Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы Адам Қадыров Шешен Республикасының тұңғыш президенті Ахмат-Хаджи Қадыровтың рухына арналған медальмен марапатталды. Бұл туралы елдің ұлттық саясат, сыртқы байланыстар, баспасөз және ақпарат министрі Ахмед Дудаев айтты, деп хабарлайды «Адырна» тілшісі.
«Шешен Республикасының басшысының көмекшісі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, қадірлі бауырым Адам Қадыровты «Шешен Республикасының тұңғыш президенті Ахмат-Хаджи Қадыровтың рухына» арналған медальмен марапатталуымен құттықтаймын. Бұл медаль — Ахмат-Хаджи Қадыровтың тарихи тұлғасына деген терең құрмет пен ілтипатты білдіреді. Ол – өмірін шешен халқының мүддесіне қызмет етуге арнаған жан», — делінген Дудаевтың жазбасында.
Оның айтуынша, марапат Адам Қадыровқа республиканың қауіпсіздігі, тұрақтылығы мен өркендеуін қамтамасыз етуге қосқан елеулі үлесі үшін берілген.
«Оның басшылығымен Шешен Республикасында сенімді даму мен әл-ауқатқа жағдай жасалып жатыр»,-деді Дудаев.
Сәуір айының басында Адам Қадыров Ресей ІІМ-нің Шешенстандағы басқармасын қадағалаушы куратор болып тағайындалды. Осыдан кейін ол Шешенстан ІІМ-нің ішкі қауіпсіздік бөлімінің жаңа басшысын таңдап, өзі батыр деп атаған бірнеше қызметкерге медаль табыстады. Кейін Шешенстан басшысы Рамзан Қадыровтың ұлы тағы бір жоғары қызметке ие болып, республиканың Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы атанды.
2023 жылдың қарашасында небәрі 15 жасында Адам Қадыров әкесінің қауіпсіздік қызметінің басшысы болды. Кейін ол Ресейдің рекордтар кітабына аймақ басшысының қауіпсіздік қызметін басқарған ең жас басшы ретінде енді.
18 жасқа дейін Адам Қадыров Шешенстанның ең жоғары марапатын — Қадыров орденін, «Шешенстанның Батыры» медалін, Қарашай-Шеркесия мен Кабардин-Балқария алдындағы еңбегі үшін ордендерді, Татарстанның маңыздылығы жағынан екінші марапаты саналатын «Дуслык» орденін, «Шешен Республикасының қорғаушысы» медалін және өзге де марапаттарды алып үлгерді.