Қазақстан Республикасының премьер-министрі Олжас Бектенов 45 жасқа толды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.
Олжас Бектенов 1980 жылы Алматы қаласында дүниеге келген. 2001 жылы Қазақ мемлекеттік заң академиясын заңгер мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2002 жылы Алматы қаласы Әділет басқармасында бөлімнің бас маманы ретінде бастаған.
Олжас Бектенов премьер-министр қызметіне 44 жасында тағайындалған.
Айта кетейік, Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев та 44 жасында Қазақ ССР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалған.
Әр жылдары ҚР премьер-Министрі Кеңсесінде, ҚР Президентінің Әкімшілігінде жауапты қызметтер атқарды. 2009–2012 жылдары Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және құқықтық көмек көрсету комитеті төрағасының орынбасары болды. Кейін Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттіктің орталық аппаратында департаментті басқарды.
2015–2016 жылдары Астана қаласы әкімінің аппарат басшысы, сондай-ақ ҚР Президенті Әкімшілігі басшысы хатшылығының меңгерушісі қызметтерін атқарды. 2016–2017 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Астана қаласы бойынша департаментін басқарды.
2017–2018 жылдары Ақмола облысы әкімінің орынбасары болды. Одан кейін ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары, 2019–2022 жылдары Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін атқарды.
2022 жылдың ақпанынан 2023 жылдың сәуіріне дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы болды. 2023 жылғы 3 сәуірде Мемлекет басшысының Жарлығымен ҚР Президенті Әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Ал 2024 жылғы 6 ақпанда ҚР Президентінің Жарлығымен Қазақстан Республикасының премьер-министрі қызметіне кірісті.
Олжас Бектенов ІІ дәрежелі «Айбын» (2014) және «Даңқ» (2021) ордендерімен марапатталған.