Швейцария Мадуроның активтерін бұғаттады

759
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/qCxq4myLSbzXdpA78hfgGnpOJoB8KywrONz5KZgP.jpg

Швейцарияның федералдық кеңесі Венесуэла президенті Николас Мадуроға және онымен байланысты тұлғаларға тиесілі кез келген активтерді бұғаттау туралы шешім қабылдады. Бұл жөнінде ел үкіметінің мәлімдемесінде айтылды, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.

«2026 жылғы 5 қаңтарда Федералдық кеңес Швейцария аумағында Николас Мадуроға және онымен байланысты өзге де тұлғаларға тиесілі барлық активтерді дереу бұғаттау туралы шешім қабылдады. Федералдық кеңестің мақсаты – активтердің шетелге шығарылуына жол бермеу», – делінген үкіметтің баспасөз хабарламасында.

Активтерді бұғаттау туралы шешім «Венесуэланың қазіргі үкімет мүшелерінің ешқайсысына қатысты емес» және «сақтық шарасы ретінде» енгізілген.

«Егер алдағы сот процестері барысында қаражаттың заңсыз жолмен алынғаны анықталса, Швейцария олардың Венесуэла халқының игілігіне жұмсалуына бар күшін салады. Активтерді бұғаттау 2018 жылдан бері эмбарго туралы заңға сәйкес енгізілген Венесуэлаға қарсы санкциялар аясында жүзеге асырылып отыр», – деп хабарлады конфедерация билігі.

Активтері бұғатталған тұлғалардың бұған дейін Швейцария санкцияларына ілікпегені нақтыланған. Сондай-ақ баспасөз хабарламасында Швейцарияның «шиеленісті ушықтырмауға, сабыр сақтауға және халықаралық құқықты, соның ішінде күш қолдануға тыйымды және аумақтық тұтастықты құрметтеу қағидатын сақтауға» шақыратыны атап өтілген.

Еске салайық, бұған дейін Венесуэла билігінің АҚШ-қа «бірлескен дамуға бағытталған» ынтымақтастықты ұсынғанын жазған едік.

Пікірлер