компаниялар өндіріс жүргізіп жатқаны, жобалардың бюджеті мен табысы белгісіз. Оның пікірінше, табиғи ресурстарға, соның ішінде алтын мен мұнайға осындай бейберекет көзқарас ұзақ мерзімде олардың сарқылуына алып келуі мүмкін.

Пікірлер