30 жыл бұрын...
Алматыдан Нарынқолға шыққан жолаушылар автобусы Шелектің асханасына тұмсығын тірей тоқтады.
-Екі сағаттан кейін келемін,-деді шопырымыз, -Жақсылап тамақтанып, әжетханаға барып алыңдар! Жол алыс!
Оның айтқаны-заң! Отыз шақты жолаушы топырлап асханаға беттедік. Арамызда әскерден үйіне қайтып бара жатқан жас жігіт бар еді, сол кимелеп бірінші кіріп кетті. Елдің дәмін әбден сағынып-ақ қалған екен, алған тамағы сұмдық енді. Ұйғырдың лағманы, өзбектің палауы, қазақтың қуырдағы дегендей...Әйтеуір, тауысты. Тіпті салатқа дейін тықырлатып жеп қойды.
...Автобусымыз Көкпектің жазығына шыға бере солдаттан береке кетті. Әлсін-әлсін шопырға барып, құлағына сыбырлайды. Ол басын шайқайды. Байқұс бала бозарып, терлеп кетті. Түсіндім. Бағанағы жеген аста-төк тамақ енді асқазанды қинап жатыр. Обал-ай! Мына жазық дала біткен жерде орналасқан Ақсай ауылына дейін әлі қырық шақырым бар. Оған жеткенше...
Солдат ақыры шыдамады. Шопырды жеңінен жұлқып автобусты тоқтатты да жүгіре жөнелді. Отыз жолаушы қарап отырмыз. Жылдамын-ай, бір кезде кішкентай қара ноқатқа айналып, жоқ болды. Үлгерсе екен! Тілеуін тілеп, мына жақта біз қалдық...
30 жыл өткен соң...
...Тағы да сол Көкпектің жазығымен ызғытып келеміз. Ауылға, Нарынқолға бет алдық. Әрі-бері ағылған мәшине көп. Біразы туристер секілді. Мәшинелеріне үйшік тіркеп алғандардың қарасы тіпті мол. Велосипедпен кетіп бара жатқандарды да көрдік. Шетелдіктер екен!
-Мыналар Шарынға кетіп бара жатқандар!-деді рөлде отырған Бөтек досым, -Ары қарай Көлсайға да өтуі мүмкін. Шүкір, тәулсіздіктің арқасында мұны да көрдік.
Тәубешіл досымның сөзіне мен де қанаттанып қалдым. Мыналар құр бармайды ғой! Елге ақша түседі. Туризм!
Ақсайға кіре бере Бөтек кілт тоқтады.
-Бой жазып, әжетханаға барып алайық! Ары қарай Кегенге дейін тоқтамаймын!-деді ол баяғы шопырдың әңгімесін еске түсіріп. "Қойдан жуас" болып мәшинеден түсіп жатырмыз. Әжетхана жаққа кеткен Бөкем бір кезде келіп тұр.
-Сұмдық қой!-дейді ол күрсініп, -Мынадай тоғыз жолдың торабына отыз жылда бір дені дұрыс әжетхана салып қоюға болар еді ғой! Анау келе жатқан шетелдіктерден ұят болды-ау!
...Досым төмен қарады. Жүзінде жаңағы тәубенің ізі де қалмапты.Неге екенін менің есіме отыз жыл бұрынғы солдаттың оралғаны... Ен далада ішін ұстап жүгіріп барады...
Арман Сқабылұлы