Міндетті болса да, Венгрия Путинді тұтқындамайтынын айтты

1478
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/PDlFv29pcZHR63r8JDgiDfjgyje0N78sHXa3cZLc.jpg

АҚШ басшысы Дональд Трамппен Будапештте өтетін кездесуде Ресей президенті Владимир Путиннің қамауға алынбайтыны белгілі болды, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Венгрияның сыртқы істер министрі Петер Сийяртоның айтуынша, Венгрия Ресей президентін құрметпен қарсы алып, оның елге келуін, келіссөздердің сәтті өтуін және отанына аман-есен оралуын қамтамасыз етеді.

«Біз президент Владимир Путинді құрметпен қарсы аламыз және оның Венгрияға келуіне барлық жағдай жасаймыз. Бұл үшін ешкіммен келісудің қажеті жоқ», – деді Сийярто.

Венгрия үкіметі бұл шешімді елдің егемендігімен түсіндіріп отыр. Сондай-ақ, министр Путин мен Трамптың кездесуі өтетін орын мен нақты күн әлі бекітілмегенін, техникалық дайындықтар жүріп жатқанын айтты. Ал шара «Будапешт саммиті» деп аталады.

Бұған дейін Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан әлеуметтік желіде елдің бейбітшілік саммитіне дайындалып жатқанын жазып, «Венгрия – бейбітшілік аралы» деп мәлімдеген еді.

Айта кетейік, Венгрия Халықаралық қылмыстық соттың (ХҚС) мүшесі ретінде Путинге 2023 жылы шығарылған тұтқындау ордерін орындауға міндетті. Алайда Будапешт бұл талапты орындаудан бас тартты.

Бұған ұқсас жағдай 2025 жылы Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху елге келгенде де қайталанған. Сол кезде де Венгрия ХҚС ордерін орындаған жоқ.

Кейін венгр парламенті елді Халықаралық қылмыстық сот юрисдикциясынан шығару туралы шешім қабылдаған, бірақ бұл процесс әлі толық аяқталған жоқ.

Еске сала кетейік, Путиннің Душанбеде өткен “Орталық Азия – Ресей” саммитіне және ТМД мемлекет басшыларының кеңесіне қатысқан сапары кезінде Тәжікстан билігі де Халықаралық қылмыстық соттың  ордері талабын орындаған жоқ. Осыған байланысты Еуропалық одақ Тәжікстанды халықаралық құқық нормаларын бұзды деп айыптаған болатын.

Пікірлер