АЯТЖАН АХМЕТЖАНҰЛЫ: Өткен күндегі екі оқиға кәдімгідей есеңгіретті. Балаларымыз үшін еліміз қауіпсіз ел емес екені анық көрінді.

1824
Adyrna.kz Telegram
Фото: 24.kz
Фото: 24.kz
Өткен күндегі екі оқиға кәдімгідей есеңгіретті. Екеуі еліміздегі балалардың жағдайын әшкере еткендей, балаларымыз үшін еліміз қауіпсіз ел емес екені анық көрінді.
Біріншісі, Сарыағаштағы оқиға. Бес жасар қыздың тағдыры. Бұл еліміздің құқық қорғау органдарының былыққа батқанының нәтижесі. Біраз, жұрт ату жазасын енгізу туралы айтып жатыр. Енгізу керек ондай азғындарға. Бірақ, одан да маңызды дүние бар.
Ол құқық қорғау саласындағы әділеттілік. Ойлаңызшы, бұрын бір рет адам өлтіріп сотталған адам, екінші рет біреуді балталап тастаса, оны үш жылға шартты жазаға кесіп босата салу қандай логикаға, қандай әділетті заңға сияды?
Ертең өлім жазасын енгізген күнде әлі жеткен, байланысы жеткен құтылып кетпесіне кім кепіл? Заң тек әлсіздер үшін ғана іске асып, байланысы бар немесе ақшалы адам білгенін істеп жүре берсе қалай ел боламыз...
Айтпақшы, біздің елде қолынан келсе қонышынан басуды дұрыс санайтындар көп. Бір жұлдызсымақтың баласы жалған құжат жасап, ҰБТ-ға кірсе қолынан келсе істесін, не көре алмайсыңдар дейтін. Бір, жұлдызсымақ есірткіге тойып алып, машина айдаса еркелігіңді көтеретін халқың қалмапты деп күңіренетін қауып тұрса қандай құқықтық ел, қандай әділетті Қазақстан боламыз?
Екіншісі, Алматыдағы 7 жасар қыздың өлімі. 10 шілде күні Алматыда жеті жасар қызды өгей шешесі дәретханаға барып үлгермей, үлкен дәретін жіберіп қойғаны үшін жуынатын бөлмеде аяусыз ұрып қатыгездікпен өлтірген. Сонда қойған кінәсі бөлмені ластағаны болған. Қайтыс болған кішкентай қыздың әкесі қарапайым аула сыпырушы болып жұмыс істейді, әйелінен 15 жас кіші дейді.
Жуынатын бөлмеде ұрып-соғып, өлімші етіп сабаған. Қыздың аяғы мен қолы сүйектері сынған, басы жарылған, денесінің бәрі көгерген, азаппен көз жұмған. Ең аяныштысы бұған дейін де көршілер баланың көмек сұрап жылайтынын айтып, бірнеше рет полицияға жүгінген, соңғы рет мамыр айында тәртіп сақшылары шақырылған, бірақ Бостандық ауданының учаскелік полиция қызметкері ештеңе істемеген дейді. Міне, тағы да полицияның кінәсі бар. Құқық қорғау саласының жауапсыздығы.
Ал, ұрып өлтірген күдікті өгей шеше Балжан Тұрлыбек деген қоғам белсендісі екен. Оны бір сайттар "қоғам қайраткері" деп жазып таратып жатыр. "Қайраткер" деген сөзді де қор қылды-ау, әбден. Кім көрінгеннен қайраткер жасаймыз. Көкбеттен - тұлға, дүлейден - батыр, шайпаудан зиялы жасап алатын қоғамға айналдық.
Ол да ертең ақталып кетсе таңғалмаймыз. Бізде бәрі мүмкін өкінішке орай.
Ең қиыны, дәл осы екі оқиғадан балаларымыз қауіпсіз емес екенін көреміз. Бәріміз бітпес қу тірліктің соңындамыз. Үйге қамасаң телефоннан өзге ермегі жоқ, ондағы тәрбиенің оңбай тұрғаны да ақиқат.
Ал, бір уақыт далаға шықса, ауа жұтып бала боп ойнап шықса, бірге шықпай тағы болмайды. Қорқынышты.
Заң үстемдік құрып, құқықтық елге айналмай бәрі бекер. Әділетті қоғам орнатуға бәріміз мұқтажбыз.
Ал, билік соған талпынғандарды қудалайды, қуғындайды. Мына жерде былық бар, былай түзетейік деген адамды жау көреді. Ішкі кухняға кіргізбеуге тырысады. Бұлай қалай ел боламыз?
Қатыгездік сонша асқынып кетті, неге?
Заңсыздық сонша белең алып кетті, неге?
Жүректер неге сонша қатайып кетті?
Әделттілікті әр біріміз талап етуге міндеттіміз!
Әр біріміз жемқорлықпен күресуге міндеттіміз!
Әр біріміз құқықтық ел болуға әрекет жасауға міндеттіміз!
Әр біріміз қоғамдағы әр балаға қамқор болуға міндеттіміз!
Әр біріміз заңды сақтауға, сақтатуға әрекет етуге міндеттіміз!
Әйтпесе, ел болмаймыз!!!
Пікірлер