Тек Зайытов қана. Депутаттардың дені Назарбаев - Лукашенко сөйлесуіне баға бере алмады

2195
Adyrna.kz Telegram

6 шілде, туған күні қарсаңында бірқатар мәртебесінен айрылған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Александр Лукашенкомен Қазақстан - Беларусь қатынасын талқылағанын депутаттар қалай бағалады?

Ресейдегі «Пригожин бүлігінен» кейін Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен Беларусьтің әзіргі президенті Александр Лукашенконың екі ел қатынасы және халықаралық мәселені талқылағаны хабарланған.

Бұл Лукашенконың Путин - Пригожин ортасындағы араағайындағынан кейін назарға ерекше шалдыққан. Соңынан Қазақстан Сыртқы істер министрлігі осы шамшылдықтың градусын төмендету үшін Қазақстан-Беларусь қарым-қатынасы тек Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Александр Лукашенконың арасында талқылануы мүмкін деген мәлімдеме жасауға мәжбүр болды.

Іс басында президенті тұрғанда зейнеттегі адамның екі елдің қарым-қатынасын талқылауын қоғам да едәуір сынаған. Осы сұрақты мәжіліс депутаттары – Еділ Жаңбыршин, Жигули Дайрабаев, Руслан Берденовке қойып едік.

Бір қызығы олар күмілжіп, «ескі достар ретінде сөйлескен шығар» деп нақты жауап бермеді. Тек Ерлан Саиров қана «Тоқаевтан басқа Қазақстанның ұстанымын Сыртқы істер министрі ғана айта алады» деп айтуға батылы жетті. Ал Ринат Заитов болса, әріптестерімен салыстырғанда өткірлеу ойын жеткізді.

Зейнеттегі Назарбаевтың Қазақстан мен Белорусияның қатынасын талқылауға қақысы бар ма?

Жоқ! Зейнеттегі адам жеке досы ретінде бұрынғы қатым-қатынас аясында әңгімелесе алады. Ал ресми зейнеттегі адам мемлекеттің көзқарасын немесе мемлекеттің бағытын ашық айтуға ешқандай қақысы жоқ.

Лукашенко бұған дейін Тоқаевқа тисе сөйлеген болатын. Беларусь басшысының Назарбаевқа хабарласуы президентті тұқыртқаны емес пе?

Білмеймін. Меніңше билікте ұзақ жыл отырған Лукашенко болсын, Назарбаев болсын, олардың көзқарасы басқа сияқты. Басқалармен салыстырғанда олар бірін-бір жақсы түсінуі мүмкін. Содан кейін сөйлесетін шығар. Егер кейбір елдің президенті тарапынан біздің елдің президентіне сын, реніш айтылып жатса, демек,біздің Президент біздің ұпайымызды жіберген жоқ деген сөз.

Экс-президент белсенділігін анда-санда көрсетіп қояды. Оның қайта билікке келуі, немесе билікке араласу ықтималдығын қалай бағалайсыз?

Қазақта «Көшкен адам жұртқа өкпешіл келеді» деген сөз бар. Әлі де болса бір нәрсеге әсер ете аламын деп ойлайтын шығар. Бірақ әр нәрсе өз уақытымен ғой.

Кейбір адамдар «Тоқаев асықпай шешім қабылдайды» деп жатады. Осы асықпай шешім қабылдаудың салдары ауыр болып жүрмей ме?

Бұл мәселенің екі ұшы бар. Келісіп істелген істе «әттеген-ай» аз болады. Екіншіден, президент баяу қозғалып отырған жоқ, орындаушылар өте баяу қозғалып отыр. Кез келген тапсырманы, бағдарламаны сиырқұйымшақтандырады. Сондықтан қазір «батыл қимылдаймыз» деп белден басамыз деудің өзі қауіпті. Өйткені әр кімнің көздеген ойы мен мақсаты бар. Оны да жоққа шығаруға болмайды. Белгілі бір топтарға жұмыс істеп отырған тұлғалар бар, олар бір жерден ши шығарып «Самаурыннан су ақты» десе «Самарқанды су алды» деп елдің ішіндегі бір тұтастыққа сызат түсіру үшін пайдалануы мүмкін. Әрине біздің ішімде де айтқымыз келетін көп нәрсе бар. Бірақ ойбаймен емес, жай-жаймен шешуге тырысып отырмыз.  

Серік Жолдасбай

«Адырна» ұлттық порталы

Пікірлер