«Ақсақалдар кеңесі» Ассамблеяның емес, Президенттің жанында болуы керек!

20047
Adyrna.kz Telegram

Мемлекет басшысы Атырау облысының жұртшылығымен кездесуде Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру жайлы айтып, тапсырма берген екен.

«Қазақ қай заманда да үлкенін сыйлаған, ақсақалдардың аталы сөзіне тоқтағанын еске сала отырып, «Аузы дуалы қарттарымыз әрдайым елдің ұйытқысы болған. «Қариясы бар елдің қазынасы бар» деген сөз содан қалған. Біз халқымыздың игі дәстүрлері мен қазіргі заманның талаптарын үйлестіре білгеніміз абзал. Осы орайда, мен Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жандандыру керек деп санаймын. Шын мәнінде, ел ішінде жастарға ақыл-кеңесін айтып, дұрыс жол сілтейтін данагөй қарияларымыз аз емес. Ақсақалдарымыз өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, ел бірлігін сақтауға атсалысып, ортақ іске зор үлес қосары анық. Ақсақалдар кеңесі барлық аймақта бірдей белсенді емес»,-деген екен Президент. Осы ретте Ақсақалдар кеңесінің жұмысын жүйелеп, жандандыру жайлы айта келе, «Бәлкім, кеңестерді Ассамблеяның жанына топтастыру дұрыс болар еді. Олардың беделін көтеріп, мәртебесін арттыру қажет. Бұдан еш ұтылмаймыз»,-депті.

Рас, үлкенге құрмет, кішіге ізет білдіру – қазақтың ықылым заманнан бері бұлжытпай, қаймағын бұзбай сақтап келе жатқан ата дәстүрі, танымы. Халқымыз қазыналы қартын «жазып қойған хатына теңеген».  Сөздің мағынасын ұққан жанға киелі де, қасиетті, терең ұғым. Дәстүрлі қазақ қоғамында барлық жасы үлкен, қартайған ер азаматтардың бәрі, кім екеніне, қандай тектен шыққанына қарамай, ерекше сый-құрметке бөленген.

Сен демек қиын емес пе,

Бұрынғы туған үлкенге?,-деп кейінгі ұрпаққа қашанда «сіз», «біз» деп сыйласып жүруді өсиет еткен екен дана бабаларымыз.

Қарттыққа қатысты мынандай бір аңыз бар. «Бір күні хан жасы 60-тан асқан қарияларды күтіп-бағуға кететін қаржыны үнемдеу мақсатында оларды өлтіруге жарлық шығарады. Әкесін өлтіруге қимаған баласын көріп, шал мырс етіп «Дәл жиырма жыл бұрын дәл осы жерде мен де әкемді өлтіріп едім. Басыма келді деп күледі. Мұны естіген жігіт әкесін сандыққа салып, бағады.

Бір күні жорыққа аттанар кезде сандықтағы әкесін бірге алып жүруіне тура келеді. Жолда шаршаған жауынгерлер бір дарияның жағасына келіп тоқтады. Сонда мөлдір су астында жатқан гаухар тасқа ханның көзі түседі. Оны алып шығу үшін терең дарияның түбіне сүңгіген сарбаздардың бірде бір қайтпайды. Сонда әкесі сыртта не болып жатқанын сұрайды. Баласы болған жайды, өзінің кезегі де келіп қалғанын айтады.

Сонда әкесі дарияның жағасында ағаш бар ма дейді? Баласы «ия» дейді. Сонда шал баласына: «Дарияның түбінен емес, ағаштың басындағы құстың ұясынан гаухар тасты табасың» дейді. Баласы дәл солай істеп, гаухар тасты әкеп береді. Хан жігіттен гаухар тастың ағаш басындағы ұяда жатқанын қайдан білгенін, неге ерте айтпағанын сұрайды. Жігіт амалсыз сандыққа тығып бағып жүрген жасы алпыстан асқан әкесінің кеңесімен тапқаннын айтады. Хан риза болып, қарияларды өлтіру туралы жарлықтың күші жойылғанын жариялайды. Содан бері халық арасында «Алпысқа келгеннен ақыл сұра» деген нақыл сөз қалған екен.

Әр ұлттың өзіндік болмысы, ерекшелігі болады. Қазақ халқының ел билеу дәстүріндегі қалың бұқара мен биліктің арақатынасына көпір қызметін атқарған институт –ол ақсақалдар кеңесі болған. Тарихқа көз салсақ, қай кезеңде де қазақтың қазыналы қариялары елді бірлікке, ынтымаққа және адал еңбекке жетелеген. Ешкімнің ала жібін аттамай, әділдіктің туын жықпай, туғанына тартпай, кез келген дауды әділ шешіп, ауылдағы тентектерді тезге салып, өнегесімен көпке үлгі, жасқа тәлім-тәрбие берген. Ұлтымыздың ұлағатты салт-дәстүрлерін өмір мектебі ретінде дамытып, келер ұрпақтың кемел деңгейге жетуіне тікелей атсалысқан. Жастар қарияға қарап бой түзеген.  Ақсақалына қарап елі өскен, жас ұрпақ көргеніне қарай ой түйген. Ақсақалдар кеңесі ел ішінде орын алған мәселелерді талқыдан өткізіп, кесім шығарған немесе бір шешімге келіп жоғары инстанциялар – «Билер кеңесі», «Хан кеңесіне ұсынған. Сондықтан да жас ұрпақ «Ауылда көне – көз қарияң болса, жазып қойған хаттан кем емес, ауылда төбең болса, ерттеп қойған жүйрік аттан кем емес» деген тәрбиелік мәні зор ұғымды жастайынан санасына сіңіріп өскен.

Қадірлі ата-әжелеріміз қай заманда да ұлттық құндылығымыздың, салт-дәстүріміздің, ұлттық болмысымыздың шырақшылары болатын. Бұрын ұрпақ бойына қазақылық болмысты, ұлттық салт-дәстүрді сіңіруді ата-әжелерге тапсырса, бүгінде бұл көзқарас түбегейлі өзгерген. Қазақ ұлты осыдан көп ұтылды.

Бүгінгі қоғам рухани тәрбиеге зәру қоғам. Ұрпағын ертіп жүріп, елдік пен азаматтыққа тәрбиелеген атаның тағылым мектебі, немересін жырымен әлдилеп, ес білгенде ертегі-жырларымен сусындататын әженің тәрбие мектебі жоғалып барады. Көп қазақтың отбасында ата-әже тәрбиесі деген ұғым өшіп, ұрпақ жалғастығы үзіліп қалды.

Қазіргі жаһандану əлемдік сипатта дамып, бүкіл адамзат қоғамында түбегейлі бұрын-сонды болмаған өзгерістер мен жаңғырулар əкелуде. Жаһанданудың экономикалық, саяси көрсеткіштерімен қатар, мəдени көрсеткіштері де бар. Батыстық мəдениет негізінде пайда болғанмен, ол мəдениеттің мəні мен формасы жағынан американдық болып қалуда. Осындай жағдайда, кейбір ғалымдар жаһанданудың əр түрлі баламалық тұрғыдан тарихи-мəдени негіздері болуы керек, жаһандану жергілікті, аймақтық мəдениеттің ерекшелігін ескеру негізінде даму керек деген де ойлар жиі айтылуда.

Жаһанданудан бұл әлемдік процесс, қазақ қоғамы да қарқынды түрде жүріп жатқан жаһандану үрдісінің ықпалынан өзі қаламаса да, оқшау бола алмайды. Жаһанданудың қауіпті тұсынан арылу үшін, әрбір ұлт, әрбір этнос, әрбір мемлекет өзінің болмысына бейімдеп сіңіре алу керек. Тек Батыс өркениетінен алатынымыз да бар, ысырып тастайтын тұстарымыз да бар екенін естен шығармауымыз керек. Батыстың технологиялық жетістіктерін, экономикалық өндірісті ұйымдастыру тәжірибелері мен ғылыми-техникалық мәдениетін алсақ, Батыс өркениетіне шамадан тыс еліктеушілік, бұл - жақсылықтың нышаны емес.

Ел ертеңі – бүгінгі жас ұрпағымыз. Біздің басты мақсатымыз - батыстың пайдасын алып, зиянын бойына жолатпай, ұлттық болмысы берік, рухы биік, тарихи тамыры терең ұрпақ тәрбиелеу.  Осы орайда, жаһандану заманында жастарға этномәдени білім мен тәрбие берудің, оларды ұлттық құндылықтар мен этномәдени дәстүрлер тұрғысынан қалыптастырудың маңызы зор екенін түсінуіміз керек. Әрине, дамыған елдерге ұқсағымыз келеді, бірақ «жақсысынан үйреніп, жаманынан жиренетін» тұстарын да ұмытпауымыз керек. Ұлтымыз жаһандану заманында жұтылып кетпеу үшін, ұлт болып қалуы үшін қазақ өз болмысынан ажырамауы керек.

Батыр бабамыз Бауыржан Момышұлы бір сөзінде: «Біріншіден, бесік жырын айтатын келіндердің азайып бара жатқанынан қорқамын, екіншіден, немерелеріне ертегі айтып бере алмайтын әжелердің көбейіп бара жатқанынан қорқамын, үшіншіден, дәстүрді сыйламайтын балалардың өсіп келе жатқанынан қорқамын. Өйткені бесік жырын естіп, ертегі тыңдап, дәстүрді бойына сіңіріп өспеген баланың көкірек көзі көр бола ма деп қорқамын…» деген екен. Осындай рухани көкірек көзі көр ұрпақ болмауы үшін, көпті көрген ата-әженің өнегелі тәрбиесінің мәні зор.

Қазақ – басынан қандай нәубет өтсе де, заман болса да ұрпағына ұлағатты тәрбие бере алған халық. Ұлағатты, өнегелі ұрпақ тәрбиелеген ұлт. Қашанда елдің ынтымағы мен тұтастығын, бірлігі мен елдікті тереңнен ойлаған абыздар ұлттың ұйытқысы болған. Қазіргі заманда да мұндай қазына қарияларымыз баршылық.

Президентіміздің айтып отырған ақсақалдар институтын жаңғыртып, беделін көтеру – өте дұрыс шешім. Ақсақалдар кеңесі – ұлтымызға тән институт. Өйткені ата-бабаларымыздың заманында да осындай кеңестер құрылып, ақсақалдар қазақ қоғамындағы кейбір мәселелерді реттеп отырған. Тіпті Қазақ хандығы кезеңінде хандар мен батырлар ақсақалдармен ақылдасып, пікірлескенін тарихтан білеміз. Яғни, қоғамдық мәселелерді шешуде ақсақалдар кеңесінің рөлі күшті болған десек қателеспейміз.

Өз ойымды қоса кеткім келеді. Біріншіден, «Ақсақалдар кеңесінің» құрамында ақсақалды аталарымызбен қатар ақ жаулықты әжелеріміз де болғаны дұрыс. Әже өнегесі – ғасырлар бойы ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы құндылық, тәрбиенің қайнар көзі.

Екіншіден, «Қартын қазынаға теңеген», «Қарияларын құрметтеген ел азбайды» деген терең ұстанымдағы қазақтың «Ақсақалдар кеңесі» Ассамблеяның емес, Президенттің жанында болуы керек. Президенттің жанында «Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия», «Ұлттық құрылтай» бар екенін білеміз, «Ақсақалдар кеңесінің» осы кеңестерден қай жері кем, тіпті, қазақы ұғыммен ойласақ, оның абырой-беделі олардан жоғары тұру керек емес пе?!

Ұлтымыз қашанда ақсақалдықты ар мен намыстың туы етіп ұстап, «Қарияның сөзі – халықтың сөзі» деген. Осы ұлы дәстүрді жаңғырту, заман ағымына қарай өнегелік-тәрбиелік үрдіске айналдыру – халқымыздың игі мақсаттарының бірі болуы қажет.

Қазақ – қартына қарап бой түзейтін халық. Қартын ақыл дариясы, даналық қазынасы ретінде қадірлеген, одан үлгі алып, соларды өнеге көретін ұлт. Қариясын құрметтеп, қара шаңырақтың құты мен киесі деп ұққан халқымыз оларға қашанда төрден орын беріп, алдымен үлкендерге жол берген, батасын алуға тырысатын ел. «Ақсақалдар кеңесінің» беделі Ұлттық деңгейде болып, «Ұлттық құрылтайдан да», «Әйелдер комиссиясынан да» жоғары болып, аталмыш екі кеңес ақсақалдарымыз бен әжелеріміздің ақылына жүгініп, жұмыстарын жүргізгенде ғана, Мемлекет басшысы ойлағандай,  ұлт дәстүрі ұлықталып, «Ақсақалдар кеңесінің» жұмысы халықтың бірлігі мен ынтымағының сақталуы үшін қызмет етіп, ұлт идеологиясына, ұрпақ тәрбиесіне үлесін қоса алмақ.

Осыған дейін «ақсақалдар кеңесі, абыз ақсақалдарымыз» деп, бұрын «партия мен комсомолда болғанын» ұмыта алмай жүргендерді айтқанымыз, ешкімге өтірік емес. Оларды халық ақсақал деп ешқашан қабылдамады. Енді құрылатын «Ақсақалдар кеңесінің» құрамында ел арасына сый-құрметке ие, айтары бар,  қариялар болуы керек.

Құдайға шүкір, қазыналы ақсақалдар мен ақ жаулықты асыл аналар, еліміздің әр өңірінен табылады. Ұлағатты ұрпақ өсіріп, өнегелі ұл-қыз тәрбиелеп отырған дана қариялар да аз емес. Қазақ қоғамында ордалы ой айтып, ұтқыр байлам жасаған тек қаламгер, өнер қайраткерлері емес. Абыройлы, айтары бар, елінің құрметі мен қошаметіне бөленген осындай қарттарды қазақтың кез келген өңірінен кезіктіруге болады.

Жас ұрпағымыздың ата-баба жолынан таймай, үлкендердің үкілеген үмітін ақтауы үшін оларға өмір атты мектептің сатысынан өткен, көпті көрген, көргенін көкірегіне түйген ақсақалды аталарымыз бен ақ жаулықты әжелеріміздің ақыл-кеңесі өте қажет. Сонда ғана аға буын мен кіші буын арасындағы алтын көпір жалғанып, ұрпақаралық сабақтастық сақталып, қоғамдағы отыз жыл бойы «күресіп» келе жатсақ та,  азаймай отырған, көптеген мәселелердің түйіні шешілер еді.

«Ақсақалдар кеңесінің» құрамында ертеңгі ұрпағының қамын ойлаған, ұлт руханияты жолында әлі де аянбай қызмет етіп жүрген, көкірек көзі ояу, «елім, жерім, тілім, ұлтым» дейтін, адами қасиеті мен тұлғалық болмысы биік, дана қарияларымыз болуы керек деп топшылаймын.

 Тұрар СӘТТАРҚЫЗЫ, этнолог-тарихшы,

ҚР Журналистер одағының мүшесі

Пікірлер