Қажылықтан қажытқан компаниялар. Парыз бен қарыз қалай өтеледі?

3351
Adyrna.kz Telegram

Қазақстаннан Сауд Арабиясына қажылық өтеуге баратындар дауы созыла түсті. Тараптар мәмілеге келіп, шығынды өтеуге әзір емес. Әрқайсысы өз уәжі дұрыс екендігіне сенімді. Бірақ ақысы желінген халық не істемек?

Ислам дінін ұстанатын барша мұсылмандар үшін бесінші парыз – қажылықты өтеу. Қажылыққа барып, сәтті сапарымен көпшілікті қуантып, әлеуметтік желілер арқылы өз сапарының сәулелі сәттерін бөлісетіндердің саны жыл сайын артып келе жатқаны байқалады. Соңғы жылдары ел алдында жүрген азаматтар, халық қалаулылары мен танымал тұлғалар да Араб түбегіне табан тіреп, мұсылмандық парызын өтеуге ден қоя бастағандай. Алыс пен жақынның арасын жалғап, бойлықтар мен ендікті қосатын, «арман мен мақсатты тоғыстыратын» компаниялардың насихаты да медиа алаңының жүзінде оқтын-оқтын көзге түседі. Бар тапқан-таянғанын жиып, қомақты қаржы жұмсап қажылыққа аттанғандардың сан соғып, жапанда жалғыз әрі «құм ішінде қалған» оқиғалары да жиілеп кетті. Халық қажылық сапарының қайырлысы мен қиындығын айырудан қалғандай.

САПАРҒА СҮЙРЕП САН СОҚТЫРУ ӘДІСІ

Соңғы айларда қазақстандықтар жолаушыларды қажылыққа апаратын кейбір компаниялардың «қалтқысыз қызметіне» уәж айтып, шағымдана бастады. Жыл басында дүйім жұртты дүрліктірген «Кәусар тревел» туристік компаниясы жолаушыларды ойша қажылыққа аттандырып, өз ғимаратының алдында шыр көбелек айналдырып қойған еді. 500-600 мың теңгенің төңірегінде жолдама сатып, 300-ден астам адамның көңіліне күдік ұялатқан туристік компанияға қатысты тергеу жұмыстары басталды. Компанияның қанша адамды сан соқтырғанына сақшылардың өзі жауап бере алмаған. Себебі алдын-ала төлем жасағандар мен қажылығын өтей алмай қалғандарды түгендеудің өзі мүмкін емес.

«Мекке мен Мәдина қалаларына жолдама алып, 50-ге жуық адамды алдаған туристік агенттіктің басшысы ұсталды. Аталған жайт бойынша ҚР ҚК 190-бабымен қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды», – дейді Шымкенттің Еңбекші ауданы полиция басқармасы тергеу бөлімінің бастығы Ерлан Ирбаев.

Бір байқағанымыз, көбіне қажылығын өтесін деген мақсатмен балалары ата-аналарына жолдама алып береді. Перзенттік парызына адал болу мақсатына ата-анасына жолдама сыйлағандардың жаны жараланып, ал ата-аналары әуре-сарсаңға түскен оқиғалар да кездесті. Мысалы, былтыр 73 жастағы Жасқайрат Әмірғалиев жұбайымен жұбын жазбағанына 45 жыл толыпты. Соның құрметіне ұл-қыздары 1,2 миллион теңгеге Умраға жолдама сатып алып берген. Мерзім бойынша екеуі қазір киелі жерде болуы керек еді. Бірақ ақсақалдың турфирма кеңсесінің алдында айналшықтап жүргеніне бір аптаға жеткен.

"Ақша да, жолдама да, қажылық та жоқ. Далада қалдық. Бастығы Медет Мекебай деген жігіт екен, 27 жаста. Сол кісінің өзіне жолықтым, айттым. "Ертең ақшаңыз түседі, болады". Сонымен әлі жүр. Миыма еш қондыра алмаймын. Себеп не? Бұлар енді Алланың жолында жүрген адамдар, сүттен ақ, судан таза деп есептейтін едім. Қазір енді көңілім қатты қалып отыр", - дейді ол.

ДІН АТЫМЕН ҚОЗДАҒАН ДАУ СОТҚА ЖЕТТІ МЕ?

Дәл осындай жағдай өткенде тағы қайталанғанын байқадық. Бұл жолғы жалғыз айырмашылық – компания атауында ғана. «Адырна» ұлттық порталы маусым айының жиырма жетісі күні қажылыққа аттанған 120 адамның құжатсыз қалдырып, қамауда отырғанын хабарлады. Олардың барлығы "ZamZam Qazaqstan" қажылық компаниясы арқылы үлкен қажылыққа тур сатып алған, алайда жалған визаға алданып, жат елде жанкештіге айналады. Өздерінің хабарлауынша, көлік ішінде қамалып, ас-cу ішуінің өзі мұңға айналады.

"Неше күннен бері нәр татпаған. Ата-апалар, оның ішінде менің де әке-шешем күннің ыстығында тентіреп жүр. Туристік визамен кеткен болатын. Сол жаққа жеткен соң қажылық виза аламыз деген болатын. Бірақ алмаған. Үш миллионға жуық қаражат төледік. Біздің қаражатымызды алып, алдап соғып отыр, Компанияның басшысына жазсақ, жауап бермейді. Гидтер телефондарын алмайды" деді. Б. есімді азаматша.

Екі ортада компания мен мүфтияттың арасында дау туды. «Zam-Zam Qazaqstan» (заңды атауы – «Zam Zam store») компаниясының басшысы Данияр Илеев мүфтияттың қызметіне шүйлігіп, парақорлыққа жол ашып отырғанын айыптады. Отандық дін істері басқармасы мақұлдайтын компаниялардың тендерді қалай алатынына қатысты Данияр Илеев тосын пікір білдірді. Ол басқарманың әр квотағаны тарату үшін тағайындаған 500 доллар қаржысы барын мәлімдеді. Бірақ ҚР Дін істері басқармасы мұндай мәлімдеменің жала екендігін айтып, сотқа шағым түсіретінін хабарлады.

Мүфтият Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі № 235-V ҚРЗ кодексінің 73-3 «Жала жабу» бабына сәйкес Д.Илиевтің үстінен сотқа шағым түсіретінін хабарлайды.

Бұл дауда ортақ ымыраға келу ниетінің жоқ екені байқалады. Екі тарап та өз дәлелін алға тартудың орнына сенсациялық үндеулер жасап, бірін-бірі қаралауға тырысқаны байқалады.

ҚАЗАҚСТАН КВОТАСЫ

Сауд Арабиясы билігі ұсынған квота саны мен орта есеппен алғанда қажыллыққа баруға қажетті қаржының көлемі назар аудартпай қоймайды. Қазақстан – Орталық Азиядағы ең аз квота алған ел. Мысалы, Орталық Азия елдерін өзара салыстырып көрелік.

  • Қырғызстан азаматтарына Сауд Арабиясы билігі 6 000 квота бөлген. Бір жолаушы үшін - 3 900 доллар;
  • Тәжікстан азаматтарына Сауд Арабиясы билігі 7 000 кворта бөлген. Бір жолаушы үшін  - 5 400 доллар;
  • Өзбекстан халқына Сауд Арабиясы билігі бұл жолы 15 000 кворта ұсынады. Бір жолаушы үшін - 6 000 доллар;
  • Қазақстандықтардың  4000 квотасы бар. Бір жолаушының қажылық өтеу шығыны, шамамен алғанда,  6 500 доллардан басталып,13 000 долларға жетіп жығылады.

Бұл жерде ескере кететін бір жағдай, қажылық өтеудің қаржысы сервиске, тұратын аймағы мен қызметіне, қонақ үйдің әлеуетіне, тағам түрлеріне және өзге себептерге сай өзгеріп отырады.

ҚР Дін істері басқармасы, Қажылық бөліміндегі деректердің мұнартуы, ашық дереккөздердегі бұған қатысты мағлұматтардың аздығы, Өзбекстан азаматтарының қазақстандықтар квотасын қолданды дейтін пікірлердің ел арасында айтылуы, басқарма қажылық квотасын пұлдап, арнайы «хадия» сыйлығын қалтасына басады деген пікірлердің атарауына әсер етеді. Ал басқарма өкілдері ұдайы түрде лицензиясы бар 18 туристік компанияның қызметіне ғана жүгінуге шақырып келеді.

Ал дүйім жұрттың назарын аудартып, жолаушыларды жолда қалдырған компаниялар қалай жазаланады? Мұсылманшылық тұтқасын теңдей ұстауға талпанып, шекара асқан азаматтардың парызы өтеле ме, қарызы өтеле ме? Ол жағын тап басып айту қиын.

 

Дастан Қастай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер