Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) прокурор орынбасарлары Нажат Шамим Хан және Мам Мандия Нианг Украинадағы әскери қылмыстарға байланысты Ресей президенті Владимир Путинге және тағы бес ресейлікке шығарылған тұтқындау ордерлері жалпы амнистия жарияланған күннің өзінде де күшінде қала беретінін мәлімдеді. Бұл туралы олар 5 желтоқсанда мәлімдеді, деп хабарлайды "Адырна".
ХҚС өкілдерінің айтуынша, тұтқындау ордерлерінің күшін тоқтату үшін БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің арнайы қарары қажет. Егер болашақта бейбіт келісім жасалып, Қауіпсіздік Кеңесі тергеуді кейінге қалдыруды сұраса, бұл саяси деңгейдегі үдеріс саналады. Дегенмен сот өкілдері мұндай шешім ХҚС-тің әділдікті қамтамасыз ету міндетіне кедергі болмайтынын атап өтті.
Мам Мандия Нианг Рим статутының талаптары саяси келісімдерден жоғары тұрғанын, сондықтан сот өз мандатын орындауды жалғастыратынын айтты.
АҚШ-тың 28 тармақтан тұратын бейбіт жоспары қақтығысқа қатысқан барлық тарапқа толық амнистия беруді көздеген. Бұл ұсыныс Украина тарапынан қатты сынға ұшырады.
Украинаның Нидерландтағы елшісі, бұрынғы Бас прокурор Андрей Костин жаппай және ауыр қылмыстар жасалған жағдайда бәріне бірдей рақымшылық беру мүмкін емес екенін айтты. Ол мұндай қадам әділеттілікке қайшы келетінін жеткізді.
ХҚС 2022 жылы Ресейдің Украинаға жаппай басып кіруінен кейін жасалған әскери қылмыстар бойынша Владимир Путин мен оның жақын айналасындағы тағы бес адамға ордер шығарды.
Украина билігінің мәліметінше, 2022 жылдан бері Ресейге 19,5 мыңнан астам украин баласы заңсыз әкетілген. Олардың 1605-і ғана елге қайтарылған. Балаларды оккупацияланған аймақтардан Ресейге әкелу Путин мен Ресейдің бала құқықтары жөніндегі омбудсмені Мария Львова-Беловаға қатысты ордерлердің басты себебі болды.
Ресей билігі бұл айыптауларды жоққа шығарып, балалар эвакуация мақсатында әкетілгенін мәлімдеді. Сонымен қатар Ресей Халықаралық қылмыстық соттың юрисдикциясын мойындамайды.