Желтоқсан болмаса, экс-президент қозғалмайды. Топ алдындағы мәнер ненің белгісі?

2813
Adyrna.kz Telegram
Фото: Ашық дереккөзден
Фото: Ашық дереккөзден

Соңғы айлары топ алдынан көрінбей кеткен экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тұңғыш президент күні қарсаңында белсенділігі арта түсті. Елде қазіргідей өзіне ыңғайлы жүйені мұра етіп қалдырған саяси зейнеткер үшін оның топ алдынан көрінуі және не айтқаны маңызды. Іс басындағы депутаттар саяси зейнеткер белсенділігін қалай бағайлайды, сұрап көрдік.

НАЗАРБАЕВ МӘСКЕУДЕ МЕ, КРЕМЛЬДЕ МЕ?

Қазақстанның экс-президенті ел Тәуелсіздігі күні, яғни 16 желтоқсанда Мәскеуге барғаны айтылды. Әуелде қазақстандық телеграмм-арнада толық расталмаған ақпарат тарады. Артынша ресейлік телеграмм-арнада да Назарбаевтың Мәскеуде қайта тоқтағаны хабарланды. Мәліметтерге қарағанда, Қазақстанның экс-президенті Ресейдің қазіргі президентімен кездесуге қатты ынталы болған.

Тұңғыш президенті күні сатылымға түскен  «Менің өмірім. Бодандықтан бостандыққа» естелік кітабында Назарбаев бүтін бір тарауды Путинге және оның Ресей мен Қазақстан арасындағы қарым-қатынастарды дамытудағы рөліне арнауға тырысқан. Бұл мемуарды көп ұзамай Назарбаевтың баспасөз хатшысы Айдос Үкібай арнайы Мәскеуге барып, Ресей президентінің баспасөз хатшысы  Дмитрий Песковқа табыс еткен. Назарбаевтың Мәскеуге барғаны жайындағы соңғы мәліметтерде де осы кітап туралы айтылады. Әзірге Назарбаевты Кремль қабылдаған-қабылдамағаны белгісіз.  

«ЖЕЛТОҚСТАНДА ЖАРИЯЛАНҒАН ЕСТЕЛІК»

Мұның алдында ол «Astana Club» пікірталас алаңын жинап, онда әлемдік саясат туралы президент кезіндегі риторикасын тағы да қайталаған. Осы клубың ұйымдастырушысы Сенаттың бұрынғы басшысы Дариға Назарбаева да осы жиында бой көрсетті.

Назарбаев отырыста ел болашағы мен өскелең ұрпақтың келешегіне алаңдайтынын жеткізіп, ядролық қаруды таратпау және қарусыздану мәселесіне ядролық қаруға қарсы қозғалыстың барлық қатысушыларын белсене атсалысуға шақырды.

– Өздеріңіз білесіздер, мен 2019 жылы наурыз айында өз еркіммен Қазақстан Президенттігінен кеттім, қазір ешқандай лауазым атқармаймын. Алайда, саналы ғұмырын еліне қызмет етуге арнаған, қашанда маңызды оқиғалардың ортасында жүрген адам ретінде өзіміз, балаларымыз бен немерелеріміз өмір сүретін әлемнің жай-күйіне, болашағына әркез алаңдаймын. Жаһандық қақтығыстың алдын алу үшін әлемдік саясатта диалог құрудан басқа жол жоқ екеніне сенімдімін, – деді Н.Назарбаев.

Өз сөзінде экс-президент әлемдік дағдарыстар мен соның айқын көрінісі ретінде бірнеше тарихи оқиғаларды тілге тиек етті. Сондай-ақ жақында тұсауы кесілген кітабының ағылшын тіліне аударуға ұсыныс түсіп жатқанын да атап өтті.

– Жалпы, кейінгі ондаған жыл ішінде Қазақстан көптеген дағдарыстың сәтті шешілуіне дәнекер болды. Оның бәрін бір кездесу аясында қамту мүмкін емес. Соңғы 30 жылда сыртқы саясатта болған ең ауқымды оқиғалар туралы толығырақ менің желтоқсан айының басында жарияланған естеліктерімде жан-жақты айтылды. Бұл еңбек үлкен қызығушылық тудырды, шетелдік баспалардан да оны ағылшын тіліне аударуға ұсыныстар түсіп жатыр. Кітап жақын арада жаһандық аудиторияға жетеді деп ойлаймын, - деген бұрынғы президент.

БҰРЫНҒЫ ЕЛБАСЫ ЖӘНЕ ЕКІ ҚЫЗЫ

Қазақстан Тәуелсіздігі күні қарсаңында «Астана клубынан» кейін топ алдына экс-президенттің екінші қызы Динара Құлыбаева шығыпғ «NNEF» қоғамдық қорының жұмысы жайында айтты. Динара Нұрсұлтанқызы жетекшілік етіп отырған қордың жұмысы туралы белгілі блогерлер әлеуметтік желіде мақтап пост жазды. Экс-президент пен оның екі қызының топ алдына іркес-тіркес шығуы қоғамды ойлантып тастады.

Экс-президент пен оның қызының халық алдына ұзақ үзілістен кейін қайта шығуы, ғаламдық саясат туралы айтуы нені білдіреді?

ЕРЛАН ДЕПУТАТТЫҢ ЕКІҰШТЫ ЖАУАБЫ

Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Нұрсұлтан Назарбаевқа қатысты сұраққа жауап беруге аса құлықты болмады. «Нақты іс-шара жөнінде менің ешқандай ақпаратым жоқ» деген депутатқа «Сіздер «Ескі Қазақстанның» реваншистік күштері туралы жиі айтасыздар. Солар қазір күш алып келе жатқан жоқ па?» деп сұрақ қойдық.

Бұл сұраққа депутат «Оны біз бұрыннан бері айтып жүрміз ғой. Белгілі бір капитал болатын болса, ол капитал бос жатпайды. Ол әрқашан өзіне жұмыс іздейді. Сондықтан да кейбір топтардың саясатқа қайтып келуге тырысуының көрінісі болуы мүмкін» деп қысқа қайырды.

АЗАТ ДЕПУТАТ ЭКС-ЕЛБАСЫ ТУРАЛЫ ЕШТЕҢЕ «ЕСТІМЕГЕН»

«Ақ жол» партиясының төрағасы әрі Мәжіліс депутатты Азат Перуашев экс-президенттің «Астана клубының» жиынына қатысқанын естімегенін айтты.

Жалпы дамыған мемлекеттер бұрынғы президенттер қоғамның назарынан шықпайды. Олар түрлі қоғамдық жұмыстар жүргізіп, кейде лекция оқиды, кейде көпшілікпен кездесіп өзінің тәжірибесін бөлісетін жағдай бар.  Оны сіз айтқандай реваншизмге дайындалу деп айта алмаймын. Сіз айтқан клубтың әңгімелері қандай екенін көріп, оқыған жоқпын. Негізінде бұрынғы мемлекет немесе үкімет басшылары қоғамдық тұлғаларға айналғаннан кейін белсенді болуы халықтың көңілінен шықса, бұл дұрыс. Бұл жерде халық бұл белсенділікті қалай қабылдап отыр деген  мәселе бар. Егер клуб үстінде реваншизм сияқты нақты әңгімелер бар болса, ол бөлек әңгіме. Яғни,біздің Коституциямсызға сай билікке тек қана заңды жолмен келуі мүмкін. Егер ондай әңгіме жоқ болса, онда білмедім», - деді ол.

БАЗАРБЕК ДЕПУТАТ НАЗАРБАЕВ ДӘУРЕНІ ӨТКЕНІНЕ СЕНІМДІ

Бұл сұрақты Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбекке де қойылды. Алматы қаласынан мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша депутат болған азамат Назарбаев тақырыбына қызықпайтынын, тіпті кітабын да оқымағанын ескертті. Депутаттың осы пікіріне байланысты «Егер экс-президенттің жақтаушылары билікке қайта келсе, сіздің депутат болуыңыз мүмкін бе?» деп сұрақ қойдық.

– Ой, ол келуі мүмкін емес. Себебі сол кісінің басқару кезеңіндегі былықтың бәрін тазалап жатырмыз. Ол кісінің билікке қайта келуі барлық жұмысымызды құрдымға кетіреді. Ондай болмайды. Назарбаевтың заманы өтті. Жаңа заманға аяқ бастық. Ол кісінің билікке келуі екіталай. Біріншіден, қаншама халықтың мұңы, энергетика, ауыл шаруашылығы, жер, су, білім, денсаулық сақтау және халықаралық саладағы қордаланған проблеманың бәрі сол кісінің кезінде орын алды. Әрине, жетістіктер болды. Бірақ проблемалар көп болды. Ең бастысы сыбайласжемқорлық белең алып кетті, - деді депутат.

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер