Қаңтардан кейінгі қамданыс. Тоқаев полицияның адамды азаптайтын тәсілдерге "құнығуын" доғаруы керек екенін айтты

2595
Adyrna.kz Telegram
Ішкі істер министрлігінің алқа мәжілісіне Президент қатысып, полиция қызметкерінің іс-әрекетіне қатысты пікір білдірді.  Полицияның заңға бағынатын адамға құрметпен қарап, нақақтан нақақ азапттауды доғару қажет екенін қадап айтты, деп хабарлайды "Адырна" ұлттық порталы. 

"Полиция қызметкері заңға бағынатын адамға құрметпен қарауы керек. Ал тәртіп бұзушылармен заң аясында сөйлесу қажет. Адамды азаптауға, қинауға, тыйым салынған тергеу тәсілдерін қолдануға мүлдем жол берілмейді. Әрбір тәртіп сақшысы мұны жете түсінуге тиіс", - деді Президент.

Мемлекет басшысы күнделікті жұмыс барысында полиция қызметкерлері заңға жүгініп,  талаптарды сақталса, азаматтардың полицияға деген сенімі артаатындығын да айтты.

"Әрине, қоғам тарапынан да құрмет болуы керек. Халықтың түсінігінде полиция азаматтарды қорғаушы, қолдаушы, қылмыстың алдын алушы, заңның орындалуын қадағалаушы болуға тиіс. Өкінішке қарай, қазір ел арасында полицияның келбеті, беделі дәл сондай деп айта алмаймыз. Тәртіп сақшысының заңды талабына бағынбау, оған қоқан-лоқы көрсету, тіпті, күш қолдану дұрыс емес. Осындай әрекеттерді доғару керек. Мұндай жағдайда бұзақылар жауапсыз қалмауы қажет", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Орайы келгенде айта кетейік, "Қаңтар оқиғасы" кезіндегі полицияның іс-әрекетіне қатысты қоғамда түрлі пікір мен көзқарастар әлі күнге дейін айтылып келеді. Басында полицияның қорлығы өткеніне көңіл аудара қойғандар болмады, кейін шағым айтушылардың саны артып, билік бұл деректерге назар салған. Бас прокурор Берік Асылов 5 қаңтарда парламенттегі жиында «азаптау шағымдары бойынша 329 іс қозғалып, прокуратурада ҰҚК мен полицияның 34 қызметкерінің ісі қаралып жатқанын айтқан еді.

Пікірлер