Respublica партиясының жетекшісі жаңа Конституцияның жобасын референдумға шығаруды ұсынды

223
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/CqxThAQHGI3JJBcETovqX8ohdpFdGfZ7LfCJcRUy.webp

Жаңа Конституцияның жобасы кәсіби заңгерлердің, әртүрлі сала сарапшыларының және азаматтық қоғам өкілдерінің ұзақ әрі жүйелі жұмысы нәтижесінде әзірленді. Бұл туралы Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның сегізінші отырысында Мәжіліс депутаты, «Respublika» партиясының жетекшісі Айдарбек Қожаназаров мәлімдеді.

Айдарбек Қожаназаров, реформаны талқылау алты айдан астам уақыт бойы жүргізілгеніне тоқталды. Осы кезең ішінде жүздеген, мыңдаған азамат өз ұсыныстарын жолдады. Комиссия мүшелері ғана емес, жұртшылық та бұл құжатты қазіргі заман талаптарына толық жауап беретін, терең ойластырылған және елдің ұзақ мерзімді даму бағдарын айқындайтын маңызды құжат ретінде бағалап отыр. Соған орай ол жаңа Конституцияның жобасын референдумға шығаруды ұсынды.

«Конституциялық комиссияның мүшесі ретінде жекелеген баптардың редакциясы пысықталғаннан кейін жаңа Конституция жобасын жалпыхалықтық дауыс беруге – референдумға шығаруды ұсынамын», – деді депутат.

Айта кетсек, бұған дейін Айдарбек Қожаназаров ұлттық валютаның мәртебесін Конституцияда бекітуді ұсынған еді. Оның айтуынша, теңгені Ата заңда нақты көрсету экономикалық тәуелсіздікті нығайтып, қаржы саясатының тұрақтылығын қамтамасыз етеді. Қазіргі таңда теңгенің мәртебесі заңмен реттелгенімен, әлемдік қаржы жүйесі өзгеріп жатқан жағдайда бұл норманы Конституция деңгейінде бекіту маңызды.

Депутат бұл тәжірибе басқа елдерде де бар екенін атап өтті. Мысалы, Әзірбайжанда – манат, Арменияда – драма, Қырғызстанда – сом ұлттық валюта ретінде Конституцияда көрсетілген. Осыған байланысты ол «Қазақстанның ұлттық валютасы – теңге» нормасын Конституция жобасына енгізуді ұсынды.

Ал Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов теңгенің тек ақша айналымының негізі ғана емес, сонымен бірге оның тұрақтылығын қамтамасыз ететін эмиссиялық орган – Қазақстан Республикасы Ұлттық банкінің рөлін Конституцияда нақты көрсету қажеттігін атап өтті.

Пікірлер