Қиянатшыл КСРО-ны аңсайтындар, бірігіңдер! Кеңестік елес кезіп жүр

2081
Adyrna.kz Telegram

Қоғамда қазір КСРО туын және өзге де советтік белгілерді түрлі мақсаттағы қолданыста пайдаланып жүрген орталықтар көп. «Адырна» тілшісі кеңестік заманның символдарын әлі күнге дейін жан-жаққа жарнамалап жүрген бизнес иелерінен жауап алды.

Бұған дейін «Адырна» ұлттық порталы Алматы қаласындағы «Завод» кафе барының инста парақшасында КСРО туының суреті қойылғанына қатысты, бизнес иелеріне сауал қойған болатын. Орталық иелері тілшіміздің сауалына тарихқа сәйкес КСРО-дан бөлініп шыққан ел екенімізді еске салып, орталыққа советтік кезеңнің адамдары көп келетінін айтып түсіндірген болатын.

САНДАР СӨЙЛЕСІН...

Қазіргі таңда осыған ұқсас орталықтар елімізде көп. Мәселен, ел мегаполисі Алматы қаласының өзінде 600-ден аса кафе-бар, 40-қа жуық түнгі клуб бар. Шамамен еліміздегі кафе, түнгі клуб сынды демалыс орталықтарының 20 пайызы атауымен немесе логотипімен кеңестік кезеңнің символымен көзге түседі. Мәселен, «Пионерская Правда», «СССР», «СССР бар» деген сынды атаулар жиі кездеседі.



«СОЛ УАҚЫТТЫ САҒЫНАДЫ»

Тақырыпты зерттеу барысында Өскемен қаласындағы «СССР» демалыс орнымен байланысқа шығып, орталық әкімшісінен жауап алдық:

«Біз нарықта 12 жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Осы уақытқа дейін тұтынушылар тарапынан ешқандай қарсы пікір айтылмапты. Керісінше бәрі ғимараттағы кеңестік интерьерге тамсанып, ризашылықтарын айтады. Орталықтың атауы біздің басшымыз, яғни демалыс орнының иесінің аты-жөнінің бірінші әрпімен сәйкестендіріп қойылған. (Сарсебек Салыбаев – кафе иесі) Өзі – сол Кеңес үкіметінің тумасы. Сол заманның адамдары кафемізге келіп қуанып кетеді. Сол уақытты сағынады. Түрлі ұлт өкілдері келеді. Шет елдік туристер де келіп, орталықтың стиліне қызығып кетеді» деп жауап берді ол.

Әлеуметтік желідегі фото-суреттерден аталған орталықтың кеңестік дәуірдегі қабырға суреттерімен, символдарымен безендірілгенін байқауға болады.

«ҰЛТ РЕТІНДЕ БІР ЕЛДІҢ АЗАМАТЫМЫЗ ДЕГЕН ТҮСІНІК ЖОҚ»

Осы жағдайларға қатысты заңгер Қазыбек Дәуітәлінің пікірін сұрадық. Айтуынша бұл жағдайға саяси және құқықтық баға беруге болады:

«Бұл жерде саяси және құқықтық пікір айтуға болады. Саяси тұрғыдан алғанда бұл дұрыс емес. Бізде Қазақстанда қазір деколонизация және десоветизация процессі әлі де жүріп жатыр. Посткеңестік елдердің көбінде әлі күнге дейін осы тенденция бар. Біз өзіміз тәуелсіз, егеменді ел болу үшін аталған процесс жүру керек. Тәуелсіз таңдап алған жолымызға азаматтық секторға жататын осындай жекелеген кәсіпорындар болсын, кафелер, ойын-сауық орталықтары болсын, кеңестік символдарды қолданғаны саяси тұрғыдан дұрыс емес. Бұл мынадай екінші тұжырым шығаруға алып келеді: кеңестік уақытты аңсау арқылы өздерінің іштегі әлеуметтік қарсылығын білдіретіндіктерін көрсетеді. Яғни бізде әлі азаматтық ұлт ретінде бір мемлекеттің азаматымыз деген түсініктің жоқтығы білінеді»,- дейді ол.

«Құқықтық тұрғыдан алсақ, егер аталған насихат ұлтараздық және түрлі басқа да қақтығыстарға әкелетін болса ғана заңмен тыйым салынады. Оның өзінде сот арқылы шағым болу керек. Біздің елде қазір осындай тыйым салынған ұйымдар бар. Алайда, саяси бағытта кеңестік заманды аңсайтындарға шектеу қойған жағдай орын алмаған. Заң тұрғысында олар өз қызметтерін тиісінше атқара бере алады. Тайпалық, ұлттық және қазір талқыға түсіп жатқандай кеңестік атрибутикаларын қолданып жүргендерге тұтынушыларды тартуға деген мүмкіндіктерін шектей алмаймыз» деп жауап берді заңгер.

«ӘЙ ДЕЙТІН ӘЖЕ, ҚОЙ ДЕЙТІН ҚОЖА» ЖОҚТЫҢ ДӘЛЕЛІ

Сондай-ақ ол аталмыш процесстерді ауыздықтауға қатысты қалалардағы ішкі саясат басқармаларымен жұмыс жүргізу керектігін айтты.

«Бірінші көрініс: бұл жағдай ішкі саясаттағы проблеманың бар екендігін көрсетеді. Ішкі саясат басқармалары, жергілікті атқарушы органдар түсіндіру, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу қажет. Әділет басқармасы тіркеу жұмыстары кезінде әңгімелесу шарасын жүргізбегенінің белгісі. Осындай жағдайлар «әй дейтін әже, қой дейтін қожаның» жоқтығының дәлелі» деді Қазыбек Дәуітәлі.

ҚАЙТПЕК КЕРЕК?

«Бірінші: жергілікті әкімшілік, атқарушы орган азаматтардан келіп түскен шағым-арыздардың негізінде арнайы комиссия құрып, қоғамдық бақылаудың нысанымен, қоғамдық белсенділермен бірге мониторингтік топ құрып тексеріс жүргізу керек. Президенттің жарлығына сәйкес 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін орта және шағын кәсіпкерліктерді тексере алмайды. Бізде дәл қазір осыған байланысты марафон жарияланған. Дегенмен қоғамдық бақылау ретінде азаматтардың бастамасына кедергі бола алмайды. Қоғамдық бақылау мемлекеттік бақылау емес.

Екінші: әділет органының аумақтық департаменттері бар. Дәл осы жағдайда әділет департаменті осындай азаматтардан келіп түскен шағым-арыз негізінде кәсіптердің тіркеу жарғыларына талдау жасаулары керек. Бұл жағдайда түсіндіру жұмыстары жүргізілуі керек. Себебі, құқықтық насихат жүргізу – Әділет министрлігінің тікелей міндеті. Сондықтан Әділет министрлігі басты құндылығымыз тәуелсіздік және оған қарсы түрлі сепаратистік пиғылдардың алдын алып, ұлтараздықды қоздыруы ықтимал бастамалардың алдын алып іске кірісуі керек. Біз құқықтық мемлекет құруымыз керек.

Осындай түрлі профилактикалық алдын алу шаралары атқарылмағандықтан кеңестік атрибутикаларды қолдану жиілеп жатыр. Бұның түбінде Ресейдің сепаратистік саяси пиғылы жатыр» деп пікір білдірді заңгер.

Дина ЛИТПИН,
«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер