Алматыда КСРО туын желбіреткендердің видеосы тарады. Заңгер не дейді?

4809
Adyrna.kz Telegram

Алматыда КСРО туын ұстап, "жеңіс күнін тойлатқандардың" видеосы тарады. Видео кәсіпкер Ықылас Тұрсынбектің Tik tok парақшасында жарияланды, деп жазады "Адырна" тілшісі. 

Видео авторының айтуынша, "Алматы" театрының маңына түсірілімге келген бір топ операторлар "ұнамсыз" жайтты байқаған. КСРО туын ұстап жүрген орыс азаматтарын байқап, олардан не істеп жатқандарын сұрады. Сынға алған жігітке олар автоклубпен Жеңіс күніне орай фотосессия жасауға келгендерін айтты.

"Бізді түсіруге құқығыңыз жоқ. Біз мұнда фотосессия жасауға келдік" деп жауап берді оған әйел.

"Бұл нағыз тәуелсіздігімізді мойындамау" деп пікір білдіріп, КСРО туымен қоса Қазақстан туын қатар алып жүруді талап еткен азаматқа олар:

"Біз міндетті емеспіз. Не істейтінімізді өзіміз білеміз. Міне сендердің туларың, Тәуелсіздік күнінде ұстап түскенбіз" деді.

Оқиға ФБ желісінде де үлкен талқыға түсуде. Желі қолданушылары "сендердің туларың" дегендеріне наразылығын білдіріп, "мемлекеттік және ұлттық идеология жоқ" деп пікір білдіруде.

"Адырна" редакциясы аталған жайтқа қатысты заңгердің пікіріне жүгінді. Маман ҚР Қылмыстық Кодексінің 180-бабына сәйкес сепаратистік әрекет деп мемлекеттің біртұтастығы мен тұтастығын, оның аумағына қол сұғылмауын және бөлінбеуін бұзуды не мемлекетті ыдыратуды насихаттау немесе оған жария түрде шақыру, сол сияқты осындай мазмұндағы материалдарды тарату мақсатында дайындау, сақтау немесе тарату істері танылатынын мәлімдеді. Сонымен қоса:

"Бұл анықтамадан қылмысты әрекеттің тікелей қасақана түрде іске асатындығын көріп отырмыз. Алайда бейнежазбада КСРО туын ұстаған славян ұлтының өкілдері, өздерінің әрекетін Жеңіс күніне арналған мәдени шара ретінде түсіндіріп бағуда. Сепаратистік пиғылын ашық түрде жарияап, оған қасақана барып отырмағандықтан  қылмыстың құрамы бар деп айта алмаймыз" деді заңгер Қазыбек Дауталиев.

Қазыбек мырзаның айтуынша, заң қылмыстың сепаратистік пиғылдың қасақа жасалған тұрін ғана жазалайды. Осы уақытқа дейін аталған кодекс бойынша елімізде екі адам жазаға тартылған. Оның бірі естеріңізде болса Игорь Сычев деген азамат өзі тұрып жатқан Шығыс Қазақстан облысының Ресейге қосылуына қатысты ВКонтакте әлеуметтік желісінде сауалнама жүргізген болатын. 2015 жылы «Қазақстан Республикасының аумақтық тұтастығын бұзуға насихаттағаны» үшін 5 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді.

"Қолданыстағы заңнама бойынша біреуді фото, бейнекамераға түсіруге, егер ол жария қатынастан туындамаса, рұқсат етілмейді. Алайда, заң бұзушылық фактісі орын алып жатса, оны рұқсат сұрамастан әркімнің түсіруіне құқығы бар.  Нақтылы жағдайда заң бұзушылық емес екендігі белгілі болған сәттен бастап, түсірген бейнежазбасын алып тастаса немесе ол туралы терістеп ақпарат берсе құқық бұзушылық болып табылмайды деп ойлаймын" деп жауап берді ол.

"Адырна" ұлттық порталы

Пікірлер