«Қазақ Робин Гуды» өзін ақтауды сұрады

107
Adyrna.kz Telegram
https://adyrna.kz/storage/uploads/IeYA5gmyVlTmoqf2gv4VVFapWiusLjYo8XB0IOBB.jpg

Алматы қаласында «Елге көмек» қорының басшысы, «қазақ Робин Гуды» аталып кеткен блогер Ильяс Сәриевтің ісі бойынша сот жарыссөзі жалғасып жатыр, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы.

Ол 26 эпизод бойынша алаяқтық жасады деп айыпталуда. 4 желтоқсанда айыпталушы мен оның қорғаушысы соттан қылмыс құрамы болмағандықтан толық ақтауды сұрады.

Ильяс Сәриев – әлеуметтік желіде 600 мыңнан астам жазылушысы бар блогер. Ол ауыр дертке шалдыққан азаматтарды емдетуге қаражат жинау мақсатында түрлі қайырымдылық бастамаларын жариялап келген.

Сәриев пен 33 жастағы Ақтоты Дүйсеева ҚР Қылмыстық кодексінің 190-бабы 3-бөлігінің 4-тармағы бойынша («Алаяқтықты бірнеше рет жасау») айыпталуда. Прокуратура тарапынан әр айыпталушыға 6 жыл бас бостандығынан айыру жазасы сұралған.

Қылмыстық іс 26 эпизодтан тұрады.

Соттағы жарыссөз барысында Ильяс Сәриев өзін кінәсіз деп танып, қайырымдылық бейнероликтеріне қатысты эпизодтар бойынша жәбірленушілерден кешірім сұрады. Ол видеолар жарияланбаудың себептерін түсіндіріп, адамдарды алдау ниеті болмағанын айтты.

"Мен соттан мені толық ақтауды сұраймын. Менің алдау ниетім болған жоқ. Барлық түсірілген видеоларды көрсеттім, интернетке шықпаудың себебін де дәлелдедім. Парақшаның көрсеткіштері төмендеп кеткендіктен, бейнематериалдарды сәуір айында салу жоспарланған еді. Алайда сол уақытта қамауға алындым", — деді айыпталушы.

Ал туркомпанияға қатысты 20 эпизод бойынша кінәсін мойындамаған. Оның сөзінше, өзі тек жарнамамен айналысқан, қажылыққа барушылардан ешқандай ақша алмаған. Бұған дейін Ақтоты Дүйсеева сотта Сәриевтің оның банк шоттарына толық қол жеткізе алғанын және 2024 жылы қомақты қаражатты шешіп алғанын мәлімдеген болатын. Алайда Сәриев бұл мәлімдемелердің сотта дәлелденбегенін алға тартты.

Пікірлер